taza-kaz

«Жас ұрпақтың қадірменді бағбаны»


19.11.2022

Қараша айының 11-жұлдызында аудандық балалар кітапханасы мен аудандық мұражай бөлімі бірлесіп «Coworking» орталығында жерлес ақын, балалар жазушысы Қабыл Боранбаевты еске алуға арналған шара өткізді.

Шара «Рухани жаңғыру» және өлкетану жұмыстарын жандандыру мақсатында өткізілді. Мұражай қызметкері Искакова Перизат Кәріғұлқызының кіріспе сөзінен басталды, одан әрі жазушының өмірбаяны мен шығармашылығы баяндалды.

Мұражай қызметкерлері дайындаған жазушының тұтынған заттарын, яғни экспонаттар көрмесін таныстырды. Көрмеге жазушының ақ көйлегі, жейдесі, қалта сағаты, қолға ұстаған папкасы, баспа машинасы қойылды.

Одан әрі аудандық балалар кітапханасы ұсынған «Жас ұрпақтың қадірменді бағбаны» атты кітап көрмесіне шолу жасалды. Көрмеде балалар әдебиеті бағбанының «Тапқыр бала», «Алтын күз», «Сарыарқа – алтын бесігім» кітаптары қойылды, жазушының 95 жылдығына, 100 жылдығына арналып басылып шыққан жинақ кітапшалары мен ақпараттық қағаздары, «Орталық Қазақстан», «Сарыарқа», «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» газеттеріне ақын жайлы жарияланған мақалалар, отбасылық суреттері мен шығармашылық жолындағы тарихи кездесулерінің айғағы болған фото-суреттері ұсынылды.

Аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі қаламгердің ауылдастары мен көзкөрген әріптестері мен отбасы, бала-шағасының естелік әңгімелерін баяндап берді.

Одан әрі теледидардан жазушының қызы Сайран Қабылқызының әкесі туралы естелік бейнеролигі көрсетілді және жазушының атындағы Жаңақала ауылдық «Қабыл Боранбаев атындағы» мектебінің оқушылары өлеңдерін оқыды.

Сондай-ақ «Ашық микрофон» жарияланып, оқырмандар ақынның өлеңдерін дауыстап оқып, талдады. Кеш соңында қаламгердің латын тілінде жазылған шығармалары келген көрермендерге оқуға ұсынылды. Танымды кеш тағылымды оймен түйінделді. Ортаға жиналған қауым экспонаттар көрмесі мен кітап көрмесіне шолу жасады. Барлығы бірлесіп ортақ суретке түсіп, мәз-мейрам болып тарқасты.

Қабыл Боранбаев (1.07.1915-5.03.1978жж.) - балалар ақыны. 1915 жылы шаруа отбасында дүниеге келіп, он жасынан әкесіне мал бағуға көмектесе жүріп,ауылдағы бастауыш мектепті бітіреді.

Әкесі Боранбай ән айтатын, құмай тазы ерітіп, аңға шығатын сері адам болған. Анасы Ханша 23 жасында Рауанда, Мекетай, Әбілқақым, Қабыл атты 4 ұлымен жесір қалады.

1932 жылы комсомолдық жолдамамен Қарағандыға келіп, біраз жыл шахтада жұмыс істейді. 1936-1937 жылдары Петропавлдағы педагогикалық техникумға түседі. Оны бітірген соң, Қарағандыдағы Киров атындағы орта мектепте ұстаздық жолын бастайды. 1937-1943 жылдары Алматы қаласының Абай атындағы Қазақ педагогика институтын тәмамдап, 1943-1946 жылдары жалынды жас Балқаштағы орта мектепте мұғалім, ел басына қатер төнген соғыс жылдары Түркістан педагогикалық техникумында директордың орынбасары, Қу ауданында орта мектеп директоры қызметін атқарады. 

1943 жылы Ворошилов (қазіргі – Бұқар жырау) ауданында оқу бөлімінің инспекторы қызметін атқарып жүрген кезінде ортақ Отанды қорғаушылар сапына алынады. 1955-1956 жж. Ворошилов аудандық білім беру бөлімінің инспекторы қызметтерін атқарады. 1956 жылдан өмірінің соңына дейін Бұқар жырау ауданына қарасты Жаңақала орта мектебінің директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болады.  

Ұлт мақтаныштары - М.Әуезов, С.Мұқанов, С.Бегалин, Т.Жароков, Ж.Саин, М.Әлімбаев сынды ақын-жазушылармен жақсы таныс болып, бірге қызмет етеді.

Қазақ ұлттық поэзиясының өркендеп дамуына қосқан үлесі зор. Әсіресе, балалар әдебиеті қорын толықтырып, «Дәурен» (1949) деген атпен, одан кейін «Ант»(1950), «Дос отряд» (1955), «Балалар шаттығы», «Жаңарған жазық» (1962), «Тапқыр бала», «Дән  дария» (1977) атты өлең жинақтары жарық көрді. 1950 жылы балалар әдебиетін өркендеткені үшін Қазақ ССР-і  Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасына ие болады.

1978 жылы көз жұмған ақын Бұқар жырау ауданының Жаңақала ауылында жерленген. Есімін есте қалдыру мақсатында кейінірек Жаңақала ауылындағы орта мектепке есімі берілді. Әуесқой сазгерлер Қ.Шыныбек ақынның «Үкілім-ай, балым-ай», Ж.Елжанов «Іздеймін сол қызды» өлеңдеріне ән жазған.

 

А.Ерубаева



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?