taza-kaz

«Ауыл аманаты»: кәсіп бастағанға қолдау бар


10.04.2026

Табысты арттыруға серпін берген «Ауыл аманаты» жобасын аудан тұрғындары кеңінен пайдаланып, кәсіпкерлікке батыл қадам жасауда.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірімізде ауыл шаруашылығы саласы жүйелі түрде нығайып, қарқынды даму жолына түсті. Соның жарқын мысалдарының бірі – Тұзды ауылына қарасты Бірінші разрез елді мекенінде орналасқан «Сейтқасимов» жеке кәсіпкерлігі. Кәсіптің негізін қалаушы - Ерболат Ерланұлы Сейтқасимов.

Бағдарламаның тиімділігін нақты ісімен дәлелдеп отырған кәсіпкер жеңілдетілген несие алып, қолдағы 4 жылқысының санын 30 басқа дейін жеткізген. 2023 жылы мемлекеттік қолдау мүмкіндіктері жайлы естіп, кәсібін кеңейтуді мақсат еткен ол 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 7,5 млн теңге несие алып, 10 бие мен 10 жабағы сатып алады. Қазіргі таңда алынған малдың басым бөлігінен төл алып, шаруасын ілгерілетіп отыр. Кәсіпкердің айтуынша, бағдарламаның шарттары мен пайыздық мөлшерлемесі ауыл тұрғындары үшін өте қолайлы.

- Қазақтың ата кәсібі – мал шаруашылығы. Бұл бағытта кәсіп ашу бұрыннан жоспарымда болатын. Бұған дейін өз қаражатыма алған 4 жылқым бар еді. Әкемнің екі Т-25 тракторы бар. «Ауыл аманаты» арқылы мал басын көбейтіп, төл ала бастаған соң, жайылым және жем-шөп мәселесін шешу үшін жер алуға кірістім. Қазір кәсіпкерлігімнің қарамағында 36 гектар жер бар. Алдағы жоспарым - жер көлемін ұлғайтып, егін және көпжылдық шөп өсіруді қолға алу, - дейді кәсіпкер.

Ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту - ауыл экономикасының маңызды тіректерінің бірі. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде ата кәсіпке бет бұрған жастар саны артып келеді. Солардың қатарындағы жас кәсіпкер бүгінде мал басын көбейтіп, ауылдастарға үлгі боларлық нәтижеге жетіп отыр. Қазіргі таңда ол жаз мезгілінде бие байлап, қымыз өндіруді де жолға қойған.

Қазақ «мал - баққанға бітеді» дейді. Ауыл тірлігінен қашпай, адал еңбекпен табыс табуға ұмтылған кәсіпкер отбасынан үлкен қолдау көріп отыр. Жақындарының демеуі оның әр бастамасына сенім мен серпін беруде.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындары үшін нақты мүмкіндіктерге жол ашып, еңбек еткен адамға береке әкелетін тиімді жоба екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Төрт түлігін түлетіп, туған жерінің дамуына үлес қосып жүрген мұндай еңбекқор азаматтардың тәжірибесі - ауыл кәсіпкерлігін дамытудың жарқын үлгісі.

Еңбекке сүйенген әр бастама өз жемісін береді. Туған жерінің дамуына үлес қосып, ата кәсіптің абыройын арттырып жүрген осындай азаматтардың табандылығы - ауылдың ертеңіне деген сенімін күшейтеді. Береке мен бірлік бар жерде алынбайтын асу жоқ, ал еңбекқор жандар барда ауылдың болашағы да нұрлы болмақ.

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?