taza-kaz

Майдангер, ұлағатты ұстаз Дүйсенбай Тұрғанбеков


29.05.2025

Бүгін біз әңгіме еткелі отырған Тұрғанбеков Дүйсенбай атамыз да сол бір алапат соғыстың от-жалынынан аман-есен елге оралып, туған жерді көркейтуге көп еңбек сіңірген болатын.

Атамыз Дүйсенбай Тұрғанбеков 1923 жылы Ворошилов ауданындағы, қазіргі Бұқар жырау ауданының Өткелсіз өзенінің бойында дүниеге келген. Үлгі мектебінің 7 жылдық сыныбын бітірген Дүйсенбай атамыз, 1940 жылы Қарағанды қаласындағы екі жылдық мұғалімдер институтына түсіп, 1-курсын бітіргенде Ұлы Отан соғысы басталады. Сол жылы Дүйсенбай ата Семізбұғы кентіне мұғалімдік жұмысқа жіберіледі. 1942 жылы әскерге алынып, Солтүстік-Батыс майданда батальон комсоргі болады. 1943 жылы ұрыста ауыр жараланып, госпитальда ұзақ емделеді. Батысқа қарай майданда әскери жолды жалғастыруға мүмкіндік болмады. Міне, әскери-дәрігерлік комиссияның шешімі.Үйге көңілсіз ойлармен қайтуға тура келіп, елге оралды. Ол қайтып келгенде, туған өлкесі Үлгіде де жағдай оңай емес еді. Ер азаматтардың барлығы майданда, егістік даласында тек қана әйелдер, қарттар, балалар ғана жұмыс істеп еңбек етті. Ауылшаруашылық техникасы, машиналар болған жоқ. Техниканың орнына жылқылар, бұқалар ойдағыдай пайдаланды. Тамақтанбай, ұйықтамай  күні-түні егіс даласында еңбек етті. Алайда шаршағандығына шағымданған жоқ. «Бәрі майданға, бәрі жеңіске» деген ұмтылыспен өмір сүрді. Үлгі жастарының қомсомол ұйымы он сегіз адамнан құралған. Ондағы жалғыз ер адам комсорг Дүйсенбай атамыз еді. Үлгі қомсомол жастарының басты мақсаты, жауды жеңу ісінде еңбектері орасан зор болды. Олар Кеңес Армиясының жауынгерлері үшін жылы киім жинайтын аудандық штабқа айтарлықтай көмек көрсетті, оны сол кезде бірінші хатшы Шағатай Қабжанова басқарған болатын.

Әр сағат сайын, күн сайын Үлгі жастарының қомсомол ұйымы шаруашылыққа әрдайым көмек көрсетті. Жаңбыр мен сазда, жел мен боран кезінде егіс даласында аянбай жұмыс істеді. Сол уақытта да болашақ туралы ойлады. Жиырмаға жуық бүлдіршіндерді жинаған Дүйсенбай Тұрғанбеков соғыстың алғашқы айларында тоқтап қалған мектепті ашты. 1946 жылы соғыстан мұғалімдер Сағынтай Диханбаев, Алпан Итжанов оралады. Оқушылар саны көбейіп, 7 жылдық мектеп ашылады.

Бұл балалардан экономика ғылымдарының кандидаты Ақан Дүйсембаев пен Алтын Жаңағұлов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының профессоры Қайыржан Арынов, техника ғылымдарының кандидаты Қайыргелді Омаров деген ғалымдар өсіп шықты. Үлгі мектебінде Дүйсенбай атамыз 1950 жылға дейін жұмыс істейді. 1950 жылдан 1954 жылға дейін аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. Аудандық оқу-ағарту жұмысының қалыптасуына көп еңбек етеді. Әсіресе, кішірек ауылдарда бастауыш мектептердің ашылуына көңіл бөледі. 1954 жылдан 1962 жылға дейін Үлгі орта мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болады. Осы жылдары жоғары білім алады. 1957 жылы Алматының Абай атындағы мұғалімдер институтына түседі.

