
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Рухани жаңғыру
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Бұқар жырау – ел мен жердің шежіресі

Оқымыстылардың айтуы бойынша техника, ғылым көкжиегінде қазақтың тілінде биікке еркін самғау үшін 15 мың терминді жатқа біліп, әлемдік көркем әдебиет және дүниежүзілік жалпы тарихпен толық сусындау керек екен. Ұлттық тілдің бүкіл адамзатқа толыққанды қызмет атқаруына ғылымға тұғырланған стандарт қажет.
Бұқар жырауды кейбір зерттеушілер Демосфенмен теңейді. Сөз жоқ. Демосфен ғұлама философ, ойшыл. Бірақ дана тұлғасы Демосфеннен әлдеқайда жоғары. Демосфен және оның әріптестері қара сөздің шешендері. Ал Бұқар жырау болса поэзия дүлділі, шешендікті көсемдікке ұластырған жан. Ол өткенді саралап, бүгінгіні даралап, болашақты аралаған көріпкел. Қара сөзден поэзия пәрмені, көсемдік бір саты биік, екі есе көркемдік бояуы қаныққан.
Мәшһүр Жүсіптің төрт томдық «Мес» деп аталатын қолжазбасының бірінші томында Бұқар жырау туралы: «Абылай ханның заманында Төртуыл, Қаржас, Алтынторы Қалқаман батырдың баласы Бұқар жырау деген қария болған екен. Заманындағы сыншылар ол кісіні «Көмекей әулие» дейді екен. Көмекейі бүлкілдеп сөйлейді екен. Қара сөз жоқ, аузынан шыққан сөзінің бәрі жырлаумен шығады екен!» - дейді. Шежірені бұдан тереңірек таратсақ: Арғыннан - Қодан, одан - Дайырқожа (Ақжол), одан - Қара (Қарақожа), одан - Мейрамсопы, одан Сүйіндік, одан - Қаржас, одан - Алтынторы, Құлеке, Бегім. Атынторыдан - Мәмбетәлі, Жолымбет - Келімбет, Бегімбет, Артық. Жолымбеттен – Қойсары, Қалқаман, Рымбет, Назар. Қалқаманнан – Бұқар жырау. Бұқардың да үрім-бұтағы аз емес, бұлардың көбі сол Бұқар жырау дүниеге келген атамекенді қоныстауда.
Ш.Уәлихановтың «Көмекей әулие» атанған Бұқар жыраудың шығармашылық өмірбаянына қатысты ой-пікірлері де тарихилығымен құнды. Бұқар жыраудың ұзақ ғұмыр кешкені, тоғыз ханның заманында өмір сүргені, көпті көргені мәлім. Бұл орайда Шоқан Уәлиханов Бұқар жырау 1668 жылы дүние есігін ашып, 1781 жылы көз жұмғанын келтіреді. «Абылай ханның тұсында ол мемлекет жұмысына қайта араласып, ханның бас ақылшысы, ықпалды биі ретінде ел өміріндегі ірі-ірі істерге байланысты мәселелерді шешуге, түйінді байламдарды айтуға қатысқан. Бұқар жырау арабша сауатты, өз заманының ілім-білімдар адамдарының бірі болғаны белгілі», - деп жазады. Яғни, Бұқар жырау 113 жыл жасап, 13 жасынан ел-жұрт ісіне араласып, мемлекет деңгейіндегі мәселелерді шешуге өте белсенді араласқан деуге болады. «Білекті - бірді, білімді - мыңды жығады» дегеніміз осы. Білімге ерекше дарындылықты қоссаңыз дала академигі деген тұғырлы тұжырым өзінен өзі келіп туындайды.
Нұрлан Дулатбековтың редакторлығымен жарық көрген «Бұқар жырау» энциклопедиясы мені қатты толғандырып, кітапқа деген құмарлығымды шексіз дариядай толқындатты. Сәбит Мұқанов, Манаш Қозыбаев, Мұхаммедрахым Жармұхамедұлы, Мұхтар Мағауин, Серік Негимов, Мақсат Алпысбестердің Бұқар бабамыз туралы ой-толғамдары ол туралы білім-ғылымымды атап айтарлықтай жаңғыртты.
