
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Хантас жеріндегі демалыс
06.08.2022
70 жыл бірге тіршілік кешкен он бес одақтас республика өз алдына жеке бөлініп, біздің еліміз де егемендігін алып, ауылдар мен шаруашылықтар тарап, адамдар не істерлерін білмей қалған кездер әлі де есімізде. Өмірімізге нарықтық қатынас енді. Әрбір адам күнкөрісін қалай көруі керек екендігін өзі ойлана бастады. Міне, осы кезден бастап кәсіпкерлер пайда болды.
Дәурен Қабиденұлы Серкебаев осы Үміткер ауылының тумасы. Ол кезде 20 жастағы жігіт. Ақша табудың амалын қарастырып, алғашқылардың бірі болып кәсіпкерлікті бастады. Ең алғашқы рет, 1995 жылы оқу бітіріп келгенде Үміткер ауылындағы мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрады, алайда жалақы берілмеген соң шығып кетіп, өз кәсібін ашады. Қасқа атын жегіп, 27 жыл бұрын ат арбамен жол бойындағы бұлаққа барып, бал қымызы мен қолдан пісірілген ұннан жасалған тағамдарын жолаушыларға ұсынған екен. Сапар шегіп келе жатқан жолаушылар көңілге қонымды бағамен ұсынылған тағамдарды сатып алып, отбасына кіріс кірген.
Көп ұзамай ат арбаны тастап, «Урал» мотоциклін, одан соң екі жылдан соң «Таврия» автокөлігін алады. 1999 жылы ауылдан үлкен үй сатып алады. Басқа да көліктер алады. Осы бизнестің табысын көріп, мектепке шақырған кезде бармағанын айтады. Апайы Жамкен осы күннен бастап күні бүгінге дейін Дәуреннің көмекшісі болып, сатылымға шығарылатын тағамдарды пісіріп береді екен.
Бүгінгі күні Дәурен Қабиденұлы отбасымен бірге ауылдан Баянауылға шығатын жердің үшінші шақырымында орналасқан. Жайдары жаз шыға салысымен, ол өзінің үйреншікті жұмысын бастап кетеді. Төрт айдың ішінде барынша жақсы жұмыс атқарып, қысқыға дайындығын жасап алатынын айтады. Дәурен 2019 жылы осы жерді таңдап, достарымен ғимарат салып алады. Қолында капиталы болған соң Қарағандыдағы студент баласына Оңтүстік-Шығыстан бір бөлмелі үй сатып алады. «Хантас» деп аталатын жерде балалар ойнайтын алаңдар ашып, республика бойынша ерекше дәретхана салып, субұрқақ ағызып қойған жағдайы бар. Сусыз жерден субұрқақ ағызып, адамдардың алғысына ие болып жүрген кәсіпкер жігіттің әңгімесін қызыға тыңдадық.
Былтырғы жылы өзінің биелерін сауып, келушілерге ұсынғанын айтады. Бірақ адамдар келіп жатқанда бие сауып жүрген киіммен қызмет ету ыңғайсыз екенін сезініп, биыл саууды қойыпты. Алайда, үлкен ауылдан мұндай жұмысты атқаратын бір адам табылмай отырғанын айтады. Ауыз су бұл жерге ауылдан тасылып отырады. Су тарту ісі оңымен басталған екен, алдыда скважинаны қазылып қойылған 30 метр жерден әрі қарай қазу жоспарда тұрғанын айтады кәсіпкер.
Хантас аталатын осы жерден Қарағанды-Баянауыл, Қарағанды-Жасыбай, Меридиан, Пангея, Изи тур, Хангал тур атты туристік фирма автокөліктері, жеке адамдар өтеді. Дәурен мен жұбайы Гүлназ, Жамкен апай келушілерді жылы қабақпен қарсы алып, жылдам қызмет көрсетуге асығады. Бұл жерде ыдысқа құйылатын ыстық тағам сатылмайды, жолаушы үшін ыңғайлы, даналап жасалған тағамдар – бәліштер, манты дайындалады. Ойын баласы алаңға барып, әткеншекке тербеліп, бір жасап, бойын жазып қалады. Ата-аналары самаурынмен қайнатылған ыстық шай, қымыз ішіп, бір жасайды.
Біз осы жерде болғанда Қарағанды қаласынан Жасыбайға демалуға бара жатқан, Мағфратовтар отбасы киіз үйдің ішіне келіп, тамақтанып, демалып отырды.
- Бала-шағамен жолға шыққанда, әсіресе балалар жолдан шаршап кетеді, сондықтан оларды бір мезгіл көліктен түсіріп, бойларын жазып алғанды жөн көреміз. Хантас деген керемет атауы бар жерде балалар үшін ойын алаңы орнатылып қойылған, қарны ашқан адамға арналған даналап сатылатын тағамдары, қымызы, шайы, түрлі сусындары бар. Ата-ана да, балалар да осы жерде саф ауамен кеудесін кере демалып, шаттанып қалады. Алдағы жылы да Жасыбайға барып, балалармен бірге демаламыз деген жоспарымыз бар, -дейді осы әулеттің ақ әжесі.
Қарағанды қаласына қайтып бара жатқан тағы бір ана балаларымен –Әсетова Майгүлді әңгімеге тартқан болатынбыз.
