taza-kaz

Өшпес мұра қалдырған ұлы ақын


21.04.2023

«Мағжанның туысқа деген сезімі мен сүйіспеншілігін, әсіресе балаға деген кішіпейілділігін, мейірімділігін ұмыта алмаймын» (Мағжан Жұмабаевтың немере інісі Ғаділша Қаһарманұлының естелігінен).

Иә, бала деген әлемдегі ең кіршіксіз таза, риясыз сенгіш, көңілдері ақ жаратылыс қой. Мағжан ақын соны біліп қана қоймай, сезіне білгені де немере інісінің естелігінен көрініп-ақ тұр. Халық арасында өмір  алма-кезек деген  сөз бар. Кезінде балаларды бауырына басып еміренген ағаларын бүгін балалар қауымы еске алды. Еске алып қана қоймай, сыршыл ақынның өлеңдерін жаттап, арнау шығарып, шығармашылығын насихаттау мақсатында ғылыми жобаларды да құрастырды.

Ал осынау ұлы шараның ұйытқысы болып отырған аудандық архив ұжымы мен аудандық Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы тірек мектебінің басшылары мен ұжым қызметкерлері. «Алаш қайраткері – Мағжан Жұмабаев» деп аталған әдеби кеш ақынның мол мұрасын насихаттап қана қоймай, ерен еңбегін ұмытпауға бағытталған.

Алдымен сахна төріне аудандық архивтің басшысы Шибаева Дана Ғұбайдоллақызы шығып «Алаш қайраткері – Мағжан Жұмабаев» атты баяндама жасады.

Одан әрі танымал өлкетанушы әрі ұстаз Шыныбектегі Қалиасқар Мықтыбайұлы Мағжан ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты ойын білдіріп, шын құрметтейтінін танытты, тіпті ақынның «Ақ келін» өлеңіне ән жазып, халық алдында орындап берді.

Мағжан Жұмабаевтың тарихи мұраларына рухани серпіліс беріп, жастардың арасында кеңінен насихаттап, оны заман  көшіне қарай ілестіру мақсатында 3 номинация бойынша сайыс ұйымдастырылды. 1-кезең «Өлең - менің Шолпаным, айым, күнім» (мәнерлеп оқу), 2-кезең «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» (мүшайра); 3-кезең: «Жасынан өлең оқып, өнер қуған» (ғылыми жоба).

40-қа жуық бала қатысқан сайыстың барысы қызық болды.

Сайысқа қатысушыларға әділ бағасын беріп, жіті бақылаған қазылар алқасында С.Торайғыров атындағы тірек мектебі  директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Сәрсенбай Амина ханым және Кулова Динара, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Шайкенова Әсел, архив басшысы Шибаева Дана және «Бұқар жырау жаршысы» газетінің тілшісі Ерубаева Айгүл болды.

Ортаға өнерлерін салып кішкентай балақайлардан үлкен сыныптың оқушыларына дейін атсалысты. Дәл осы көрініс шын қуантты.

Нәтижесіне 1-кезең бойынша 1-орынды Сапаргелдинова Тоғжан иеленсе, 2-орын Сағатова Аружанға бұйырды, ал 3-орынды Тұяқов Жәнібек қанжығасына байлады.

2-кезеңнің нәтижесі мынадай еді. 1-орын Мейірманов Нұрсұлтанға, 2-орын Алпысбай Дильназға, 3-орын Марат Мөлдірге берілді.

Соңғы бөлім ғылыми жоба нәтижесі бойынша үздік болып танылғандар 1-орын Қамидолла Санжар мен Сағатов Арсенге, 2-орын Бектасова Аяулым мен Қанаш Таңнұрға, 3-орын Амантай Аяжанға лайықты болды.

2 жарым сағатқа созылған әдеби кеш осылайша аяқталды. Жеңімпаздар марапат қағаздарымен және де бағалы сыйлықтармен марапатталды.  

Архив басшысы Шибаева Дана Ғұбайдоллақызымен сұхбат құрдық.

