
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Қалдырған ізі мәңгілік...

Арттағыға сөзің мен ісің қалса,
Өлсең де өлмегенмен боласың тең.
(Абай)
Бесіктен шығып, есіктен аттаған баланың тәрбиелі болмағы қоғамның алғашқы сатысы, баланың тұңғыш түсер топтық ортасы – білім ордасы, алғашқы ұстазы екені анық. «Үлкендер жолы ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып” демекші, ақылдың кенін арқалаған, шынайы да ізгі сезімдерді, білімнің алтын діңгегін сыйлаған, еңбек жолдарының бастауы болған, сан алуан шәкірттерге білім, тағылым-тәрбие беруде 56 жылдық тарихы бар Ақжар негізгі орта мектебіндегі бүгінгі айтулы оқиға тағы бір тарих парағын толықтырғаны сөзсіз.
Бар саналы ғұмырын білім мен ғылымға, тіл мен рухқа, руханиятқа арнаған аға-апаларымыздың өмір жолын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында желтоқсан айында мектебімізде «Ауылым-мақтанышым» атты тарихи-мұражай мен Шайкин Балғаш Әбікейұлы атындағы тарих кабинетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ашылу салтанатына Балғаш Әбікейұлының ұрпақтары, Үштөбе ауылдық округінің әкімі, аймақтық БАҚ өкілдері, ауыл ақсақалдары, мектеп ұжымы мен оқушылар қатысты. Кабинеттің лентасын қию Балғаш Әбікейұлының замандасы, Бұқар жырау ауданының Құрметті де беделді азаматы Мереке Мансұрұлы Сыздықовқа бұйырды.
- Дауысын көтермей сөйлейтін. Алдына келгендердің сөзін мұқият тыңдап алып, ойын бөлмей, шешімін істің ыңғайына қарай шығаратын, бір айтса дөп айтатын, айтқанынан қайтпайтын, адал дос, мейірімді жан болатын, - деп еске алды замандасы.
Шайкин Балғаш Әбікейұлы 1933 жылы наурыз айының 28-і күні Қарағанды облысы, Тельман ауданы, Ақжар ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келген. Әкесі Шайкин Әбікей 1929 -1956 жылдар аралығында білім ордасында шәкірт тәрбиелеп, кейін осы мектептің директоры болып қызмет атқарған. Бұл тарих кабинетіне Балғаш Әбікейұлының есімінің берілуінің өзі бір тарихи құнды дүние.1965 жылдары осы Ақжар мектебінің алғашқы іргетасын Балғаш Әбікейұлының әкесі Әбікей қалаған болатын. Сол жылдардан бері осы білім ордасынан қаншама түлектер ұшып шықты. Төле бидің : «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» - дегеніндей, бұл отбасын ұстаздар династиясы десе де болады. Себебі, қарындасы Рахат, жолдасы Зекен, қыздары - Қорлан, Ғалия, Бану, ұлы Ержан, келіні Дәмелі, немере келіні Айгүл - бәрі де оқу-ағарту саласының қызметкерлері.
Тәжірибесі әбден толығып, ұлағатты тәлімімен көптің көңілінен шыққан ұстаз мектепті басқару тізгінін қолына алып, балалардың сапалы білім алуына бар күш-жігерін жұмсаған. Ағамыз тек ұлағатты ұстаз ғана емес, жүрегі жырға, жаны нұрға толы, кішіпейіл жан болғанын біліп, естіп жатамыз. Өмірінің соңғы күндеріне дейін қолынан қаламы түспей, артынан бірнеше жазба да қалдырғаны бар. Ал, тарихи мұражайды ашудағы мақсатымыз - осы ауылда туып-өскен, мақтан тұтуға лайықты қасиетті тұлғалардың тағылымды өмірі жайлы қысқаша дерек беріп, өскелең ұрпаққа рухани азық бере отырып, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Сонымен қатар, болашақта біздің мектебіміздің оқушылары, ауылымыздың жастары осы азаматтарға теңелуге тырысып, өздері үшін дұрыс бағдар белгілеуінің, еліктеуінің айшықты үлгісі болатынына қол жеткіземіз деген ой. Мұражайда Құрылыс ауылынан шыққан, ел аузында жүрген, құрметке лайықты атақты азаматтарымыз, Ұлы Отан соғысында ерлігімен танылған аталарымыз, бірінің - ері, бірінің - аға-бауырлары, бірінің әпке-қарындастары майданда болғанда ерен еңбегімен тылда демеу болған тұлғаларымыз да бар. Бұл мектеп пен ауыл тарихынан жинақталған мәліметтерге толы мұражай. Бүгін куә болғанымыздай, тарихи мұражайдың салтанатты түрде лентасын қию ұстаздық қызметін өмірінің мәні деп білген, 25 жыл бойы мектеп директорының қызметін атқарған ардақты ұстаз Майнұр Әбікенқызына берілді.
Тарихи мұражайды келген қонақтарға мектебіміздің тарих пәні мұғалімі Шолпан Төкенқызы таныстырып өтті. Алдағы уақытта мұражай қорын толықтыру жоспарда тұр. Бағдарлама аясында құрылған іс-шара өз деңгейінде өтті. Сахна төріндегі қазақ халқының ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған, алған білімдерін өз халқының пайдасына асыруға талпынған жарқ еткен жарық жұлдыздарымыздың өмір тарихынан шағын қойылым қойылып, мектеп мұғалімдері мен оқушылар тарапынан ән де айтылды, өлең де оқылды, күй де шертілді.
Бүгінгі мерекеде келген қонақтар сөз алып, естеліктер айтты, балалары перзент парызын өтеп, туған-туыстары көпшілікке ілтипатын білдіріп, жақсы адамның жайсаң істері жайлы мол мағлұмат берді. Тұлға жайындағы ойларын ортаға салып, кабинеттің ашылуымен жиналғандарды құттықтады. Көзіміз жетті, көңіліміз сенді. Ерекше, айтып жеткізбес әсерге бөлендік. Жиналғандар шара соңында естелік суретке түсті. Патша қанша жерден ақымақ болса да, ұстазының алдын кеспейді дейді ежелгі гректің ғұламалары. Ал, қазақта бұны «алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі» - деген еді Мағжан атамыз. Ендеше, «ғалымды сыйлау- сүннеттен, ұстазға орын кең төрден» болсын. Мемлекеттік бағдарламалар аясында тарихи тұлғаларды ұрпаққа үлгі етіп, өнегелі істері мен мол мұраларын насихаттау мақсатында осындай игі бастама бастаған Үштөбе ауылдық округі әкімдігіне, Бұқар жырау аудандық білім бөлімі мен Құрылыс ауылының Ақжар негізгі орта мектебінің басшылығына, ұжымына алғыс айта отырып, жандарыңыз игі істерге бай болсын дегім келеді.
Гүлнұр Жаппарова,
қазақ тілі пәнінің мұғалімі
Ақжар негізгі орта мектебі
Құрылыс ауылы