taza-kaz

Алғашқы... (Бүркіт Есжанов ағамыздың атынан)


11.02.2023

«Жақсы адам елдің ырысы,

Жақсы сөз жанның тынысы» - дегендей біз осыған дейін елімізге, Қарағанды облысына, Бұқар жырау ауданына еңбектері сіңген, арда азаматтарымыз туралы жақсы сөздерімізді мақала түрінде аудандық газетімізде жариялап келген едік.

Ендігіде кезінде еңбекпен еселенген өмір жолын өзіміздің Қарағанды облысы мен Бұқар жырау ауданынан бастаған белгілі саяси және мемлекеттік қайраткер Сағынбек Тоқабайұлы Тұрсынов туралы да қалам тартқанымыз жөн сияқты, әрі бұл біздің азаматтық парызымыз да.

Себебі, «айқайлайтын жерде ауыз ашпау - айып» дегендей, айтпай кетсек, арымызға да сын болар еді.

Ағамыздың өзімен қысқа бір кездесуіміз кезінде осы ойымызды жеткізген де едік. Ағамыздың сөзі де қысқа болды: «Егер де осы мәселе аса қажет болып тұрса, онда өзімді-өзім сипаттауым әбестеу болар. Қалаларыңда өзім қызметтес болған әрі менің өмір-жолымды жақсы білетін Бүркіт ақсақал бар – сол кісіден сұрап көріңдер» деген еді. Осы ақылды жөн көрген біздер өткен жылдың соңында қасымызға тележурналистерді ертіп, «Атаның сөзі – ақылдың көзі» сияқты ата нақылымызды да ескере отырып, Алла жазса 2023 жылдың сәуір айының 3 жұлдызында 100 жасқа толайын деп отырған Бүркіт Есжанов ағамызбен кездескен едік.

Бірақ, өкінішке орай, Алланың әмірімен адам өмірінің  де өз өлшемі бар.

«Өтпейтін өмір жоқ,

Сынбайтын темір жоқ» дегендей, осы жылдың қаңтар айының дәл 3 жұлдызы күні абыз ақсақал дүниеден озды. Ұлы Отан соғысының ардагері, фашистік Германия мен милитаристік Японияның талқандалуына өлшеусіз үлесін қосқан подполковник Бүркіт Есжанұлы Есжановтың бұл өзінің мағыналы өмірінде берген соңғы интервьюі еді.

Ерекше атап өтетін жайт, Бүркіт ақсақал мен Сағынбек ағамыздың арасындағы бір-біріне деген үлкен сыйластықтағы аға-інілік ара қатынастары. Осындай біздің халқымызға, әсіресе ересек ұрпаққа тән, бірақ тағы да өкінішке орай қазіргі кезде жойылып бара жатқан шынайы рухани туыстық пен сыйластықты біздер терең насихаттауымыз керек. Жастарымызды осындай шынайы құндылықтарға бүгін тәрбиелемесек, ертеңгі күні оны айтатын адам болмауы да мүмкін.

«Адам ақылымен сымбатты,

ұрпағымен қымбатты» емес пе, Бүркіт ағамыз – елімізге белгілі  спорт қайраткері, Кеңестер Одағының бокстан чемпионы және чемпионаттарының жүлдегері, 1983 жылғы Европа чемпионатының қола жүлдегері, 1987 жылғы Әлем кубогының күміс жүлдегері, КСРО халықаралық сыныптағы спорт шебері, «Астана арланс» командасының аға тренері. Бейбіт Есжановтың әкесі. Сондықтан, мақаламыздың бұдан әрі өрбуін Бүркіт ақсақалдың біздер мен сіздермен бөліскен толғамы ретінде қабыл алыңыздар.

Сағынбек Тоқабайұлы 1946 жылы 5 шілдеде Қарағанды қаласында туғанымен, еңбек жолын бәріміздің де генетикалық түбіріміз болып табылатын қазақы ауылдан бастады.

Мен оны 1962 жылы Қарқаралы ауданының «Бесоба» кеңшарында қарапайым жұмысшы болып бастаған кезінен бері білемін. Ол осы жылдары (1967 ж.) Қарқаралы зооветеринарлық техникумын да бітіріп шықты.

ХХІ-ғасырда ауыр өнеркәсібі өркендеп, урбанизация аса күшейіп тұрған кездің өзінде Қазақстан халқының 41%-дан астамы (7,7 миллион адам) әлі де ауылда тұрады. Кеңес Одағының кезінде бұл көрсеткіш одан әлдеқайда жоғары болатын. Аграрлық өндірісі басымырақ дамыған еліміздің экономикасының негізін ауыл шаруашылығы (егін және мал) құраған еді. Сондықтан, жұмыс десе жалындап тұрған жас маманның еңбек жолын ауылдан бастағанына аса таң қалуға болмас. Осы ауданның «Восток» кеңшарының №2 бөлімшесінде зоотехник болып еңбек майданына араласып, ауыл шаруашылығының қыр-сырына, әсіресе қиындықтарына терең қанықты.

