taza-kaz

«Руханият» салт-дәстүрді жаңғыртты


22.10.2022

Қоғамда аға буынның тарапынан жастарға айтылатын сын да, мін де көп. Өскелең ұрпаққа сенімсіздік танытып, көңілдері толмайтынын бәріңіз байқаған боларсыз. Әрине, орынды. Шаханов ағам айтқандай, батыстың цивилизациясын алам деп, канализациясына батып бара жатқанымыз рас. Алайда, бар жауапкершілікті бесіктен белі енді шыққан балаға  артып, оны даттай берген дұрыс емес. Азан шақырылып аты қойылмаған, қалжасы келіп, бесіктің иісін сезбеген балаға қазақы қан қайдан дарысын?

Осы орайда, Бұқар жырау ауданының руханиятын жаңғыртып жүрген «Руханият» ҚББО қабырғасында «Салт-дәстүрлер» сыныбы ашылғанын сүйіншілеп хабарлаймын.

Жарықтың жылдамдығымен дамып жатқан қоғамда біздің ата салтымыз кенжелеп бара жатқандықтан, бұл сыныптың шоқтығы биік. Ас қайырмайтын аталар мен ертегі айтпайтын әжелерден тәрбие алған бала ұлтына қызмет етпейтіні анық. Салт-дәстүрлер сыныбының мақсаты – қазақтың сүйегіне сіңіп, қанына дарыған ата салтын жаңғыртып, шәкірттерді ұлтжанды тұлға, сапалы қазақ етіп тәрбиелеу.

Қазақ баласын «ұят болады», «обал болады», «сауап болады» деген үш-ақ сөзбен тәрбиелеген ұлы халық. Дамыған елдердің этика негіздері мен мәдениетін біздің қазақ бабамыз хат танымай тұрғанда-ақ біліп, баласының басынан сипап, арқасынан қағып үйреткен. Жігітті жігерлі етіп, қызды қырық үйден тыйып, қылықты қып баптаған. Дүниенің түкпір-түкпіріндегі ғалымдардың оқып-зерттеген тәрбие негіздерін біздің халық бесікте жатып-ақ сіңірген. Сол себепті, қазақ баласы үшін қазақи  салт-дәстүрден артық тәрбие жоқ.

Білуімше, бұл өңірімізде баламасы жоқ жалғыз үйірме. Шәкірттерге анасының құрсағына біткен күннен бастап кездесетін барлық салт-дәстүрлер туралы түсінік беріледі. Оқу бағдарламасы құрсақтық кезең, сәбилік кезең, балалық кезең, жасөспірімдік кезең, балғын жастық шақ, жастық шақ, кемелденген кезең, қарттық шақтарға бөлініп, әр кезеңнің ерекшелігі мен оларда кездесетін жөн-жоралғыларды қамтиды. Бұдан бөлек, практикалық сабақтар өтеді. Қыздар шаш өру, тұрмыстық дүниелерді меңгерсе, ер балалар мал сою әдебі, табақ тарту, ет мүшелеу сияқты өмірде қажетті білімді игереді.

Бұл сыныпта берілетін білімді мектеп бағдарламасында немесе арнайы мекемелерде бермейді. Бұл - таза отбасында берілетін тәрбиенің негіздері. Өкінішке қарай, қазіргі таңда балаға тәрбие беру былай тұрсын, жөн білмейтін ересектер қатары көп. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан дәстүрлеріміз үзілмес үшін осы сыныптың маңызы зор. Оқушылар өміріне азық болатын құнды білім алады.

Осы айдың басында ғана баласын салт-дәстүрлер сыныбына жіберген ата-аналар «балам, ақыл айтқанда ұялып қалдым», «ұлым «ас қайырыңыз» деп бата сұрады» деп, алғашқы пікірлерін айтып, алғыстарын білдіргенде төбем бір көкке жетіп қалады.

Әр бала - бөлек әлем. Санасы мен жаны таза балаға қандай тәрбие берсек, өмірі де солай жалғасып кете бермек. Бүгінгі қыз бен ұл - ертең-ақ әке мен ана атанып, ұрпақ тәрбиелейді. Олай болса, қазақтың баласына қазақи тәрбие берейік. Қазақ білімді болсын, сапалы болсын, саналы болсын.

 

Баян Құдайберген,

«Руханият»

 ҚББО педагогы



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?