- Бүгінгі шара әрине ерекше, оның ерекшелігі айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Себебі қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы – Мағжан Жұмабаевқа арналған. Мағжан туралы сөз қозғаса, тоқтамастан сағаттар өткізуге болады. Біз ойымыз мен мақсатымызды осы шараға сыйғызуға тырыстық. Осы орайда бірлесіп өткізуге атсалысқан  мектеп басшысы мен ұжымына,  одан бөлек сыйлықтармен қамтамасыз еткен аудандық мәдениет бөліміне және жастар орталығына алғысымыз шексіз. Өзімізде бар сыйлықты азырқанып қолқа тастап едік, бірден келісті, - дейді Д.Шибаева.

Расында да, Мағжан Жұмабаевтың өмірі көпке үлгі етерлік. Мағжан ең алдымен сыршыл ақын. Мағжан не жазса, сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер бере алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз.

Мағжан Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасында дүниеге келген. Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы. Азан шақырып қойған аты – Әбілмағжан.

Атасы – Жұмабай қажы. Әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған. Бекен өжет, өте пысық еді. Қоянды базарына жиі қатынайтын. Сол ұзын жолда ыңылдап өлең шығарады екен. Отыздың бел ортасында елге билік айтуға қолы жетті, болыстыққа сайланды.

Анасының есімі – Гүлсім. Гүлсім – Қызылжарда тұратын Керей Әшірбек (Әшірбектің ағасы Құрманбайдан Мағжанның болашақ әйелі Зылиха туады) деген саудагердің қызы. Мағжан бойындағы серілік, ақындық қасиеттер әкеден болса, жүрегінің жұмсақтығы, нәзіктігі, жолдас, достыққа қалтқысыздығы, жұртқа қайырымдылығы осы шешесінен деседі.

Мағжан таудай талантымен қоса жан-жақты терең білімді, жоғары мәдениетті, адамгершілігі зор, жаны таза, биік арлы, өнегелі интеллигент болған. Ол адамзат баласына бірдей бауырмал - гуманист, нәсіліне қарап алаламайтын адал жүрек, ақ көңіл - интернационалист. Осындай қасиеттің бәрі түгел болмаса, Мағжан тарихта мәңгі-бақи қалатын үлкен ақын да болмас еді.

Мағжан - қазақ поэзиясының саздылығын, әуезділігін арттырған, соған көңіл бөле отырып, арғысы француз, бергісі орыс символистерінің өлеңдерінен дәстүр тапқан ақын. Европа ақындарының шығармашылығындағы мөлдір бұлақтан сусындай отырып, оны қазақ поэзиясының сұлулығымен үндестіре білген ақын.

Шығармашылықпен айналысқан алғашқы он жылда Мағжан ұлт-азаттықты поэзияда ең терең қозғаған ақын болды. 1929-1938 жылдар аралығында көркем туындылары тоқырауға түскен  қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі тек 1936 жылы ғана бостандыққа шығып, Қазақстанға қайтып оралады. Петропавл қаласында мұғалім болып жұмыс істейді. Алайда, оны қалалық оқу ісінің меңгерушісі саяси айыптап, қызметінен босатады. 1937 жылы Алматыға келіп аударма ісімен айналысқан Мағжан Жұмабаев 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді.

«Мен сенемін жастарға,

Алаш атын аспанға.

Шығарар олар бір таңда,

Мен жастарға сенемін!» - деген бабалардың асыл мұратын ту етіп көтеріп, замана ауанын қапысыз меңгеріп, алаш жұртының мақтан етерлік ұлағатты ұрпағы бола алсақ қана алаш қайраткерлерінің бізден күткен үмітінің ақталғаны деп білемін. Жас достарға айтарым, елі үшін еңбек етер, мұратқа талмай жетер, балғын бала шақтан нұрлы болашаққа жарқын қадам жасайтын егеменді ел ертеңі біздер екенімізді әрқашан жадымызда сақтайық.

Мақаламды академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың Мағжан туралы ойымен аяқтағым келіп отыр. Қазақ өлеңінің Абайдан кейінгі алыптарының, айтулы алтын діңгектерінің бірі ғана емес, бірегейі – Мағжан Жұмабаев.

А.Ерубаева

 

Д.Торжановтың суреттерінде: конкурс қатысушылары; көрмемен танысу; марапаттау сәттері.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?