Дегенмен де мол тәжірибе өз алдына, ал ауыл шаруашылығында қордаланған көп мәселелерді шеше білу үшін терең білім де керек еді. Сондықтан болар, «Ғылым – теңіз, білім – қайық» сияқты халық даналығын еске ала отырып, Сағынбек жоғары білім алуға бет бұрады. Кез-келген мәселені жартылай ғана шешуді жаны сүймейтін жас маман білімді терең алу үшін қалаға қайту керектігін де түсінеді. Осы мақсатпен ол 1970-1972 жылдары Қарағанды қаласындағы облыстық ДОСААФ комитетінің техника даярлау мектебі бастығының орынбасары болып істейді, Целиноград ауыл шаруашылығы институтына оқуға да түсіп, оны 1975 жылы бітіріп шығады.

ХХ-ғасырдың ұлы гуманисті Махатма Гандидің «Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзің өзгер» деген тамаша нақыл сөзі бар. Ауылдарды дамытпай артқа тартып келе жатқан ауыртпалықтарды шешу үшін немесе оны түбегейлі өзгертуді тек мемлекеттік деңгейде ғана шешуге болатынына да осы жылдары көзі анығынан жетеді. Осы шешімге бекінген ол 1972 жылы сол кездегі биліктің жеке-дара иегері Қазақстан Компартиясының Қарағанды облысы Молодежный аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып, өзінің жаңа деңгейдегі қызмет жолын бастайды. Адам жайын ауылдас білмейді, істес біледі емес пе, ауыл жағдайын жақсы білуі оған кейін Тельман атындағы кеңшар парткомының хатшысы болған кезінде де көп көмегін тигізді.

Біздің дана халқымызда:

«Қой асығы демеңдер,

Қолыңа жақса - сақа ғой,

Жасы кіші демеңдер,

Ақылы асса – аға ғой», - деген тамаша мақал бар. Осы жылдары беделі де артқан, іскерлігімен де көзге ерте ілінген Сағынбек 1976 жылы бар-жоғы отыз жасында бұрынғы Ульянов (қазіргі - Бұқар жырау) ауданының «Көктал» кеңшарының директоры болып тағайындалды. «Қала маңына жақын орналасқан осы кеңшардың барлық өндірістік көрсеткіштерін жоғарылату үшін күндіз-түні аянбай еңбек еттік» - деп түйіндеді Бүркіт ақсақал. Сағынбек директор болған 1976-1981 жылдары кеңшар алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың біріне айналды.

Түркілік Шығыстың ұлы ойшылы Жүсіп Баласағұннан қалған көптеген ұлағаттарының ішінде: «Адам бойында бір жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды» деген тамаша жолдар бар. Сағынбек Тоқабайұлының бойындағы осындай қасиеттерге, оның ерекше іскерлігі мен аса жоғары ұйымдастырушылық қабілетін жатқызар едік. Соның арқасында болар, ол облыс басшыларының көзіне де бірден ілігеді. Ол 1981 жылы Қарағанды облыстық партия комитетіне ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі бөлім меңгерушісінің орынбасары лауазымына жоғарылатылды.

Облыстық деңгейде өзіне міндеттелген жұмыс ауқымын еркін меңгеріп, жолға қоя білген Сағынбек енді Республика басшылығының да назарынан тыс қалмады.

Сағынбек Тоқабайұлы 1984 жылы тағы да жоғарылап, Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі бөлімінде алдымен сектор меңгерушісі, кейіннен бөлім меңгерушісінің орынбасары болады.

Сағынбек Тоқабайұлының Кеңестер Одағының соңғы кезеңі мен еліміз Тәуелсіздік алған кезіндегі саяси және мемлекеттік қайраткерлігінің екінші кезеңі Республикамыздың Талдықорған облысымен тығыз байланысты. Ол 1988-1993 жылдары облыстық партия комитетінің хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы, обкомның 1-хатшысы, Халық депутаттарының облыстық кеңесінің төрағасы және альтернативтік негізде халық сайлаған Талдықорған облысының «алғашқы» әкімі қызметтерін абыроймен атқарды.

Жалпы Сағынбек Тоқабайұлының өмір жолы мен қызмет бабында «алғашқы» деген сөз жиі кездеседі.

