taza-kaz

Ахмет оқулары


13.05.2023

«Күніне бір өлең оқыған адам - ақын, айына бір өлең оқыған  адам -адам», - депті бір данышпан. Бәрімізге бірдей ақын болу міндет болмағанымен, адам болу - парыз. Жүректен шыққан сөз ғана жүректерге жетеді.

  Ахмет Байтұрсынұлы - бір басында сан салалы өнер тоғысқан телегей теңіз энциклопедиялық білім иесі, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері және қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі.

Қанша таяқ жесе де, сірә, қатты,

Халқының ол ұстазы-ұлағатты.

Өзімізден Ахаңды биік ұстап,

Қадірлейік намысты азаматты, - деп мектеп оқушылары арасында Ахмет шығармаларын насихаттау, олардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, сөз мәдениетін дамыту, жазушының рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, тарихи танымдарын қалыптастыру, дәріптеу мақсатында мектебімізде алғаш рет аудандық Ахмет оқулары өткізілді.

Байқаудың шымылдығын мектебіміздің басшысы Шұңғылов Абдрашит Зейнелұлы мен аудандық білім бөлімінің әдіскері Қанатбаева Мөлдір Төлегенқызы құттықтау сөз сөйлеп ашты.

Аудандық «Ахмет оқулары» үш бағыт бойынша өтті. «Балалар, оқуға бар, жатпа қарап...», «Сөздің ең ұлысы - тарих», «Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі».

Ахмет Байтұрсынұлы оқуларына аудан мектептерінен 25 мектеп келіп, 100-ге тарта оқушы қатысты.

Баланы – жастан. «Жастық шақта алынған білім – тасқа ойылған нақыш» дейді пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с). сол себепті қазір жас өскелең буынға Ахметті дәріптеу аса қажет. Бұл тек Ахмет өлеңдерін жатқа оқытып, бір жылда бір аудандық деңгейде Ахмет оқуларын өткізу емес, біз Ахметті жас жеткіншектердің өміріне енгізуіміз керек. Ахметтің тағылымын мысалдары арқылы сезіндіріп, еліктіріп, ойлы жасты тәрбиелеу міндетіміз. Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шараны дәстүрге айналдыру қажет.

Жыл керуені жылжыған сайын Ахмет Байтұрсынұлының артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырап, өркендей өсіп, айшықтала түсуде. Асыл сөздері келешек заманымызға да гауһардай жарқырап, көзі ашық көкіректерге нұр болып құйыла берері хақ.

Сондықтан оқудан, білімге ұмтылушылықтан, ізденуден жалықпайық!

Р.Исаинов.

«Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ЖББМ» КММ

тәрбие ісі жөніндегі

орынбасары



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?