taza-kaz

Тәуелсіздік құрдастарымен кездесу


16.12.2021

Тәуелсіздік күні қарсаңында аудан әкімі Сержан Аймақов аудан әкімдігінің мәжіліс залында тәуелсіздік жылы туған қыздар мен жігіттермен кездесті. 

Сол жылы өмірге келген бүлдіршіндер биылғы жылы отыз жасқа толып, мамандықтарын таңдап, әрбір салада жемісті еңбек еткен, өмірге ұрпақ әкеліп, алдымен отбасына, онан соң еліне қызмет етіп жүрген азаматтар мен азаматшалар.

Өңір басшысы салтанатты шараға келген олармен жылы амандықтан соң оларды Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық мерейлі күнімен құттықтады. Тәуелсіздігіміздің қасиеті, еліміздің сара жолға түсіп, қалыптасуы мен дамуы жөнінде, өткен қиындықтар мен қол жеткен жетістіктері жөнінде әңгіме өрбітті. Осының бәрі Елбасының соңынан ерген халқының ерен еңбегінің арқасында мүмкін болғанын, бұндай қолдаусыз бүгінгі Қазақстанды құра алмайтынымызды айтты.

Биылғы жыл бойына «Біздің ауданымыздың Тәуелсіздік құрдастары»  рубрикасымен біршама жұмыстар жасалған болатын. Ауданымыздың белсенді азаматы, оператор Жанұзақ Макишев түрлі елдімекендерге жұмыс сапарымен шығып, осы азаматтар мен азаматшалардың қызметі жайында тартымды бейнероликтер түсірген болатын. Осы көрсетілімдерді көптеген адамдар тамашалап, лүпілдер басып, жүрекке қуаныш сезімін сыйлайтын бір үлкен жұмыс атқарылды.

Міне, осы көрсетілімдердің кейіпкерлері әкімдіктің мәжіліс залына бір адамдай жиналып, тиісті орындарына жайғасты. Онан соң аудан әкімі сөз кезегін Центральный ауылының мәдениет басшысы Виталий Жауровқа берді.

- Қазіргі таңда бізге, жастарға өзінің білімін жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндіктер барына қуанамын. Осында жиналған барлық құрдастарымды айтулы мерекемен құттықтаймын. Дендеріңіз сау, еңбектеріңіз жемісті болсын деген тілегімді білдіремін, -деп толқыды.

Онан соң аудандық білім бөлімінің әдіскері Динара Туғанбаева мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы мектебі директорының орынбасары Сәтжан Майманов құрдастарына ақжарма тілектерін арнады.

Өңір басшысы ауданымызда жастар үшін жасалып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды. Оларға өз істерін ашу үшін гранттар бөлінетінін, жоғары оқу орындарын бітірген мамандар жұмыс орындарымен қамтылатынын, «Жастар практикасы» бағдарламасының жақсылығы туралы әңгіме өрбітті.

Болашақ алдындағы жауапкершілікті терең  түсінумен мемлекеттік саясаттың жүзеге асып жатқанына баса назар аударды.

Осы кездесуге келген барлық азаматтар мен азаматшаларды айтулы мерекемен құттықтап, алдағы істеріне сәттілік тілеп, алдарындағы шағын сыйлықты алуларын сұрады.

Жастарымыз – әрқашанда қоғамымыздың қозғаушы күші болған, бола да береді деп сенеміз. 

Қ.Ахметова

Д.Торжановтың суреті



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?