taza-kaz

«Бұқар жырау – бақ мекенім»


10.12.2022

29-қарашада Ботақара кентіндегі кітапхана қызметкерлері Смағұлова Еркем және Мұқан Іңкәрдің жүргізушілігімен, орталықтандырылған кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен  «Бұқар жырау – бақ мекенім» атты тарихи сағат өтті. Шараға ауданымызда тұрып жатқан зейнеткерлер, өздерінің еңбек жолдарын 1997 жылы Токарев және Бұқар жырау аудандары біріккен кезде түрлі басшылық қызметтерде болған  азаматтар мен азаматшалар қонақ болып шақырылды. Олар – Сара Айсанова, Светлана Колоскова, Мұрат Исабаев, Қанағат Жұмашев, Бауыржан Нұрахметов, Виктор Грушко, Мариваш Ибраева, Айнагүл Искакова болатын. Сонымен бірге жуырда мерейлі 85 жасқа толған ауданымыздың Құрметті азаматы, бүгінде Астана қаласында тұратын Орынбасар Жақаева да осы шараға шақырылған болатын. Жер алыстығы, денсаулық жағдайына байланысты ол кісі келе алмады.

Екі ауданның біріктіріліп, оңтайландырылғанына 25 жыл сынаптай сырғып, өте шығыпты. Сол кезде ел билігінің басында жүрген басшылар бүгінгі таңда бейнетінің зейнетін көріп, немере тәрбиесімен айналысып, туған-туыстарымен араласып, мәнді де мағыналы ғұмыр кешуде. Ол кісілер осындай шараға құрметтеп шақырғандары үшін кітапхана ұжымына алғыс айтты.

Он бес одақтас республика өз алдына бөлініп, Қазақстан республикасы егемендігін алған жылдар елдің үлкен және кіші тұрғындары үшін үлкен ауыртпалығымен келді. Ауылдардағы жұмыскерлердің шаруашылықта еңбек еткен жылдары үшін техника, жер телімі, пайларын бөлісулері үшін жылдың қандай да бір мезгіліне қарамастан жол үстінде, ауылдарда болып, сол кездегі заңнамаларды қолдана отырып, түсінік, ақыл-кеңес берген, пайларын есептеген басшылар өткен жылдарға көз тастады. Естерінде қалған ерекше  жағдайларды ортаға салды. Мұрат аға Ойдашұлының сол кездегі аудан басшыларымен -Амантай Рахимов, Тілеубек Зейнешев, Еркебұлан Нашаров т. б. қарым-қатынастары, әріптестік сыйластықтары, мәселелерді шешу кезіндегі ой ортақтығы – бәрі де естелікті тыңдаған адамдарды тебірентті.

Ол жылдар әлі күнге дейін адамдардың санасынан өшкен жоқ. Еңбекақы, зейнетақының берілмеуі, жарықтың болмауы, жұмыстың барлығының адам  қолымен атқарылуы, көмірдің, азық-түліктің қат болуы адамдардың еңсесін түсірді. Алдағы өмірге сенімсіздікпен қарағандар да табылды. Қиындықтарды біртін-біртін жеңу қажет болды. Өз мамандықтарына адал жандар да, күнкөріс жағдайымен сауда, басқа салаларға кетіп қалған адамдар да болды.

Бұл тұста елімізде тұрған өзге ұлт өкілдері тарихи отанына көш түзеді. Үлкен салмақ сол кездегі архив қызметкерлеріне түсті. Қазақ жерінде еңбек етіп, өз тарихи отанында зейнетке шыққан адамдар үшін Қазақстандағы еңбек еткен жылдардағы құжаттары қажет болды. Екі аудан қосылып, жұмыс ауқымы күрт өскен архив қызметкерлері әрбір адамның құжаттарына жауапкершілікпен қарап, ауқымды жұмыстар атқарды. Сара Айсанова сол жылдары ауданымызды басқарып отырған басшылардың осы мекемеге келіп, қызметкерлердің жұмысымен, ғимараттың жай-күйімен танысқанын еске алды. 

Әрбір естелік айтқан адам – Мұрат Ойдашұлы, Светлана Алексеевна, Виктор Грушко, Бауыржан Нұрахметов, Қанағат Жұмашұлы осынау мамыражай уақытқа адамдар бір-бірімен араласу арқылы, бірін-бірі сыйлау, шыдамдылық, сабырлылық танытулары арқылы жеткендерін жеткізді.

