Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха- Тағы
Менің атам – майдангер
Ғасыр сырғып, жылдар жылжыған сайын өткеніңе үңіліп, ізденіске түседі екенсің. Бұған дейін біздің әулет не себепті толық тарихын, ата тегін, жеті атасын толық білмейді деген сұраққа үңіліп, жауап іздемеген екенмін. Жастық, балалық буымен елеусіз қалған адам өміріндегі осы бір ең маңызды сұрақтар өзің бір әулет болып, ұрпақ жалғаған сәтте еске түсіп, мазалайды. Кешегі ата-бабамыздың жүріп өткен жолынан хабары бар қарттарымыздың қатары сиреген сайын, біліп алар, жазып алар дүниелерді іздейміз. Осы ізденіс берген жауаптар ішінде менің атам Аңсар Қабирахмановтың өмір тарихы бар.
Ашаршылықтың азабын, жетімдіктің ащы дәмін татқан, соғыстың ызғарын кешкен атам Аңсар Қабирахмановтың өмір жолы өте ауыр өткен. 1923 жылы дүниеге келген атамыз Баянауыл өңірінің тумасы. Қарға тамырлы қазақты қырғыштай қырып, аман қалғанын бас сауғалатып жіберген, талай адамның тағдырында өшпес жара қалдырған ашаршылық жылдарында бас сауғалап кеткен отбасылар көп. Бірі діттеген жерге жетіп жатса, бірі жол бойында қырылып жатты.
Осы қатарда менің атамның отбасы болған екен. Олар ата-анасы, бауырларымен туыстарына, Үміткер ауылының жеріне келген екен деген деректер айтады білетіндер. Қайда барса да тоз-тоз болған халық. Еш жерде жақсы тұрмыс жоқ кезең. Осы Үміткер жерінде ата-ана, бауырларынан айырылған атамыз үкімет қарамағына өтіп, жетімдер үйіне тапсырылады. Жетімнің өмірі жеңіл болсын ба?! Ана сүті аузынан кеппеген шағында жетім қалған атамыздың қасіреті бұнымен аяқталмайды. Үміткер ауылында тұратын алыс туыстарының бірі оны жетімдер үйінен алып шығып, үйіне әкеледі. Біреудің баласы біреуге бала бола ма?! Сол үйдің туысы деп аталғанымен үй иесіне жағу үшін де барлық тірлікке араласып, қызметте жүреді. Әкеме бір естелігінде «сол үйдің балаларын арқама салып, мектепке таситынмын» деп айтқан екен.
Бала шақтан өтіп, бозбалалық кезеңде, 17 жасында Бүкілодақтық Лениндік коммунистік жастар одағының мүшесінің қатарына кіреді. 1940 жылы Қызыл армия қатарына алынып, әскери борышын өтеуге аттанады. 1943 жылы 1-қаңтарда майдан даласына жіберіледі. №79 жеке барлаушы взводының бөлім командирінің көмекшісі болған Аңсар Қабирахманов осы жылдың наурыз айында мемлекеттік награда «Батылдығы үшін» медалімен марапатталады. Мәскеу қаласындағы Ресей Қарулы Күштерінің Орталық мультимедиялық мұражайының берген деректеріне сүйенсек, 1943 жылы 5 ақпандағы шайқаста жаудың пулемет пен минометтен жауған оғына қарамастан «Мокрый Багай» арқалығына шабуыл жасаған кезде сержант Қабирахманов аға сержант Галкинмен бірге алға қарай жылдам жетіп, жаудың блиндажына бірінші болып кіреді. Аға сержант Галкинге көмектесіп, екі неміс солдатын өлтіріп, үшеуін тұтқындайды. Өз әрекетімен батальон жауынгерлерін жігерлендіріп, немістердің бекіністеріне еніп, басып алды. Неміс басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін сержант Қабирахманов мемлекеттік наградаға «Батылдығы үшін» медалін беруге лайықты деп танылады. Бұл деректерді бұған дейін білмей келдік. Осыдан бірнеше жыл бұрын келіні Ресей Қарулы Күштерінің Орталық мультимедиялық мұражайы жайлы естіп, хабарласып осы құнды мәліметтерді алды. Мұражай айтылған наградаларды растайтын «Марапаттау парағын» жібереді. Одан бөлек атамыз «І дәрежелі Отан соғысының» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», КСРО Қарулы Күштерінің 60, 70 жылдық медальдарымен марапатталған. Айтылғаны, сақталғаны осы, біз білмеген, айтылмай, елеусіз қалғаны да бар шығар?!
Қартайған шағында Аңсар атадан балалары, немерелері соғыстағы оқиғалары жайлы сұрағанда үнсіздікпен құтылатын көрінеді. Ашаршылық азабын, ата-ана, бауырларының өлімін, жетімдіктің ащы таяғын жеген, қан майданда адам жүйкесі шыдамайтын оқиғаларды өткерген ол естеліктермен бөліспеуді жөн көрген екен. Тек бір айтқаны майдан даласында ауыр жарақат алып, жаудың тұтқынына түскен. Босатылған соң Сталиннің бұйрығымен жер аударылған. Ол жақта қара жұмысшы қатарында болғандығы жайлы қағазы да болған екен.
Атамыз 1947 жылы елге оралып, Қ.Бабаев атындағы совхозда моторист болып қызмет етеді. 1953 жылы Қабирахманова Күлтаймен отау құрып, 5 перзенттің әкесі атанды. 1983 жылы зейнеткерлікке шығып, 1998 жылы 75 жасында қайтыс болады.
Ардақты да, аяулы әжеміз Қабирахманова Күлтай соғыс жылдары не бәрі жеті жаста болса да еңбекке ерте араласып, егін даласында өгізбен жыр жыртып, мал бағып қызмет қылған. Көп жыл совхозда сауыншы болып еңбек еткен тыл ардагері. Әжеміз 2019 жылы 85 жасында дүние салды. Біз бүгінде осы екі жаннан тараған бір қауым елге айналған ұрпағы атамыз бен әжемізді мақтан етеміз.
Жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қар кешіп өмірдің талай соқпағынан сүрінбей өткен ардақты атамыздың елі, жері үшін от кешіп, соғыстың қанға бөккен даласында көрсеткен қайсарлығы Ұлы Жеңіс күні ғана емес, өміріміздің әр сәтінде, әр минутында есімізде, санамызда жаңғырып тұрады. Бүкіл әлемге қисапсыз қайғы-қасіретін әкелген екінші дүниежүзілік соғысында Отан қорғау жолында от пен оқтың ортасында жанкешті күрес жүргізген әр ардагерді, майдан даласында жүрген жауынгердің жеңісін жақындату жолында қара шаңырақтың отын өшірмей, тылда тынымсыз еңбек еткен әр ата менің атам, менің апам, менің мақтанышым деп білемін.
Еліне, жеріне деген берік махаббатпен, ар-намысының тазалығымен сұрапыл соғысты, тылдағы ауыр еңбекті, соғыстан кейінгі халықтың экономикалық жағдайын көтеруде қызмет еткен ардагерлеріміз мерекеде ғана емес, әр күн, әр сәт сайын құрметке лайық жандар. Осы жандардың маңдайынан тамған әр тамшы тер, қолдарына кірген әр тікен, жүректеріне өшпес салынған жара біздің бүгінгі бейбіт, берекелі күніміз үшін жасалды. Таңымызды жарық, аспанымызды ашық, елімізді бейбіт еткен осы жарқын жүзді жандардың бейнесі мәңгі есімізде қалады.
Б.Жакешова




