taza-kaz

Музыка көмекке асығады



17.11.2023

Қайырымдылық – халқымыздың қанына сіңген игі қасиет. Оны жоғалтып алмау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – біздің басты борышымыз. Бүгінде ауданымызда «біреу – біреуге сүйеу» деген ұстанымды ұстанып, қайырлы істі жүзеге асырып жатқан жерлестеріміз жетерлік. Және олар нағыз адамгершіліктің үлгісін көрсетіп, көпке үлгі болып жүр.

Қазан айының 10-жұлдызында игі шараға мұрындық болып, көпке үлгі көрсеткен «Руханият» қосымша білім беру орталығы еді. Олар аудандық мәдениет үйінің үлкен залында ауыр дертпен күресіп жүрген  жерлесіміз Берікбол Әділмұратұлының еміне қолдау көрсету мақсатында «Мың алғыс» атты қайырымдылық концертін ұйымдастырды. Концертте өнер орталығының өнерпаздары өнер көрсетіп,  әуезді ән айтып, халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Игі шара туралы өнер орталығы басшысының орынбасары Есіргепова Ақмарал Әзімбайқызы:

- Бұл қайырымдылық шарасын өткізу туралы ұсынысты орталық басшысы Гүлмира Шәкірбекқызы тастады. Барлығымыз ақылдаса келе бір ауыздан келістік те, санаулы күндерде ұйымдастырып жібердік. Шараны өткізудегі мақсатымыз - жерлесімізге қолымыздан келетін жәрдемімізді беру. Берікбол бауырымыздың балалары біздің орталықтың шәкірттері. Көз алдымызда жүрген отбасы ғой, қол ұшымызды созайық деп ниеттендік. Бұл шараның өтетінін отбасына концертке санаулы күндер қалғанда ғана хабарладық. Атсалысқан әрбір жанға сауаптан жазсын. Концерттен жалпы сомасы 465 мың теңге қаражат жиналды. Айта кетерлігі, қаражатты тек қана концертке келген көрермендер емес, сонымен қатар өнер орталығының ұстаздары, көрші ауылдардан ниет білдірген әріптестеріміз, сондай-ақ  шараға қатыспаған аудан тұрғындары да аударып жатты. Берікбол бауырымызға Алла шипасын беріп, көптің тілеуі қабыл болса екен деп тілейміз, - деді.

Айта кетейік, Берікбол Әділмұратұлы бүгінгі күні сегіз химиялық емдеуден өткен жан. Халық «көп түкірсе – көл» дейді, өнер орталығының қайырымды шарасының арқасында 465 мың теңге көлеміндегі сома жиналды, бұл қажет қаражаттың бір бөлігі.  Әлі де игі шаралар жалғасын тапса, жерлесімізге демеу болар едік. Жалпы еміне керек сома 10 млн теңге.

Абайдың он төртінші қара сөзіне жүгінетін болсақ, «Нағыз жүрек ісі рақымдылық, мейірбандылық және әр түрлі істе адам баласының бәрін өзіне тартып, бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді» демекші, қайырымдылық кешіне кең пейілділік танытып келген әр адамға алғысымыз шексіз.

 

А.Ерубаева

 

Д.Торжановтың суреттерінде: өнер көрсету сәттерінен көріністер.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?