Қандай қиын кезеңдер болмасын ауданымыздың мәдениет саласы ерекше еңбек еткенін, адамдардың рухын көтергенін де еске алды Виктор Грушко. Ол кездерде көшелер сайысы, Наурыз, масленица мерекелері дүбірлеп, адамдарды бір сәт серпілтіп, қиындықтарды ұмытуға әсерін тигізген.

Бүгінде арамыздан алыстап, бақидан орын алған Раушан Жұманова апайымыздың атына көптеген естеліктер айтылды. Осы шараға белгілі себептермен келе алмаған ауданымыздың Құрметті азаматшасы Мүгүлсім Шибаева, ауданымыздың барлық өнерпаздары адамдарды үнемі жігерлендіріп, рухтандырып, жақсы істерге шабыттандырып, көңілдерді көкке шарықтатқан жандар.  

Бізбен бір ғимаратта қызмет ететін, қашанда айналасына нұр шашып жүретін Айнагүл Әкімқызы да жоғарғы оқу орнын тәмамдап, отбасын құрып, кішкентайлы болған 90-жылдары да әкімдік ішінен жұмыс тауып, Тілеубек Ережепұлының хатшысы болып еңбек жолын бастапты. Жас келіншектің пысықтығы мен ширақтығына, қандай да бір істі тез орындайтынына ол кісі тәнті болған екен. Осында қонаққа шақырылған басшыларды Айнагүл Әкімқызы сол кезден біліп, қызметтерінің барысына қанық болғанын есіне алды.  

Әрбір атқан таң осы таңда атқарылған істерімен тарих қойнауына кетіп жатады.Қанағат Жұмашұлы ағамыздың да еңбегіне осы жерде қанық болдық. Әрбір айтылған сөзді жүрегімізден өткіздік. Осы басшылардың біреуі де халыққа қатты сөз айтпаған, жұмысына адалдығымен, адамдарға деген мейірімімен, жылылығымен есте қалған адамдар. Қиын жылдардағы басшылықтары сол кездің талабымен үйлесіп, қаншама адамның осы уақытқа ол кісілерге деген алғыс сезімімен жетуіне әсерін тигізген.

Теледидар арқылы сол кездегі басшы Орынбасар Жақаеваның өмір және еңбек жолдарына қанықтық.  1975-1990 жылдары ол кісі Ульянов аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланады. 1990-1993 жылдары аудандық кеңес аппаратында қызмет етіп, аудандық кеңес төрағасының орынбасары болып тағайындалады. Партия органда- рында көп жыл атқарған мінсіз қызметі үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Қазақстан Компартиясының Құрмет грамотасымен марапатталады. Қазақстан Республикасының дербес зейнеткері, 2001 жылдан Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы атанды.

Онан соң «Сандар сөйлейді» деген ойын ойнатылды. Онда ауданымыздың тарихына қатысты жыл көрсетіліп, жиналғандар бұл жылы ауданымызда қандай оқиға орын алғанын айтуы қажет болды.

Ақ дастархан басында ыстық шәй ішіп, байыпты сұхбат құрып, өткен жылдарды тебірене еске алған адамдардың өмірі көпке үлгі десек артық айтпаспыз. Бір-бірімен кездескенде ол кісілердің қуануына, шаттана әңгімелесуіне қарап, қызығасың.

Орталықтандырылған кітапхана меңгерушісі Гүлайым Қабдуәлиқызы мен Іңкәр Қанатқызы қонақтардың бәріне сөз берді. Әрбір адамның айтқанын қызыға тыңдадық. Біз де ол кездері жұмыс істегенімізбен, ол кісілердің өткен қиындықтарын басымыздан кешіре қоймаппыз.

Осы шарадан бәріміз жақсы әсер алып қайттық. Ұжымның қабағынан төгілген жылы шуақпен жылындық. Ұжымның өзіне тиесілі заманауи ғимараты болсын деген тілегімізді іштей тіледік. Барлық қонақтар ұжым қызметкерлеріне ең керемет тілектерін білдірді.

Шара соңында жиналған қонақтар ұжыммен бірге естелік суретке түсті. 

Қ.Ахметова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?