Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха- Тағы
Сапалы қымыз – лайықты жеңіс
17.07.2026
Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромында ұлттық мәдениет пен қазақтың дәстүрлі тағамдарын дәріптеуге арналған «BaiQymyz-2026» халықаралық гастрофестивалі өтті.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қымыз өндірушілер, қолөнершілер, спортшылар, өнер ұжымдары, шетелдік қонақтар және мыңдаған көрерменнің басын қосқан айтулы шара қымызды насихаттайтын қарапайым фестиваль ғана емес, халқымыздың бай мәдени мұрасын кеңінен танытқан ауқымды мәдени-туристік жобаға айналды.
Фестиваль аясында қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық тағамдары, қолөнері, ат спорты және шығармашылық индустриялары бір алаңда тоғысып, ұлттық құндылықтардың заманауи үлгіде дәріптелуіне жол ашты.
Биыл екінші рет ұйымдастырылған «BaiQymyz-2026» халықаралық гастрофестивалінің Халықаралық жылқы күнімен тұспа-тұс өтуі де шараның мәні мен маңызын арттыра түсті. Бұл ұлттық сусынның ғана емес, қазақтың жылқы мәдениеті мен көшпелі өркениетінің де әлемге кеңінен насихатталуына зор мүмкіндік сыйлады.
Екі күнге созылған ауқымды шара барысында еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресей Федерациясынан келген 59 қымыз өндіруші өз өнімдерін таныстырып, қонақтарға 56 тонна қымыз ұсынып, КИнЭС рекордын жаңартты. Сонымен қатар фестиваль аясында ұйымдастырылған «Ең үздік қымыз» байқауында үздіктер анықталды.
Биылғы халықаралық гастрофестивальге ауданымыздан екі қатысушы қатысып, туған өлкенің мерейін үстем етті. Олардың бірі – Үштөбе ауылынан, екіншісі – Суықсу ауылынан келген қымыз өндірушілер.
Қуаныштысы, биыл да аудан қоржыны кезекті мәрте марапатпен толықты. Суықсу ауылының кәсіпкері Алтынбек Ермекбаев өзінің «Saba» брендімен ұсынылған өнімін жоғары деңгейде таныстырып, «Сапасы жоғары қымыз» номинациясының жеңімпазы атанды. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпазға 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сертификат табысталды.
Кәсіпкердің айтуынша, олардың отбасы қымыз өндірісімен көп жылдан бері айналысып келеді.
– Біз бие саууды 2010 жылдан бастадық. Алғашында әкемнің інісімен бірге жүріп, осы кәсіптің қыр-сырын үйрендім. Ол кісі бие сауса, мен көмектесіп, дайын қымызды қалаға апарып сататынмын. Біраз жыл өткен соң өзім жеке бие сауып, кәсібімді қолға алдым. Қазір бұл іске бүкіл отбасымыз жұмылған. Барлығы қолғабыс етеді. Бүгінде 30 бие сауамыз. Қарағанды қаласындағы «Global City» сауда орталығында өзіміздің тұрақты сату орнымыз бар.
Бұл – Астанадағы фестивальге екінші рет қатысуымыз. Биыл сондай-ақ Қарқаралыда өткен фестивальге де қатыстық. Шаралардың ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары. Осындай байқаулар ұлттық сусынның қадірін арттырып, қымыз өндірушілердің тәжірибе алмасуына үлкен мүмкіндік береді, –дейді Алтынбек Оспанұлы.
Кәсіпкердің айтуынша, мұндай халықаралық деңгейдегі фестивальдер ұлттық өнімді кеңінен насихаттап қана қоймай, ауыл кәсіпкерлерінің еңбегін бағалап, тәжірибе алмасуға және жаңа нарыққа жол ашуға зор мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұл – Бұқар жырау ауданының «BaiQymyz» халықаралық гастрофестиваліндегі кезекті жарқын жетістігі. Өткен жылы Үштөбе ауылынан қатысқан Исабековтер отбасы «Алтын күбі» номинациясының жеңімпазы атанып, 1 миллион теңге көлеміндегі жүлдені иеленген болатын.
Мұндай толағай табыстар ауданымызда ұлттық құндылықтарды ұлықтап, қымыз өндіру кәсібінің қарқынды дамып келе жатқанын айқын аңғартады. Ең бастысы – атадан балаға жалғасқан кәсіптің заман талабына сай дамып, ұлттық сусынның қадір-қасиетін кеңінен дәріптеуге үлес қосып отырғанының жарқын көрінісі.
Ұлттық брендке айналған қымыздың абыройын асқақтатып жүрген жерлестеріміздің жетістігі – ауданымыз үшін үлкен мақтаныш. Бұл жеңістер ауыл кәсіпкерлерінің табанды еңбегінің, ұлттық дәстүрге деген құрметінің және сапалы өнімге деген жауапкершілігінің нәтижесі.
Жерлестерімізді шын жүректен құттықтаймыз! Еңбектеріңіз еселеніп, кәсіптеріңіз өркендей берсін! Ұлттық құндылықтарды ұлықтау жолындағы игі істеріңізге толағай табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілейміз. Жаңа белестерді бағындырып, қазақтың қасиетті қымызының даңқын әлемге таныта беріңіздер.
Б.Жакешова





