taza-kaz

Ұлт ұстазы ұлықталды


31.12.2022

Астана қаласында орналасқан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейіне гранит тасқа ұлт ұстазының бейнесі салынған тақтайшаның екінші нұсқасы Бұқар жырау ауданының атынан табысталды.

Аталған білім ордасының ұсынысымен табысталған тақтайшаның ерекшелігі оның ұзындығы мен енінде, қалыңдығы мен бедерінде. Ұзындығы 100 см болса, ені 50 см екеуінің қосындысы 150-ге тең. Яғни, ұлт ұстазының 150 жылдығына пара-пар. Қалыңдығына келетін болсақ, оң жақ қапталы 5 см, сол жақ қапталы 8 см, бұл да символикалық жағынан қарастырылған, демек 5 см дегеніміз 5 қыркүйекте дүниеге келуі, зұлым ереженің салдарынан 8-ші желтоқсанда дүниеден өтуін көрсетіп тұрғандай. Тақтайшаның сол жақ беткі бедері жұлынып алынған, бұның да өз сыры бар. Ол кешегі зұлмат заманның қатал заңы - Алаш қайраткерлерінің ерен еңбектерін тарих бетінен жұлып тастағылары келгенімен, бұл істен түк шықпай, тарих бетіне шындықтың шығатынын айқындай түскендігін көрсетеді. Тақтайша бетінде Ахмет Байтұрсынұлының жарқын портретімен бірге нақыл сөздері қашалып жазылған.

- Осы шараға мұрындық болған №48 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Ахмет Байтұрсынұлы мұражайының жетекшісі Алтын Момынқұлова мен Ернат Мелсұлына аудандық мәслихат депутаттарының атынан алғыс білдіргім келеді. Бұқар бабаның асыл мұрасын насихаттау мақсатында «Он бір бағыттағы - он бір қадамым» атты жобамның аясында мұражай қабырғасына баба мұрасын сыйға тарттым, - дейді Амантай Акишев.

Мектеп-лицейінің мұражайына тақтайшамызды табыстау салтанаты білім ордасы ұйымдастырған «Ахмет Байтұрсынұлының рухына тағзым» атты тұлғаны еске алу рәсімімен тұспа-тұс келді. Аталмыш шарада мектеп директоры Ғани Бақытұлы:

- Биылғы жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтіп жатыр. Мектебіміз ұлт ұстазының өнегелі істерін ұрпақка үлгі етіп, ұлықтап, осынау атаулы шараны ұйымдастырып отыр. Кеш қонақтарына ерекше алғысымызды білдіреміз, - деп атап өтті.

Рухани жаңғырған кешке «Адамдық диханшысы» Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығын зерттеген ғалым, ЕҰУ қазақ тіл білімі кафедра профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы, Ботақара орта мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Аслан Шайхин, «Қазақ радиосы», «Ұлт ұстазы» хабарларының авторы әрі жүргізушісі Толқын Сұлтан, жеке кәсіпкер, мектеп түлегі Біржан Амантай қатысты.

Бекжан Әбдуәлиұлы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы құнды ғылыми зерттеулер, халықаралық конференциялар, мектеп пен университет байланысы жайлы келелі ой-пікірлерімен бөлісті.

Б.Жакешова

 

Суретте: шараның барысыздағы тартымды сәттер.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?