taza-kaz

«Өмір жарысы, өнер жарысы – айтыс»


24.02.2023

Осындай тақырыппен өткен аптада Ақжар негізгі орта мектебінің төрінде елімізге белгілі айтыскер ақын, жыршы-термеші Дидар Қамиевпен кездесу өтті. Қашан да халықтың көкейіндегі көп ойды өлеңге сыйғызып, өмірге айналдыратын ауызы дуалы ақындарды халқымыз ежелден құрмет тұтқаны жалған емес. Жалпы қазақты айтпағанда, өңірімізден шыққан тарихтағы белгілі ақындар қаншама. Бүгінгі таңда халыққа танымал болып, Арқа жұртының сенімін арқалап жүрген айтыстың ақтаңгері атанған Дидар ақын солардың сарқытындай.

Кездесу әдеттегідей мектептің акт залында өтті. Оған оқушылар, мұғалімдер және мектеп әкімшілігі қатысты. Бұл іс-шараның мақсаты - оқушыларды жерлес ақынымыздың шығармашылығымен таныстыру, кіші буынға патриоттық рух беріп, адамгершілік қасиеттерге баулу.

Олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтқызып, жастардың еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру болды.

Басты қонақ – Дидар ақынды мектеп ұжымы салтанатты түрде, ақынға лайық құрмет көрсетіп қарсы алды. Артынша мектептің тарихымен, жетістіктерімен таныстырды.

Негізгі кездесу рәсімі ашылған соң, сахнаға мектеп оқушысы Сәдуақас Аңсаған шығып «Мен қазақпын» әнімен ашып берді. Сосын, жүргізуші Эльмира Жанатқызы Дидар ақынның қысқаша өмірбаянына тоқталып, мектеп оқушыларына мағлұмат берді.

Келелі кездесудің көркін кіргізген оқушылар қойған сұрақтар болды. Яғни, «сұрақ-жауап» айдары. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын Дидар ағаларына қойып, білгісі келген, қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Дидар Жанатұлы да өз кезегінде оқушылардың әр сұрағына толық жауап беріп, барынша байланыс жасап отырды.

Әрине, оның ішінде қонағымыздың шығармашылығы жайлы, айтысқа алғаш келуі, отбасы, марапаттары және тағы басқа сұрақтар болды. Сонымен қатар, Дидар ақын айтыста болған қызықты оқиғаларын, әсерлі кездесулерін, қарсыластарына берген ұтқыр жауаптарын, естеліктерін әңгіме қылып айтып беріп, көпшіліктің көңіліндегісін тапты деуге де болады.

Дидар Қамиевтің соңғы жылдарда эстрада жанрында да бақ сынап, әдемі әндер орындап жүргені жұртқа аян. Қазақтың қара өлеңінің қаймағын қалқып, егіз өнерді қатар алып жүрген қонағымызға кездесу соңында мектеп басшылығы ризашылығын білдіріп, алғыс жаудырды. Мағыналы кездесуден зор әсер алған көпшілік рухани байып, әсерлі әңгімемен сусындасып тарқасты.

 

Гүлнұр Жаппарова,

Ақжар негізгі

орта мектебінің

қазақ тілі пәні

 мұғалімі

Құрылыс ауылы



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?