Бұл уақытта институт директоры Мәлік Ғабдуллин екен. Директордың қабылдауында болған Дүйсенбай аға институттың үшінші курсына қабылданып, 1961 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік бітіреді. 1962 жылдан Үміткер орта мектебінде директор болады. 1965 жылдан 1978 жылға дейін Жаңақала сегізжылдық мектебінде директор болады. 1978 жылдан туған ауылы Үлгі сегізжылдық мектебінде директор болады. Соғысқа қатысқаны үшін, көптеген медаль, мақтау қағазымен марапатталған. Сондай-ақ, жоғары білімді педагог мектептегі педагогикалық ұжымды қалыптастыруға, мұғалімдердің әдістемелік шеберлігін арттыруға, мектептің оқу-материалдық базасын нығайтуға көп үлес қосқан. Білім саласындағы жетістіктері үшін көптеген марапатқа ие болады. Атамыз Дүйсенбай Тұрғанбеков – ҚазССР халық ағарту ісінің үздігі.

Қарағандының мұғалімдер институтында белгілі ақын Жаппар Өмірбеков, ғалымдар Дәкен Шалабеков, Бүркіт Ысқақовпен бірге оқыған. Жаппар Өмірбеков Дәкен Шалабеков туралы естелігінде Дүйсенбай атамыздың талантты, алғыр студент болғанын келтіріпті.

Дүйсенбай атамыз табиғатынан ақынжанды адам еді. Құрбы-құрдастарына, мереке-тойларға, табиғатқа, жаны жайсаң азаматтарға арнап өлеңдер жазған. Солардың бірін атап өтсек «Үлгі вальсі».  Өкінішке орай, сол көптеген қолжазбалары сақталмаған. Ауылда әлі де суырыпсалма (импровизация) өлеңдері толық болмаса да, кейбір шумақтары айтылып жүреді. Жаңақала сегізжылдық мектебінде өзінің қарамағындағы, өзімен қатарлас ақындар Қабыл Боранбаев, Рамазан Нәрешевпен өте тығыз қатынаста болған. Бірге істеген әріптестері, атамыздың сабақ жүргізу тәсілі өзгеше еді, көбінесе ақындардың өлеңін оқып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан талантты жас ақын Баубек Бұлқышев өлеңдерін жатқа айтатын, оның ерлігін, қазасын жырға қосушы еді деп еске алатын. Еліне адал қызмет еткен, көп оқып, ізденген, өмірі қиын уақыттарда болып, нелер қиыншылықтарды басынан өткерген Дүйсенбай атамыз қарапайым, өз ұлтын сүйген, ардақты азамат еді. Ол терең білімді, әдістемесі мықты ұстаз еді. Әдебиетке, поэзияға жақын, шәкірттерін шабыттандыра білетін. Адамгершілігі мол, сабырлы, көпшіл жан болатын. Қызметтестері мен шәкірттері оны ерекше құрмет тұтты. 1979 жылы 7 мамырда 56 жасында дүниеден озды. Өмірден  өткеніне биыл 46 жылдай болды. Артында өшпес із, шәкірт жүрегінде орны бар жарқын бейне қалды.

Айша әжеміз екеуі өмірге 8 ұрпақ әкеліп, оларға жоғары білім беріп,  қоғамымыздың саналы азаматтары етіп тәрбиеледі. Көпке үлгі бола білген отбасы ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты отбасы болды. Балаларынан 19 немере, 25 шөбере көріп, бақытты ата мен әже атанды.

Айша әжеміз отбасының берекесін сақтап, ерінің алаңсыз еңбек етуіне  жағдай туғызды. Қарттықтың мәртебесін көрген әже ұлдары мен келіндерінің, қызы мен күйеу баласының, немере-жиендерінің ортасында  бақытты ғұмыр кешіп, 2002 жылы 78 жасында дүниеден өтті.

Иә, Отанына адал еңбек еткен азаматтың есімін жаңғырту – ұрпақ парызы. Сондықтан,  баға жетпес елге деген қызметіне құрмет көрсету, рухына тағзым ету ұрпақтан-ұрпаққа жалғасты деген осы емес пе?!

 

Дәулет Сапаргелдіұлы

 Тұрғамбеков,

Дүйсенбай

Тұрғанбековтың немересі

 

Суреттерде: Д.Тұрғанбеков жұбайы Айшамен; әріптестерімен.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?