Бұқар жырау мұрасын жинауда, жариялауда және зерттеуде Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Қ.Халид, Г.Потанин, Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Қ.Мұқаметқанов, М.Мағауин, Р.Сыздықов тәрізді ұлт зиялылары еңбек сіңірді. Әдебиеттанушылар Бұқар жырау толғауларының жазба әдебиетке тән сипат белгілерін, атап айтқанда, әлеуметшілдік сарынын, азаматтық нысанасын, сондай-ақ, жыраудың даралық өзгешеліктерін жан-жақты талдаса (М.Әуезов), екіншілері өмірі мен шығармашылығына ден қойды (С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Қ.Мұқаметқанов), соңғылары жыраудың тілі мен стилін қарастырды (Р.Сыздықов). Жыраулық поэзияға зер қойсақ, мына тұлғалар жадымызда жаңғырады - Асан қайғы, Қазтуған, Шәлгез, Жиембет, Ақтамберді, ал Бұқардан кейінгілер Шал, Көтеш, Махамбет.
Осы тұста Бұқар жырау есіміне 9 хан сөзіміздің өзегіне айналуы да заңды: әз Тәуке, Қайып, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Күшін, Әбілқайыр, Барақ, Абылай. Абылай 48 жыл бойы қазақтың бас ханы болған! Әр хан өз мүмкіндігіне қарай қазақтың жері үшін, елі үшін еңбегін сіңірді, жанын Отаны үшін қиюға әрқашан дайын тұрды.
Бұқар жырау толғауларында ұлттық сана-сезім, рухтық күрескерлік, әлеуметтік сарын, философиялық дүниетаным, азаматтық әуен өз орындарын тапқан. Озық ойлы Бұқарды мемлекет тағдыры мен мәртебесі, кемелденуі мен келешегі, тұтастығы мен бірлігі өте қатты алаңдатады.
«Сөйлей-сөйлей шешен, көре-көре көсем боласың» деп ардақты аталарымыз айтқандай, замана ағымын болжап, көріпкелдік жасап, тұла бойы синкреттік өнерге тұнған, сөз сөйлесе - таудың суындай төгілген шешен, ой ойласа - алысты болжайтын көріпкел көсем, халқының рухани әлемінің тамырына айналған бірегей болат тұяқ кемеңгер тұлға, Бұқар жырау абыздық деңгейге жетті. Абыз - көпті көрген, ұзақ жасаған қазыналы қария, көп болмысты білетін адам, сондай-ақ, жұлдыз санаушы, сәуегей, көріпкел, есепші, шешен, психолог.
Әз Жәнібек заманында ханның абызы – Асан Қайғы. Асан Қайғы абыздың дәстүрін жалғастырушы Абылай хан заманының абызы Бұқар жырау. Бұқар жыраудан кейін, хандық биліктің заманы өтіп, ел билеу жүйесі отаршылдық қалыпқа түскен соң, қасиетті, ақылгөй, өнерпаз, болжағыш, көріпкел абыздар мына адамдар - Мұрат Мөңкеұлы, Дулат
Азияның орталық бөлігін әр түрлі саяси ықпалдың әсерімен Орта Азия, Орталық Азия, Кіндік Азия деп атай береді. Онда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркменстан мемлекеттері ораласқан.
Далба тауы мен Бұқар жыраудың кесенесі тұрған жер Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданында. Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы Теңдік қорымында Мұса Шорманұлы, Ескене кесенесінде Мәшһүр Жүсіп жерленген.
Жырау шығармаларының тақырыптық аясы, шеңбері – жақсылық пен жамандық, елдік пен ерлік, ізгілік пен зұлымдық, әділдік пен әдептілік, жастық пен кәрілік, татулық пен араздық, достық пен дұшпандық, адалдық пен арамдық, тектілік пен азғындық, тұтастық пен бірлік. «Бұқарекең сөйлеген уақытында сөзі мұндай жүз есе, мың есе шығар. Бізге келіп жеткен тамыры ғана. Бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұқтың өмірі, Айыптың сабыры, Аплатонның ақылы керек» - деп жазады жыраудың тұңғыш библиографы Мәшһүр Жүсіп Көпеев.
ДНК деген керемет бар! ДНК – кез келген мәліметті, құсыни тарих құдіретті өзінің бойында мәңгілікке сақтайды. Суқұйғыш дәуірі 2012 жылы басталып, 2000 жылдық алыс сапарына аттанды.
М.Әуезов: «Жырау - заман сыншысы, сөйлесе шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді. Өзі тұрған заманның белгілеріне қарап, келешек заман не айтатынын болжайды. Сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйлейді. Сыртқы түрі құбажондатқан толғау, салыстырған суреттермен ұқсатқан нобай, жағалатқан белгімен келеді. Не айтса да, көптің мұңы мен қамы, көптің жайы туралы, не көпке арналған ақыл, өсиет есебінде айтылады», - дейді.
Мақсұтхан Ақыштегі
ұстаз,
өлкетанушы-қаламгер
Қарағанды қаласы