taza-kaz

Қоян жылын қарсы алды



07.01.2023

Мейірімді жүрек пен ақ қардай таза көңіл иелері – бала бақшадағы және мектептегі  балалар Жаңа жыл мерекесін асыға күтеді. Жаңа жыл – ақ қардың жерге қалықтап құлап, ағаштардың басын ақ қырауға бояп, сан түрлі сурет салатын кезі. Барша бала қыс айында таудан шана, мұз айдынында конькимен сырғанап, жаңажылдық шыршаны айнала ән салып, Аяз ата мен Ақшақардан ғажайыптар күтеді.

30-желтоқсанда Петровка ауылының балаларға арналған шыршасына қонақ болып келуге шақыру алдық. Арнайы қонақ болып шақыру алғанымызға қуанып, аталған уақыт жақындағанда шырша орналасқан жерге барып, сол жерде жиналған үлкендер мен балалардың тобына қосылдық. Байқағанымыз, ауылдың үлкен тұрғындары осы жерге балалық шағын, ертегілер әлемінің ғажайыптарын сағынып, жиналған екен. Зейнет жасындағы адамдар болса да, көздерін шыршадан алмай, мың құбыла жарқыраған  ойыншықтарына қарап, өз балалықтарын естеріне түсіруде. Тау болып қардан жасалған  сырғанақтан зырылдаған күндері көз алдарынан кинофильмдей тізбектеліп, еріксіз жымияды.

Шырша маңынан көңілді әуен еседі. Балалар қуыспақ ойнап, мәз-мейрам. Осы мейрамға қаладан жаңажылдық ертегі кейіпкерлері – Аяз Ата, Ақшақар, Қар адамы келе жатыр асығып. Олар келгенше мерекеге жиналғандар өздерін қыздырып, жүгіріп, қарда аунап, шаналарымен бауырларын зырылдатып тепкізіп жүр. Қыс деген – шынымен ғажап мезгіл. Көздерінде оты жанып тұрған, беттері алмадай қызарған, үлкендерден сыйлық күтіп жүрген балалардың асыр салғандарына қарап тұрып, өз балалық шағымыз есімізге түсті. Тек ол шақтың қайтып келмейтіні өкінішті.

Сонымен, көптен күткен сәт келіп жетті. Жолда келе жатқан кейіпкерлер шараға аман-есен жетіп, өз міндеттеріне кірісіп кетті.

Ақшақар өзін таныстырды алдымен:

Сүйсіндірер маңайды,

Ақшақармын арайлы.

Жалт-жұлт еткен жүзімнен,

Күміс сәуле тарайды.

Ақшақармын, аппақпын,

Қалай тыныш жатпақпын.

Менсіз қыстың сәні жоқ,

Әнмін, жырмын, тақпақпын, - деп мерекенің көңілді өтуіне жанын салды. Балаларды қол ұстастырып, шыршаны айналдырды, шыршаны айнала ойын ұйымдастырды, ән айтқызды, сұрақтар қойып, жауаптар алды. Бір қызығы – балалар мүдірмей барлық сұрақтарға жауап берді.

Ең алдымен жас өркенге, ата-аналарға ақжарма құттықтау тілегін ауылдың әкімі Талғат Ахметұлы Елубаев арнады. Балаларға денсаулық, оқуларында жетістік, ата-аналарына балаларының қызығын көруді, әлемнің барлық жақсылықтары мен ғажайыптарын тіледі. Жиырма төрт сағаттың ішінде тілектің орындалар бір сәті болатынын білетінбіз, ауыл басшысының осы бір тамаша тілегін періштелер «әумин» деп жүзеге асырсын деп тіледік біз де ішімізден.  

Әрбір жаңа жылда бала бір жасқа есейеді. Ақылы толысып, білім алуға қадам басады. Мектебінде қатарының алды болуға тырысады. Өскен соң елінің жанашыр азаматына айналады.

Бұл күні шыршаны айнала жүрген балалардың барлығы үлкен өмірге жүрегіндегі ертегімен бірге аттанады. Достыққа адал, үлкенге мейірімді, оқуында алда, қатарластарының жанашыры, қолдаушысы болып әрбір сәтін пайдалы, мағыналы қылып өткізетін азаматтар болады. Себебі, балалар ертегіге сенеді, сол ертегіні өміріне серік етіп, бірге алып жүреді.

Қоян жылы табыс жылы, береке-бірлік, тарихи жыл болсын бәріміз үшін.

Қ.Ахметова

 

Д.Торжановтың суреттерінде: түрлі-түсті шыршаның көңілді сәттері.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?