«Елдестірмек – елшіден,

жауластырмақ - жаушыдан» деген де жақсы мәтел бар, мың өліп, мың тірілген халқымызда. Еліміз Тәуелсіздік алысымен жас Республикамызды әлемге таныту үшін, «тоқсанның тоқыраған жылдарында» экономикамызға инвестициялар тартуға аса беделді тұлғалар керек болды.

Сондықтан, сындарлы сыннан талай өткен Сағынбек Тоқабайұлы 1993-1995 жылдары Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы төтенше және өкілетті Елшісі және Австрия Республикасындағы төтенше және өкілетті Елшісі міндеттерін қоса атқарады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдарындағы Тұрақты өкілі – алғашқы елші қызметін де қоса атқарды.

Сағынбек Тоқабайұлының саяси және мемлекеттік қайраткерлігінің үшінші кезеңі еліміздің халықаралық дипломатиясын қалыптастыру кезінде басталды десек қателесе қоймаспыз. Уақыт талабы солай еді, Сағынбек қана емес, тіпті бүтін Республикамыз саяси аренаға алғаш рет шыға бастаған еді.

«Сен саясатпен айналыспасаң,

саясат сенімен айналысады» - деген еді кезінде Германияның бірінші канцлері Отто фон Бисмарк та. Елімізге жаңа кезеңде жаңа мемлекеттік органдар құруға тура келді.

Қазақстан Республикасы Президенті аппаратын құру, жұмысын қалыптастыру және басшысы қызметін кімнің атқара алатыны жөнінде сұрақ туған кезде, таңдау тағы да Сағынбек Тоқабайұлына түсті. Ол 1995-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің негізін қалаған алғашқы жетекшісі болып тағайындалды.

Әкімшілік жұмысын дұрыс жолға қоя білген Сағынбек Тоқабайұлын Ел басшылығы қайтадан елшілік жұмыстарына жұмсайды. Ол 1996-2006 жылдары Қазақстанның Австрия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, Венгрия мемлекетіндегі және Болгария, Румыния, Чехия мен Словакия елдеріндегі төтенше және өкілетті Елшісі қызметтерін қоса атқарады. Төтенше және өкілетті елші рангі бар Сағынбек Тоқабайұлы 2006-2007 жылдары Республикамыздың Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар бойынша Елшісі қызметін де абыроймен атқарып шықты. Осы жылдары әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде қалыптасқан Сағынбек 2007-2013 жылдары ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы қызметінде де өзін ірі мемлекет қайраткері ретінде де таныта білді.

Сағынбек Тоқабайұлы сонымен қатар еліміздің жоғары заң шығарушы органдарының да жұмыстарына етене араласты. Ол 1990 жылы 12-шақырылған ҚазКСР Жоғары Кеңесінің, ал еліміз Тәуелсіздік алған кезде 2007-2011 жылдары 4-шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.

«Еңбегіне қарай өнбегі» дегендей Сағынбек Тоқабайұлының еселі еңбегін еліміз де еленбей қалдырмады.

Ол – «Құрмет Белгісі» (1981 ж.), «Құрмет» (2004 ж.), «Парасат» (2009 ж.), ІІІ дәрежелі «Барыс», ордендерімен, Біріккен Ұлттар ұйымының Алтын (2008 ж.) және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медальдарымен (2016 ж.) марапатталған.

Бүгіндері де экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясының академигі, Венгрия Республикасының Құрметті азаматы (2005 ж.), Венгрияның Корольдік орденінің кавалері, Ф. Кафка атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты (2006 ж.), Қазақстан Республикасы Дипломатиясының еңбек сіңірген қайраткері (2007 ж.) Сағынбек Тоқабайұлының рухани және шығармашылық потенциалы аса жоғары. Ол – «Қазақстан: агроөнеркәсіптік кешендегі нарық» (1964 ж.), «Елдестірмек елшіден» (1996 ж.) және тағы да басқа іргелі кітаптардың авторы.

Біздің ойымызша, Сағынбек ағамыздың төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей болып жүргені оның берекелі отбасының бірлігі мен шаңырағының астындағы шаттығы.

Ағамыз бен асыл жарының текті тәрбиесінен өткен көздерінің ағы мен қарасындай ұл-қыздары да Ағамыздың тағылым мен өнегеге толы өмір жолын толымды жалғастырары сөзсіз!

 

Арстан ҒАЗАЛИЕВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

ҚР ҰҒА академигі,

Қарағанды қаласының және Бұқар жырау ауданының құрметті азаматы

Бораш ТӨЛЕУОВ,

Қ.И.Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты,

ҚР ҰҒА академигі,

Бұқар жырау ауданының құрметті азаматы



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?