taza-kaz

Өнегелі отбасы, үлгілі шаруа


17.11.2023

Ауыл шаруашылығы мемлекетті дамытатын сала. Алдымыздағы көл-көсір асымыздың барлығы жер анамыздан өндіріліп, қарапайым шаруаның маңдай терімен дастарханымызға жетеді. Сол себепті де қазақтың кіндігі саналатын ауылдан көшіп кетпей, мемлекетті өркендету жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген қарапайым шаруа қожалықтары жайлы талмай айтып, көпке таныстыру қажет.

Қарақұдық ауылының тұрғыны, жүрегі кең, қолы ашық кәсіпкер – Тойбек Амантайұлы Исабеков ауылдастарының мұң-мұқтажына, бастауларына қол ұшын беруге әзір жан. Ауылішілік шараларда әркез демеушілік танытатын кәсіпкер өз ортасына сыйлы азамат.

Қымызқұдық ауылында қарапайым шаруа отбасында 1963 жылы дүниеге келген Тойбек Амантайұлы жастайынан еңбекке жақын болып өседі. Бұл отбасыда дүние есігін ашқан 7 бүлдіршін әке жолымен, ана тәрбиесімен еліне сыйлы, халқына пайдасын тигізер азаматтар болып тәрбиеленіп шығады. Ата-анасы балаларын еңбекке баулып, өтірік сөйлемеуге, басқаның ала жібін атамауға, әділ, дұрыс жүруге баулиды. Ата-анасының ақ адал еңбегі ақталып, өнегелі тәрбиесі ұрпағын биіктерге жетелейді. Кейіпкеріміз жалындап тұрған шағында, 1994 жылы совхоздан бөлініп, өзінің жеке шаруашылығын ашады. Шаруашылығына «Атамекен» деген атау береді. Осы уақыттан бұл шаруашылық бүгінгі күнге дейін қызметін жалғастырып, алатын өнімімен мемлекетіміздің дамуына тамшыдай болсада өз септігін тигізіп келеді.

Бүгінде шаруашылық қарамағында 600 гектер жер бар. Оның 250-і егіндік болса, қалған 350 гектары шабындық жер. Биыл шаруа қожалығы 250 гектар жерге егін егіп, 5 центнер өнім алып отыр. Көл-көсір өнімі мол жер ананы баптап, баулитын кәсіпкер шаруа мәнін білетін маман.

- Дастарханымыздың сәні, ас атасы нан қарапайым ғана шаруа қожалығының қамбасынан шығады. Шаруаның еңбегі ерте көктемнен басталып, қыс есігімізге кірген уақытқа дейін қызу жалғасады. Қыста да ауыл халқы жай жатпайды. Бұл уақыт төрт түрілік төлдейтін кезең. Сонда жыл он екі ай тыным таппайтын шаруалардың еңбегі қалай еленеді, немен бағаланады?! Тынбай еңбектеніп алған өнімімен, өсіп-көбейген төрт-түлігімен шаруа қызметі бағаланады. Тер төккен адамға жер ана да жомарттық танытады. Адам еңбекпен шыңдалады емес пе?! Біз де бәрін бірден біліп кеткен жоқпыз. Қызметімізді атқара отырып үйрендік, білдік, көңілге тоқыдық. Кеше әкемізден, үлкендерімізден үйренген дүниені бүгін өз балаларымызға көрсетіп жатырмыз, - дейді Тойбек Исабеков.

Күз келе ауылдың тіршілігі қайнай түседі. Таңның атысы, кештің батысы техникадан түспей қызу еңбек жасайтын шаруашылық төрт түлігінің қыстап шығар орнын жайлауға қамданады. Төрт түлік демекші, «Атамекен» шаруа қожалығының қарамағында 30-ға жуық ірі қара, 10 шақты жылқысы, 30 шамасында ұсақ малы бар. Қолындағы азын-аулақ малын қаншама жылғы еңбегімнің ақысы, балаларым мен немерелерімінің несібесі деп бағалайтын Тойбек Исабеков ата кәсіпке балаларын баулуда. 34 жыл отасқан асыл жары Аякөз Исабековамен 3 ұлды дүниеге әкеліп, келін жұмсап, 3 немере әлпештеп отыр.

Балаларының ортасында бақытты ғұмыр кешіп отырған Тойбек ағамыз бен Аякөз апамыз немеренің бал тілін қызықтап, Алланың берген бағына шүкіршілік айтудан еш жалыққан емес. Алысқа қалықтатар қанаттары - 3 ұлы әр салада қызмет етіп отырса да, әкелеріне шаруашылық жұмысына көмек көрсетуден қашпайды.

Өнегелі тәрбиемен, үлгілі өмірмен жалғасып келе жатқан «Атамекен» шаруашылығы дами берсін.

 

Б.Жакешова

 

Суретте: Тойбек аға отбасы, немерелерімен.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?