taza-kaz

Жаңа кітапхана - жаңа шабыт


15.07.2023

Шілде айының 5-жұлдызында, Астана күні қарсаңында Ботақара ауылдық мекенінде жаңа кітапхананың ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатына ауыл әкімі Қабкенов Жанат Зейноллаұлы, аудандық мәслихат депутаты Аманжолова Ольга Михайловна қатысты. Лента қию рәсімі Бұқар жырау аудандық кітапханаларды дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жұмкенова  Гүлайым Қабдуалиқызына және жергілікті өзін-өзі басқару төрағасы Шалабаева Роза Төрембекқызына табысталды.

Ашылу салтанатынан соң  ауыл үлкендері сөз сөйлеп, кең әрі жарық, іші қазынаға толы ғимаратты аралап, көзге ілінген көрнекі кітаптарды қолға алып сүйсініп жатты. Келген қонақтар шашу шашып, жылы лебіздерін білдірді. Балаларға арналған бөлмеде бүлдіршіндерді кітаптардан бұрын тәтті-дәмділер күтіп тұрды. Сондай-ақ келіп-кетіп жатқан тұрғындар мен қонақтарға мерекелік фуршет әзірленді.

Енді ауылдық кітапхана күрделі жөндеу жүргізілген, жарық әрі кең әкімшілік ғимаратының 2-қабатында орналасты. Ауыл тұғындары мен бүлдіршіндері мәз-мейрам. Ал ауылдық кітапхананың кітапханашысы Сахимова Бақыт Зинатоллақызының қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес:

- Ұзақ жылдар қызмет еткен кітапхана ғимараты өте тар еді. Бар кітаптарымды көрсете алмай, кітап қорымды аша алмай жүр едім және де жыл сайын кітап қоры өсіп келе жатты.  Шара өткізсем көп адам шақыра алмайтынмын. Содан былтырғы жылдың 1-қыркүйегінде Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жұмекенов Еркебұлан Қайроллаұлы және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Оспанов Айдар Әбкенұлы ауылдық клуб ғимаратын көруге келген еді, біз де сол ғимаратта отырғандықтан кітапхананы да көруін өтіндім.

Екі ұйымның бір ғимарат астында бір-біріне қолайсыздық тудырып отырғанын көрген басшылық ауылда бос жатқан немесе беруге мүмкіндік болуы мүмкін ғимарат бар ма деп сұрады. Сол кезде ауыл әкімдігі бұрынғы балабақша, қазір бірінші қабаты әкімдік болып тұрған ғимараттың екінші қабатының біраз жылдардан бері бос тұрғанын, бірақ күрделі жөндеуді қажет еткенін айтты.

Бірден сол ғимаратты көруге аттанған топ осы жерді кітапхана ғимараты етуге мүмкіндіктер қарастыратынын айтты. Қараша айында ғимаратты көруге аудан әкімінің орынбасары Шайкенова Әлия Елубайқызы келіп кетті.

Осылайша жаңа жылдың уақытында жобалық сметалық құжаттама жасалды.

Мәселе оңынан шешіліп, көріп тұрғаныңыздай бүгін кітапхананың ашылу салтанатын өткізу бұйырыпты.

Ауыл әкімі Жанат Зейноллаұлына да рахмет, ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізіп береміз деп уәде еткен еді, уәдесінде тұрып, 2 ай көлемінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп берді. Өте қуаныштымын. Жаңа кітапхана жаңа шығармашылық шабыт әкеледі екен. Бұл ғимаратта енді тек қана маңызды да мәнді шаралардың көп болатыны сөзсіз. Кітаптарым көбейіп, келер оқырмандарым көп болсын деп тілеймін, - дейді кітапханашы.

Ал жарық әрі кең ғимаратты аралап жүрген оқырмандар болса, «іші кең екен», «жап-жарық екен», «өлкетану бұрышын да ашыпты», «жаңаның аты жаңа ғой» деп жатыр.

Лента қию құрметі бұйырған Роза Шалабаева ауылдың көне көз қариясы мен ақыл сұрар ақылшысы да екен. Ол кісімен де сұхбат құрып үлгердік:

- Өте қуаныштымыз. Ауылымызда кішігірім той жасайтындай-ақ оқиға болып жатыр. Жұмыс істеп отырған жеріңнің жарық, кең, жылы болғаны жақсы ғой. Әсіресе халықпен, балалармен жұмыс жасайтын ғимарат. Неше күннен бері ауылдың әңгімесі жаңа кітапхана ғимараты жайында. Балалар да ерекше көп келіп жатыр екен. Біз енді ауылдың үлкені ретінде тек қана көркейіп, өркендеуін тілейміз ғой. Оқырмандары көп болсын. Ел үшін елеулі шаралар орын алып, халық рухани дами берсін, - дейді Роза апай.

Шамшырағы жарқыраған аралдай, оты өшпеген қара ошақтай, қараңғы түнде алдан жарқыраған жарық сәуледей жол нұсқайтын – кітапхана. Рухани тарихын, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын тануда кітаптың берер көмегі ұшан-теңіз. Ұстаздардың ұстазы Ыбырай Алтынсарин атамыз: «Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар» деген. Мұндағы шамы тұңғиық терең білім, ғылым болса керек. Осынау білім деген шамның жарқырай түсуі үшін кітаптың, сол кітаптың жинақталар жері – кітапхананың қашанда тұғыры биік болуы тиіс.

Өмірде бар нәрсе өзгереді, тек кітапхана халық қажетіне жарап, ғасырлар бойы жасамақ. Осы құндылығымыз ешқашан жоғалмай, келешек  ұрпақ асыл қазынамыздан нәр алып, сусындай берсін, кітаптың және осы кітаптың жинақталар жері – кітапхананың қашанда тұғыры биік болсын!

А.Ерубаева

Д.Торжановтың суреттерінде: лента қию рәсімі; салтанатты ашылу сәттерінің көріністері.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?