taza-kaz

Ғажайып ғарыш әлемі


14.04.2023

Адам баласының ең ұлы жетістіктерінің бірі ол – ғарышты бағындыруы. Кеңестік кезеңнің кез келген кішкентай бүлдіршініне «Өскенде кім боласың?» деп сауал қойсаңыз, міндетті түрде «ғарышкер» немесе «ұшқыш боламын» деп саңқ еткен жігерлі дауысын естір едіңіз. Бұл заңды да. Өйткені, Кеңес одағы тұсында ғарышкер – ең қадірлі мамандық саналды.

Адамзаттың ғарышқа ұшып, белгісіз әлемді тікелей зерттей бастағанына, жалпы жер шары өркениетінің, ғылымы мен техникасының дамуына үлес қосқанына биыл 62 жыл толды. 12 сәуір – Халықаралық ғарышкерлер күні. Бұл мереке жыл сайын ескерусіз қалмайды. Әсіресе, барлық білім ордаларында мерекеге орай ұйымдастырылатын сурет байқаулары мен тәрбие сағаттары балалардың ғажайып ғарыш әлеміне қиялымен қанаттанып қайтуына мүмкіндік береді.

Міне, осындай шаралардың бірін аудандық музей де ұйымдастырды, шараның  барысы өте қызық. Тапқырлықтарына тәнті болдық. Аудандық музей шараға шеберлік сағатын өткізу үшін «Руханият» қосымша білім беру орталығының бейнелеу өнері пәні мұғалімі Ыдырысов Айдар Асанұлын шақырыпты, ондағы мақсат - балаларға әртүрлі табиғи тұрмыстық заттардан ғарышкер бейнесін жасап шығару.

Айдар Асанұлы балаларға алдымен ермексаздан жасалған дайын ғарышкер бейнесін әкеліп, сол бейнеге қалып жасаудың жолдарын көрсетті және сол қалыпқа гипстен жасалған сұйықтықты құйып форма жасау арқылы ыстыққа да, суыққа да төзімді, оңайлықпен сынбайтын ғарышкер бейнесін шығарды. Балалар таңданыстарын жасыра алмады. Сондай-ақ балаларға қарындашсыз сурет техникасы арқылы, яғни қылқаламмен кескіндеу арқылы ғаламшар ішіндегі ғарышкер бейнесін салудың жолдарын көрсетті. 

Шеберлік сағаты аяқталған соң, музей қызметкерлері балалармен «Кім жылдам?»  ойынын өткізіп, жүйріктерді анықтады. Шара соңында Айдар Асанұлына Алғыс хат табыстап, ризашылықтарын білдірді.

Ал мен болсам шарада ерекше қызығушылық танытқан Ю.А.Гагарин атындағы мектептің         6-сынып оқушысы Марат Мөлдір атты сүйкімді қызбен сұхбат құрып үлгердім. Оның ойынша, сурет өнері баланы жан-жақты дамытады. Бір орында ұзақ отырып жұмыс істеу сабырлылыққа тәрбиелесе, ал қайта-қата қателесіп, қатеңді түзеу арқылы сурет салу төзімді болуға шыңдайды. Ең бірінші көз алдыңа салатын суретті елестетіп алу арқылы баланың қиялы  дамиды. Салушы өз шығармасы арқылы ішкі жан дүниесін ақтарады деп есептейді. Осылайша тағылымды шара өз мәресіне жетті.

Қазақ ел болғалы үш батырын аспан көгіне ұшырды. Олар – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов. Адамзат ғарыш кеңістігін бағындырғаннан соң 30 жылдан кейін, яғни 1991 жылы ғарышқа қазақ баласы көтерілді. Бұл – халық қаһарманы, Кеңес одағының батыры Тоқтар Әубәкіров еді. Бұдан кейін де қазақтың қайсар ұлдарына ғарышты бағындыру бұйырды. Ашық ғарышқа 8 рет шыққан келесі қазақ баласы – Талғат Мұсабаев. Ол – ғарышкер, техника ғылымдарының докторы, авиация генерал-лейтенанты. Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығының қарсаңында ғарышқа ұшуға тағы бір қазақ баласының жолы түсті. Адамзат ғарышты бағындырған 1961 жылдан 11 жыл кейін дүниеге келген Айдын Айымбетов – Қазақстан ғарышкері, Халық қаһарманы.

Осылайша, қазақ даласында бой көтерген дүние  жүзіндегі ең көлемді ғарыш айлағы – Байқоңырдан бүгінге дейін қазақтың үш азаматы ғарыш кеңістігіне сәтті сапар жасап қайтты. Бұл – біздің елдің, халықтың, ұлттың жетістігі.

А.Ерубаева

 

Д.Торжановтың суреттерінде:  шара қонақтарымен шеберлік сабағы; ұстазды марапаттау.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?