taza-kaz

Денсаулығың – байлығың


16.12.2021

Желтоқсан айының 9-жұлдызында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Үміткер ауылында күрес залы салтанатты жағдайда ашылды.

Аталмыш шараға ауылдың жастары мен үлкендері, аудан орталығынан құрметті қонақтар – аудандық мәслихаттың хатшысы Асхат Әли, Бұқар жырау аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы О.Цыганков, аудандық балалар және жасөспірімдер мектебінің ұстаздары қатысты.

Еліміздің болашағы - дені сау жас ұрпақтың қолында. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген ұлағатты сөздер де бар халқымызда. Ауырған баланың білімін, қабілетін жан-жақты жетілдіруге шамасы болмайды, себебі ол ауруханадан дертіне шипа іздеп жүреді. Ал дені сау баланың ерік жігері күшті, ол білім алуда да үнемі ізденісте, спортта да алда, әрқашан да мақсатын орындау жолында болады.  

Барлық салтанатты шаралардағы секілді, бұл күні де ақжарма тілектер шалқыды. Күрес залының салтанатты ашылуы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып, қазақтың түйе палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының бейнесі салынған банерлермен безендірілген күрес залында өткізілді.

 “Алаштың баласы бұл жолы болмаса жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болады” - деп Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейхан айтып кеткендей, бодандықтың бұғауынан, қыспағынан құтылған қазақ халқы, азаттық ауасымен міне биыл 30 жыл еркін тыныстауда, - деген сөздермен бағдарлама ауыл клубының үйірме мүшесі, күміс көмей әнші Майра Ысқаққызының Роза Әлқожаның репертуарынан «Атамекен» әнінен бастау алды.

Ел тәуелсіздігін жариялаған 30 жыл ішінде дербес мемлекет ретінде әлемге танылған Қазақстан әлем назарында, өзінің шекарасын бекітіп, әлем халықтарымен бәсекелестігін арттырды, Елтаңбасын төріне іліп, көк байрағын желбіретіп, Әнұранын асқақтата шырқап, әділ Ата заңымызды қабылдап, 130-дан астам ұлт пен ұлыс кең пейілді, көңілі дархан даладай қазақ халқымен бірге, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп  жатқан, болашағынан үлкен үміт күттіретін, жері, халқы бай ел санатына қосылды.

Білім, ғылым, денсаулық, медицина, экономика, спорт салалары қарқынды дамуда, оған дәлел біздің ауылымыздан да табылады - шаруа қожалықтары мен жекеменшік қожалықтар қарқынды дамуда, ауыл клубы күрделі жөндеуден өтіп пайдалануға берілді, «Ақ бұлақ» бағдарламасымен ауылымызға су, елді мекенді цифрландыру бағдарламасымен мобильді байланыс пен ғаламтор тартылды, ауыл көшелері жарықтандырылды, салауатты өмір салтын іске асыру мақсатында ауыл саябағына дене шынықтыру тренажерлары орнатылды, ал бүгінгі күні болашақ олимпиада және әлем чемпиондарын дайындауға «Қазақша күрес» жаттықтыру орыны ашылуда, - деп толғанды шара жүргізушісі.

Құттықтау сөз ауылдың ардақты ақсақалы  Шәдетов Жеңіс Жұмашұлына және аудандық мәслихат хатшысы Асхат Әли Сағадиұлына берілді.                                        

Ауыл клубының үйірме мүшесі Жұмаділдин Алтынтөре «Біздің елдің жігіттері» әнін көкке шарықтатты. Ауыл имамы Залелов Сатан ақсақалдың батасынан кейін Сағынгүл апай тәттіден шашу шашты. Тағы да құттықтау сөздің кезегі күрес аламанының бас төрешісі Үмітбаев Абай Төлегенұлына берілді.

Осынау жарқын сәттерден соң күрес залында басқа ауылдардан сайысқа келген балалармен күрес аламаны өткізілді, соңында 40-қа жуық жеңімпаздарға медальдар мен грамоталар тапсырылды.

Біз Олег Цыганковпен бір сәт тілдескенде, ол бізге былай деді:

- Бұрнағы жылдары бұл ауылда қазақ күресі жақсы дамыған еді. Алайда, уақыт өте келе спорттың бұл түрі маңыздылығын жоғалтып, жабылып қалған болатын.  Енді міне, күрестің жанашырлары қайтадан зал ашып, спортқа жақын балаларды осы іске жұмылдырып, нұсқаушы алып, күресті жандандыруға бар күшін салып жатыр. Біз осы ауылдың спортшыларынан үлкен үміт күтеміз, - дейді.

«Дені саудың – жаны сау» деп халқымыз бекерден-бекер айтпаған. Осы ауылдың жас спортшыларынан үлкен жетістіктер күтеміз. 

Қ.Ахметова

 

Суретте: О.Цыганковтың балаларды марапаттау сәті.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?