taza-kaz

Республика күніне арналды


05.11.2022

«Сарыарқаның әуендері» халық шығармашылығының облыстық байқау-конкурсы Бұқар жырау ауданында өтті.

Қазақстан Республикасы күніне арналған Қарағанды облысының ауылдық аудандары мен қалаларының арасында өтіп жатқан «Сарыарқаның әуендері» атты халық шығармашылығының облыстық байқауы Бұқар жырау аудандық мәдениет үйінде өтті. Әр аймақтан келген өнерпаздар өз өнерлерін көрермендерге тарту етті. 

Сайыста дәстүрлі өнер иелері бақ таластырды, өңірлерден келген өнерпаздардың бәсекесі жайлы тарқататын болсақ дәстүрлі әнші, жыршы, термешілер мен күйшілер қатысып, өз қоржындарындағы шығармаларын орындады. Облыстық байқауда қазақ қол өнері де насихатталды. Онда этноауыл стилі жасалып, түрлі қазақи бұйымдар ұсынылды. Сондай-ақ қойылымдарға да кезек берілді. Осылайша «Бала Қазыбек» (Ақтөбе ауылы), «Елім-ай» (Жаңаталап ауылы), «Алаш арыстары» (Ботақара) қойылымдары қойылды. Одан әрі фойеде  «Тәуелсіздік таңы» көрмесі ұсынылды. Көрмеге Ақбел, Бұқар жырау, Доскей, Сарытөбе, Тоғызқұдық, Қарақұдық, Шалқар, Керней, Қушоқы ауылдары және Ботақара кенті өз бұйымдарын ұсынды.

Фестивальдің мақсаты - халық ішінен шыққан таланттарды, қолөнершілерді анықтау және елге таныту. Ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттау болды.

Өнер бәйгесінде тартысқа түсетін аймақтардың әділ бағасын беріп, облыстық байқауға жолдама сыйлайтын әділқазы алқасы құрамына кезек берсек - облыстық мәдени-сауық  және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы  Садвокасова Кағиза Сүлейменқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижері, көркемдік жетекшісі Шоқанбаев Әбілтай Жақанұлы, Республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің артисі Жүкенова Арайлым Танашқызы, ОМСжХШҒӘО-ның үлгілі «Қуаныш» хореографиялық ансамблінің жетекшісі Тойболдина Айман Нұрланқызы, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы, «Сарыарқаның сәндік-қолданбалы өнері және ою-өрнегі» («Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша) зерттеу экспедициясының қатысушысы  Елубаева Мейрамкүл Айдарханқызы.

Осы конкурстан жүзден жүйрік шыққандар қараша айында Қарағанды қаласында өтетін гала-концертке жолдама алады.

Қойылым мен көрме «Мәңгілік жаса, қыран елім - Қазақстаным» атты концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Концерт «Балдәурен» бишілер тобының «Ұлы дала» композициясымен ашылып, Алуана Айтбекованың «Үкілі әуен» әні тамашаланды.  Сембек Бригадтың «Алтын заман-ай» әніне көлеңкелі қойылым қойыла отырып орындалды. «Эдельвейс» үлгілі хореографиялық ансамблі «Менің Қазақстаным» композициясын ұсынды. Одан бөлек сахна төрінде «Туған жер», «Асыл арман», «Әдемі-ау», «Ботақара баурайында», «Ақмаңдайлым», «Отан-ана», «Самал тау», «Ауылды ұмытып кетпеңдер», «Мен сені сүйемін - Қазақстан», «Аққұм», «Ақбұлақ», «Көгаршын», «Жаңа ғасыр вальсі», «Берегись автомобиля», «Қазақ елі осындай», «Туған жер туралы ой-толғау», «Қазақтай ел қайда» әндері мен халық әндерінен поппури шырқалды және «Ерке сылқым», «Адай» күйлері күмбірлеп, «Сарыарқа», «Қуан жұртым» өлеңдері оқылды. Мың бұралған бишілердің орындауында «Қазақ биі», «Хорезм», «Көңіл күйі», «Пастушки и барашки», «Мир без войны» композициялары қойылды. 

Жарты күнге созылған бұл фестиваль ақын Төлеген Айбергеновтың «Бір тойым болатыны сөзсіз менің» өлеңін дөп басқандай. Себебі, жиырма бестің бәрін де сабылдыртты, кемпірлерге қыз күнін сағындыртты, қайта алмады қарты да бір ән салмай, себебі ортаға тасталған ұран сондай. Жанам деген жүректерге от берді, жеңгейлердің толтырды гүлге етегін. 

Іріктеу нәтижесінде жеңіске ие болған жерлестерімізге облыстық байқауда сәттілік тілейміз! Бұқар жырау ауданының намысын қорғап, жырлап кетсе хан-қараны ұйытып тілінен меруерт төгілген жырау, сөйлеп кетсе арғы-бергіні қозғайтын  шежіреші ғұлама Бұқар бабамыздың  өлкесін жарияға жар салдырып, толағай табыстармен келіңіздер! Сәт сапар!

А.Ерубаева

Д.Торжановтың суреттерінде: байқаудың тартымды сәттері осындай.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?