- Бұл жердің ауасы таза, жан сарайыңды ашады, самаурында қайнаған шайы тәтті. Бұл жігіттің отбасымен бірге атқарып жатқан еңбегі жемісті болсын, еңбегі жанып, отбасына табыс көп түссін. Біз секілді жолаушылардың алғысын ала берсін, - дейді.
Ал Дәурен кәсіпкердің апайы Жамкен тәте аузын ашса жүрегі көрінетін жан болып шықты. Барша қазақ елі бастарынан өткізген қиын жылдар туралы айтып, бауырының осы кәсібін ашқанда көп жылғы балалар босандыратын акушер болып қызмет атқарған жұмысы жабылғанын, сондықтан жұмыссыз отырғанын, өзінің бәліш пісіріп, бауыры оны алып, атарбасын жегіп, бұлаққа баратынын, қымыз бен бәлішін саудалап, тап-тамаша табыс тапқанын айтады. Өзінің күні бүгінге дейін бауырына қолқабыс ететінін, ауылдан ұзап шықса, үйге қайтуға асығатынын айтады.
Дәуреннің тілі жатық, әңгіме айтқанда адамды ұйытып алады. Жер туралы заңнаманы жатқа біледі десе де болады. Сапарда жүрген адамдар аялдайтын осы жер телімін қалай атына түсіргенін, жер астынан су шығару үшін осы уақытта отыз метр жерді қазып қойғанын, болашақта судың мол көлемін шығарып, жаңа идеяларын жүзеге асыруға тырысатынын әңгімеге өзек етті. Өзінің бір жылдары «Ауданның үздік оқырманы» болғанын айтады.
Көктем келіп, күн жылына бастаған жұмысы қыркүйек айында жабылған соң, Дәурен Қабиденұлы ауылына қайтады отбасымен бірге. Ауылда да ол қол қусырып, қарап отырмайды, моншасын жағады, дүкенінде ауылдастарының сұранысына ие тауарларды саудаға шығарады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген тіркестер осы жігіт туралы айтылғандай.
Бір жігіттер бар, істейтін жұмыс жоқ, табылып жатса, істер едім дейді. Ал Дәурен Қабиденұлы жан-жағына қарап, халықтың сұранысын назарға алып, өзіне өзі жұмыс тауып алады. Адамның күні адаммен байланысты, бүгін бір адамның қажетін Дәурен ашып жатса, ертең ол адам қайтарымын жасап жатады. Бір жұмысы шығып жатса ағалары Серік, Сырымбет, достары келіп, көмек қолын ұсынатынын айтады.
Адам жұмыс істеймін десе, елімізде кәсіптің түрі көп. Шаш ал, құрылыс заттарын жаса, монша сал, мал өсір, егін ек – екі қолын бос қойған адамға әрине, себеп те, сылтау да көп. Ал Дәуреннің басы жаңа идеяларға толы, кейбір идеяларын бізге айтпады, әрине, біз оған ренжіген жоқпыз. Орындалатыны да, жүзеге аспайтыны да бар дегендей, азамат болған соң арық айтып, семіз шығуды жөн көргені ғой деп ойладық.
«Кәсіпкерлік – жаңашыл іс, шаруашылық жүргізудің әдісі және өз бетімен жұмыс істеуге негізделген экономикалық ойлаудың ерекше үлгісі» делінген арнайы әдебиетте. Бала кезінен еңбек етуге үйренген адамға басқа адамдармен жұмыс жақсы сезімдер әкеледі, адамдармен араласу ғажайып сәттер сыйлайды, ол өзінің әрбір күні, сағаты мен минутын адамдарға қуанышты сәттер сыйлауға арнайды, сол үшін уақытын бағалап, тынымсыз еңбек етеді. Бұндай адамдар атқарған еңбегінде әрқашан жетістіккке жетеді.
Бір аңғарғанымыз, Дәурен жан жары Гүлназдың еңбегін жоғары бағалайды.
- Зайыбым Гүлназдың осы кәсіпкерлік еңбегімізде алатын орны жоғары, менің тарапымнан жиырма пайыз белсенділік болса, жан жарымның үлесі сексен пайыз, менің осындай нәтижеге жетіп отырғанымда отанасының еңбегі орасан зор, - деп ағынан жарылды.
Апайы Жамкен інісі мен келініне қанатымен су сепкен қарлығаштай болып, барынша көмек қолын ұсынып жүр. 25 жылын аналардың аман-есен өмірге бала әкелуіне көмектесіп, талай әженің ақ батасын алған жан екен. Көзге көрінбейтін туысқандық нәзік жіптердің бір-бірімен үйлесімді жалғануы адамдардың еңбекте үлкен жетістіктерге жеткізетініне осы сапарымызда тағы да бір көзіміз жетті.
Бір-біріне көмекші, ақылшы, қызметші болып жүрген жандардың әрбір күнгі ісіне көзіңіз қуанады, жүрегіңіз сүйсінеді. Жұмылып, бір мақсатқа еңбек етіп жүрген осы отбасынан басқа жастар да үлгі алсын деген оймен осы мақаланы жазып отырмыз. Береке мен бірлік, молшылық қоныстанған жерден жақсы көңіл-күймен аттандық. Істеріңізге сәттілік тілейміз!
Қ.Ахметова
Д.Торжановтың суреттерінде: кәсіпкердің жұмыс күніндегі сәттері.