taza-kaz

Береке мен бірліктің шаңырағында


28.05.2026

Мал шаруашылығы – қазақ халқының дәстүрлі кәсібі, ата-бабадан мұра болып қалған тіршілік көзі. Бұл салада отбасының орны ерекше. Мал шаруашылығымен айналысатын отбасы еңбек пен жауапкершіліктің, бірліктің айқын үлгісі болып табылады.

 

Ауылдық жерде тұратын көптеген отбасылар үшін мал шаруашылығы – негізгі табыс көзі. Жуырда Ақбел ауылдық округіне қарасты Құрама ауылына іссапармен барған болатынбыз. Осы ауылда Алмас Қайырбеков деген азамат отбасымен тұрады. Әкелері Серік аға бақилық болған екен. Жұбайы Дидар екеуі аналары Макамаштың қолында екенін айтады. Сол кісіні күтіп, балаларын тәрбиелеп, ата-баба кәсібін жалғастырып, молшылықта өмір сүріп жатқан отбасы.

Отбасының иесі Алмас малды бағып-қағып, күтіп, жайылым жағдайын қадағаласа, келіншегі Дидар Болатқызы сүт өнімдерін өңдеп, қымыз, май, құрт сияқты тағамдарды дайындайды. Әдетте, отбасындағы балалар үлкендерге қолғабыс жасауға асығады. Осылайша, отбасының әр мүшесі ортақ іске өз үлесін қосуға тырысады. Келіншегі Дидар айтады:

-  Құрама ауылының тумасымын. Осы үйге көрші болып тұрдым. Келін болып түскеніме 21 жыл болды. Бес баланың анасымын. Екеуі студент, екеуі мектепте оқиды, біреуі кішкентай. Жаз бойы 20 сиыр, төрт бие сауамын. Май мен құрт жинап, қатқан құрт, сорпа құрт, ірімшік жасап, осы уақытқа дейін оларды сатып, бала-шағаның қамын жасаймыз. Отбасынан артылған өнімнің барлығын сатамын. Өзіміздің тұрақты тұтынушыларымыз бар. Жан-жақтан тапсырыс келеді, сол кісілерге көлік арқылы салып жібереміз. Үйге келіп те сатып алып кетеді.

Ауылдың өмірі өзімізге ұнайды. Ешқайда көшкіміз келмейді. Үлкен баламыз Жансерік Қарағанды жоғары мектебінде, Гүлстан Гуманитарлық колледжде оқиды. Ернұр 7-сыныпта, Бекнұр - 2-сыныпта, Заңғар бес жаста. Таңертең 4, 30-5-те тұрамыз. Жазда мал өріске ерте кетеді. Сондықтан сауып, ұқсатып, соңына жеткізгенше біршама уақыт болады, - дейді.

Үй иесі Алмас та, жұбайы Дидар да ақжарқын, ауыздарын ашса жүректері көрінетін жандар. Қуанышта да, қайғыда да бірге, еңбектерінің барлығын отбасына, ондағы адамдарға арнайды. Ауданымызға қарасты ауылдарда жұмыс бабымен көп жүргендіктен, көптеген ауылдарда сиыр да, бие де сауылмайтынын білеміз. Отбасы үшін еңбек етіп жүрген Дидар Болатқызына Алла күш берсін деген тілегімізді айттық.

Мал шаруашылығы отбасындағы ынтымақтастықты нығайтады. Бірге еңбек ету арқылы отбасы мүшелері бір-бірін жақсы түсініп, қиындықты да, жетістікті де бірге бөліседі. Бұл балаларды еңбекқорлыққа, төзімділікке және табиғатты құрметтеуге тәрбиелейді. Малға дұрыс қарау, оны күту – үлкен жауапкершілік. Ал бұл қасиеттер жас ұрпақтың бойында ерте қалыптасады.

Сонымен бірге, мал шаруашылығындағы отбасы ұлттық дәстүрдің сақталуына ықпал етеді. Төрт түлікті қадірлеу, малға байланысты ырым-тыйымдар мен салт-дәстүрлер ұрпақтан ұрпаққа отбасы арқылы беріледі. Бұл халықтың асыл мұрасын сақтаудың бір жолы.

Мал шаруашылығындағы отбасы – ауыл өмірінің тірегі. Олар ел экономикасына үлес қосып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды сақтап, келешек ұрпақты адал еңбекке баулиды. Сондықтан мұндай отбасылардың еңбегі әрдайым құрметке лайық

Бұл отбасы үшін мал - жай ғана күн көріс емес, ата-баба, әкелерінен қалған аманат. Әрбір төлі – ертеңгі күнге үміт, малы жайылған өріс – тарих. Осындай өмір салты арқылы ата-бабадан қалған салт-дәстүр, табиғатқа деген құрмет ұрпақтан ұрпаққа жалғасады.

Мал шаруашылығындағы Алмас Қайырбековтың отбасы – қазақ даласының тірі жүрегі, тынысын сақтап тұрған үнсіз шежіре іспеттес.

Ауылдың адамы әрқашан қонақжай, үйіне кісі келсе құрақ ұшып, төріне отырғызып, келген адаммен әңгіме дүкенін құрады. Бұл күні Мәкамаш анамен де біршама сұхбат құрдық. Ананың жылы жүрегінен, әңгімесінен бойымызға күш алдық.

Адамға өмірде ең қымбат – отбасы. Отбасында сүйіспеншілік, сыйластық, татулық, бауырмалдық болғанда  бірлік болады. Алмас Серікұлының отбасына береке, әр күніне мереке тілейміз!

Қ.Ахметова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?