Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха- Тағы
Ақ әже – асыл қазына
8 мамырда ауданымыздың әкімі Ерлан Құсайын тыл ардагері Жазира Әпиеваның шаңырағына барып, ол кісінің кеудесіне «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» медалін тақты.
Жазира Әпиева Ділдақызы 1936 жылы өмірге келген. Тату-тәтті отбасында өсіп, ата-анасына сүйкімді бала болды. Анасының қолынан ұстап, жұмысына бірге барып, ол кісінің бар ауыртпалығын көзімен көрді. Қайран ана баласының жағдайын жасау үшін ауылдағы жұмыстардың бәрін атқарды.
Бүгінгі күні шаттанып, тыныштықта өмір сүріп жатқанымыз – сұрапыл жылдарда етігімен от кешкен ардагерлер мен оларға көмек қолын ұсынған осы үлкендеріміздің арқасы. Майдан мен тылдың бірлесе әрекет еткені біздерге осы жеңісті әкелді. Тылдағы еңбеккерлерсіз жеңіс те болмас еді деп айтуға болады. Бұл күндері тылдағы еңбек еткен адамдардың алды сексеннің сеңгірінен асып, тоқсан жасқа да жетіп қалды. Жас бала болса да, сұрапыл соғыс жылдарында бел жазбай еңбек етіп, қаншама қиындықтарды жеңе білген кешегі тыл ардагерлері балалары мен немерелерінің қамқорлығында отыр.
- Менің анам сиыр шаруашылығында еңбек етті. Ол жабылып қалған соң ауылда тауық шаруашылығы ашылды. Анам сол жерде аянбай жұмыс істеді. Сондықтан болар, бүкіл Ақжар «Тауық әже» деп атады. Бүкіл аудан әкемді «Май ата» деп атады. Ол кісі жанар-жағар май тасыды осы Кернейден. Осы екі адамның мен жалғыз қызымын. Екі ұл болыпты, біреуі мен туардың алдында, екіншісі мен бесікте жатқанда қайтыс болыпты. Шешем көмектесуге жарағанда мені шақыртады, бидай келді, түсіруге көмектес деп. Көп қиындық көрдік, біз көргенді жастар көрмесін. Қолымды жылы суға салып отырған Қайдарым мен Ира келінім ғой, - дейді ақ әже.
Оныншы сыныпты бітірген соң кітапханада жұмыс істеген қызы Жазираны әкесі қалада үй жоқ, қайда барасың деп жібермеген екен. Сол жұмысты істеп жүріп, тұрмысқа шығып кеттім ғой дейді. Онан соң Белағаш совхозының жинақ кассасында бақылаушы, Керней ауылындағы ауруханада 20 жыл шаруашылық меңгерушісі болып еңбек еткен екен. Сол жерден зейнет демалысына шығыпты.
Жан жары Сейілхан тракторшы болып еңбек еткен. 2015 жылы фәниден бақиға аттанады. Нәбида, Сағит, Қайдар, Әминаш, Әсет бастарынан бақытты балалық шақты кешіп, еліне пайдалы адамдар болып жетілді. Отбасын құрды. Әженің маңайында 16 немере мен 19 шөбере жүр. Олардың барлық қылықтары мен қызықтарына тоймай, әже мейірлене бастарынан сипап, иістерін иіскеп, әрбір күніне шүкіршілігін айтып, өмір сүруде.
Екі үлкен ұлы Мұрат пен Сағат еліне сыйлы азаматтар болып еңбек етіп, отбасыларын құрып, өмірден қайтып кетті. Бүгінде олардың істерін соңында қалған әулеттері жалғастыруда. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Исабаев былай дейді:
- Мен де 70-тен асып, өмірдің біраз қиындықтарын басымнан өткіздім. Баланың парызы – сіздерді өмір бойы бағып, қағу. Қазақ халқы бірін-бірі, кішісі үлкенді, үлкені кішісін сыйлаған. Сондықтан, осындай еліне еңбегін сіңірген адамдарды әрқашан құрмет етіп, әлпештеу керек демекпін. Сізге тілейтінім зор денсаулық. Жан жарыңыздың да еңбегі зор. Елімізде тыныштық болсын. Ұрпағымыз аман-есен өсе берсін. Сіздерге қарап үлгі алсын өскелең ұрпақ. Үлкен шаңырағыңызда отырсыз, аман болыңыз, ұрпағыңыз өсіп-өне берсін, дастарханыңыз тек қызыққа жайылсын, - деді.
Ауданымыздың әкімі Ерлан Бейсенбайұлы ананың кеудесіне «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» медалін тақты. Гүл шоғын сыйлап, отбасына тәттілер толтырылған қоржын мен бағалы сыйлық тапсырды.
Керней ауылдық округінің әкімі Ерхан Болатұлы да әжені мерекемен құттықтады.
Өңіріміздің басшысы ананың қолын жылы суға малып отырған балаларына үлкен адамды мәпелеп, күту үлкен сауап екенін, жәннат ананың аяғының астында екенін айтты.
Ата-бабаларымыздың Отанына деген сүйіспеншілігі, патриоттық сезімінің мықтылығы және тыл ардагерлерінің табанды еңбегі, маңдай терінің арқасында еліміз жеңіске жетіп, бүгінгі таңда бейбіт өмір сүріп отырмыз. Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл ардагерлерінің ұрпағы үшін жасаған ерлігі мен еңбегі үшін мың тағзым. Ананың жүріп өткен жолы - бүгінгі қоғамға үлгі-өнеге. «Мен бақыттымын» дейді ақ әже мақтанышпен.
Қ.Ахметова
Д.Торжановтың суреттерінде: Ж.Әпиеваны марапаттау сәтінен әсерлі көріністер.





