taza-kaz

Жыр алыбы - Мұқағали


06.04.2023

Бүгінде Мұқағали Мақатаевтың есімі барша елге танылған.

Қазақ халқын талантымен баурап алған Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысының қазіргі Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Қарасаздың сұлулығы Мұқағалидың ақындық талантының қайнар көзі болғаны анық.

Ақынның азан шақырып қойған аты – Мұхамметқали. Бірақ ата-анасы Пайғамбардың есімімен жүру ауыр тиеді деген ниетпен бала күнінен Мұқағали деп еркелетіп кеткен. Сол есімімен елге де танылған.

Ақынның әкесі Сүлеймен қарапайым шаруа адамы, ал Мұқағали үйінің арқасүйер тұңғышы болған. Ақынның балалық шағы қызықты өткенін Қарасазға арналған «Туған жер» өлеңінде армансыз өткен балалық шағын еске алып, өткен күнге саяхат жасағанынан аңғарамыз. Мұқағали поэзиясының көптеген суреттерін тудырған дәл сол балалық шақтағы естеліктер болды. Бірақ сұм соғыс 10 жастағы Мұқағалидың өміріндегі барлық нәрсені бір мезетте өзгертті. Әкесі соғысқа кетіп, отбасының барлық ауыртпалығы балалық шағымен қоштасқысы келмеген жасөспірімнің иығына түседі. Жауынгер ұрпақтың барлық ұлдары сияқты, әйел мен балалар ғана қалған үйде ер адам ретінде қалғанын түсінген Мұқағали ерте ер жетеді.

Ақынның анасының естеліктеріне сүйенсек, Мұқағалидің әдебиетке деген қызығушылығы 14 жасынан басталған. Ал өлең жазуға жары Лашынға деген махаббаты себеп болды. Ол сыртқы әлемнен және кітаптардан шабыттанды. Мұқағали Абай, Әуезов, Сейфуллин, Мүсіреповті оқыды. Орыс тілін өз еркімен өте жақсы меңгерген ол орыс әдебиетін, әсіресе Блок, Пушкин, Есениннің поэзиясын оқыды. Шетелдік әдебиеттерден Гейн, Гёте, Дюма, Гюго, Байрон, Драйзер, Стендаль шығармаларына қызығушылық танытты. Бірақ бәрінен де Бальзак, Лондон және Шекспирді жақсы көрді. Мұқағали жазған естеліктерінің бірінде: «Иә, мен әдебиетті жақсы көремін. Мен үшін одан биік ештеңе жоқ» деп әдебиетке ерекше құрметін көрсеткен.

Ақынның әкесі оған әжесі Тиін мен анасына, іні-қарындасына тіреу болып қана қоймай, сонымен бірге міндетті түрде оқы деп айтып кеткен болатын, әкесінің осы сөзін жерге тастамай 1948 жылы ол Нарынқолдағы мектеп-интернатын бітірді. Ол Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне, одан кейін Шет тілдер институтына және тағы да Қазақ мемлекеттік университетіне, бірақ заң факультетіне оқуға түскен. 1973 жылы Мәскеудегі Максим Горький атындағы әдебиет институтының студенті болды. Бірақ отбасылық жағдайға байланысты бірінші курста оқуды тастап кетті. Мақатаевтың жоғары оқу орындарына еш қиындықсыз түсіп кетуі оның қабілеті мен білімге ұмтылысын дәлелдейді.

Жас ақынның алғашқы өлеңдері мен поэтикалық кітаптарынан Мақатаевтың қайталанбас стилін анық көруге болады. Таза және айқын, адамның ең терең сезімдері мен толғаныстарын қарапайым тілмен жеткізуі оның поэзиясын қолға алған оқырмандарды таңғалдырып, өзіне тартады. Ол махаббат пен достық, поэзия және табиғат туралы жырлады. Мақатаев туған жерінің сұлулығына тамсанудан жалықпады. Ол өз күнделіктерінде туған жердің табиғаты оның жанына қалай әсер еткені туралы жиі жазатын.

Мұқағали Мақатаев қысқа, бірақ жарқын шығармашылық өмір сүрді. Ол отыз жылдай ғұмырын туған ауылы Қарасазында өткізді. Мәскеудегі әдебиет институтында өткен екі жылдық оқуын қоспағанда, оның соңғы он жыл өмірі Алматыда өтті. Ақынның достары мен замандастары оның оптимизмін, өміршеңдігін, ізденімпаздығын атап өткен болатын.

Мұқағали Мақатаевқа атақ-даңқ қайтыс болғаннан кейін келді. Дантенің «Құдіретті комедиясы» аудармасының шығарылымы оның аудармаларының ерекшесі болды. Кейін поэзиялық жинақтары қазақ поэзиясының алтын қорына енгізілді. Ал нәзік поэтикалық өлең жолдары музыкаға қойылып, қазір әндетіліп жүр.

Мұқағали Мақатаев – ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы қазақ поэзиясының жарқын бейнесі. Ол әдебиетке бәрін таңғалдырып, найзағай соққысы секілді енді. Қазіргі таңда да ол ақындық талантымен жас ұрпақты өзіне баурап жүр деп нық айта аламыз. Бұған дәлел – біздің Алғабас ауылының оқушылары. Олар «Жапырақ жүрек» атты Республикалық Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқу және ақын өлеңдеріне жазылған әндерден балалар мен жасөспірімдердің өнер байқауына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Атап өтсек, «Көркем сөз» номинациясы бойынша «I орын дипломымен» – Есентаева Зере марапатталды, ал «Бейнелеу өнері» номинациясы бойынша «Бас жүлдеге» ие болған – Тлеутай Нұрислам. Сонымен қатар, «Құрмет грамотасымен» өнер байқауына сіңірген еңбектері үшін  – «Алғабас негізгі орта мектебі» КММ директордың міндетін атқарушы – Өтеулина Торғын Қауденқызы, Алғабас ауылдық клубының меңгерушісі Какимова Назгүл Боранбайқызы да марапатталды. Жеңімпаздарды құттықтап, оларға толағай табыстар мен алда тек ақ жол тілейміз, әр бастаулары нық әрі мықты болсын.

Қорыта айтқанда, Мұқағалидың жырлары теңіз түбінде жатқан маржан сияқты. Біз тек сол маржандардың қадір-қасиетін біліп, болашаққа бүлдірмей жеткізуіміз керек. Қазақ баласы жері тыныш болса, ақын атамыздың өлеңдерін тебірене оқитын біздер поэзияны жоққа шығармай, шабыттана оқып, сыры мен сиқыры мол, аталарымыз ұстаған қылқаламды биіктетіп, шабытқа шабыт қосатынымыз сөзсіз. Бұл әрине, ақын атамыздың біздерге тастап кеткен аманаты. Аманатқа қиянаттың жүрмейтіні әлмисақтан белгілі. Ақынымыздың өлең жолдарындағы жұмбағы мол сырларын танып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, дәуірден-дәуірге, ғасырдан-ғасырға жалғасып, қазақтың қара өлеңін бүкіл әлем алдында мерейін үстем етуге тырысайық!

 

Н.КАКИМОВА,

клуб меңгерушісі

Алғабас ауылы



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?