
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
«Тіл - қазына» көшпелі семинар-тренингі ауданымызда

Қарағанды облысы аумағында «Тіл - қазына» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясындағы көшпелі-семинар тренинг біздің ауданымызға да жетті. Ағымдағы жылдың 15-қыркүйегінде аудандық мәдениет үйінде «Тіл - қазына» тақырыбымен семинар-тренинг өткізілді.
Үшінші жартыжылдықтың тамыз-қараша айлары аралығында Қарағанды облысы аумағында мемлекеттік тілдің қоғамның әр саласында қолданылу аясын кеңейту, ақпараттық кеңістікте мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәртебесін арттыру, қазақша контенттер қатарын көбейтуге атсалысу, отбасында мәдени мұраны сақтау және насихаттау, қазақ халқының ұлттық құндылықтарының сақталуын дәріптеу мақсатында «Тіл – қазына» жобасы іске асырылуда.
Осы жоба аясында мынадай іс-шаралар жүргізіледі:
Қарағанды облысының 11 өңірінде өтетін көшпелі семинар-тренинг
Мақсаты: мемлекеттік тіл саясатын және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы», «Жарнама туралы» ҚР Заңдарының талаптарын көпшілікке кең ауқымда түсіндіру.
Мақсатты топ: Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, этномәдени бірлестік өкілдері, белсенді жастар, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері, тіл жанашырлары.
Әлеуметтік желіде «Қазақ тілі 24/7» контентін қалыптастыру
Мақсаты: бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде әлеуметтік желілерде қазақтілді сапалы контентті арттыру, өзге ұлт бүлдіршіндері мен жастарының қатысуымен «Қазақшаң қалай, балақай?» атты бейнероликтерді кең ауқымда тарату арқылы өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілге деген оң көзқарасты қалыптастыру.
Мақсатты топ: танымал блогерлер, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері, оның ішінде балабақша бүлдіршіндері.
«Үлгілі отбасы» облыстық байқауын ұйымдастыру.
Мақсаты: мәдени және ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қазақ халқының салт-дәстүрлерін насихаттау әрі жаңғырту арқылы өскелең ұрпақ арасында еліне, жеріне, тіліне деген сүйіспеншіліктерін арттыру.
Мақсатты топ: облыс аумағындағы қала және аудан тұрғындары арасында толық отбасы мүшелері (ата-ана, ата-әже, балалар мен немерелер).
Жоғарыда аталып өткен өлкеміздегі шара Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қарағанды облысы Бұқар жырау аудандық филиалының төрағасы Акишев Амантай Нұртайұлының алғы сөзінен басталды. Амантай Нұртайұлы өткелі отырған шараның мәні мен маңызы, міндеті мен ерекшелігі туралы аз-кем ақпарат беріп, ортаға «Бұқар жырау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту» бөлімінің басшысы Оспанов Айдар Әбкенұлын шақырып, сөз берді:
- Бүгін міне игі шара өткізу мақсатымен ауданымызға тіл жанашырлары келіп отыр. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда тіл мәселесі өте маңызды мәселелердің біріне айналды, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауларында осы іске аса мән беруде. Қазақ тілі Қазақстанда үстемдік жасауы керек. Бүгінгі шараны қоштап келген көрермендерге алғысым шексіз, - деп ізгі тілегін білдірді.
Кештің модераторы Амантай Нұртайұлы келген қонақтарды таныстырып, сахна төріне жайғастырды. Ең алдымен Астана қаласының Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл - қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызы «Қазақ тілінде қолданыста бар IT жобалар» тақырыбында баяндама жасады. Соның нәтижесінде әлеуметтік платформаларда “Til Qural”(онлайн платформа арқылы мемлекеттік тілді А1, А2,В1, В2,С1 деңгейлерінде үйренуге болады); “Til media”(үштілді сайт орыс және ағылшын тілді азаматтарға мемлекеттік тілді қызықты әрі тиімді оқытуға көмектеседі); “Abai institut”(Қазақстанда және шетелде қазақ тілін оқыту және ілгерілету бағдарламасы шеңберінде әзірленген веб-портал); “Bala tili”(сайт үш жастан асқан балалардың тілдік, жазбаша және шығармашылық дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді); “SOZDIKKOR”(сайт сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін, көне, кірме, жаңа технологиялық сөздердің мағынасын көруге мүмкіндік береді); “Termincom.kz”(сайтта Республикалық терминологиялық комиссия тарапынан мақұлданған терминдер берілген); “Emle”(қазақ тілінде сауатты жазу, сөзді дұрыс айту (дыбыстау), жұртшылықтың тіл мәдениетін көтеру мақсатында құрылды); “Atau.kz”(ономастикалық электрондық базада елді мекендердің атаулары туралы ақпарат орналастырылған) ; “Qujat.kz” (сайтта мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізуге қатысты рәсімдеу талаптары көрсетілген);“Qazlatyn” (латын әліпбиіне көшудің алғашқы кезеңдерінде материалды латын әріптеріне жылдам көшіруді жүзеге асыратын көмекші құрал); «Тіл әлемі» (порталда мемлекетік тілдің қолданысын арттыруға бағытталған материалдар, пайдалы ақпараттар, жаңалықтар орналастырылған) сынды қолданыста жаңа IT жобаларының барын білдік. Аталған жобалардың құрылу мақсаты бір – ол қазақ тілінің мәртебесі. Тағылымды шараның заңнамалық тұсын бекіткен тіл жанашыры, қоғам белсендегі, «Көрнекі ақпарат және жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасы жұмыс тобының мүшесі Орынбаева Эльмира Сайлауқызы еді.
«Тіл туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар» тақырыбында баяданама жасады. Білімді мамандардың ортасында академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің доценті, Қазақстан Республикасы білім беру үздігі Қағазбаев Жаңбырбай Ахметұлы да бар еді, сахна шетіндегі трибунаға таянып, сөз бастаған ең алғашқы сәттерінен-ақ жұртты сөйлеу мәнерімен, мәдениеттілігімен, байсалдылығымен, парасаттылығымен тәнті етті. Ерекшелігі, ол кісі – полиглот. Ұлттық тілімізден бөлек орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. «Тіл ұлттың - жаны» тақырыбындағы баяндамасында тамыры тереңде жатқан тарихи тұлғалардың тіл мәселесіндегі ерен еңбектерін айта келіп, қазіргі заман мәселелерімен ұштастырып, күрмеуін шешудің жолдарын айтты. Киелі сахнаның төрінде ұлттық тілімізде баяндама оқыған ол шараға қатысып отырған өзге ұлт өкілдеріне арнап, сахнадан түсіп орыс және ағылшын тілінде жалғастырды. Өзге ұлт өкілдеріне тұрып жатқан еліне, ұлтына сыйластық ретінде мемлекеттік тілімізді меңгеруді ұсынды. Баяндаманың әсерлі болғаны соншалықты, дүйім жұрт орнынан тұрып тоқтаусыз шапалақ ұрып жатты. Шара соңында қатысушылар келген мамандарға сұрақ қойып, ұсыныстарын айтты.
Жалпы, биылғы жылы Бұқар жырау ауданында мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру, қолдану аясын кеңейту мақсатында көптеген іс-шаралар атқарылуда. Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға, оның ішінде мемлекеттік тілді және ағылшын тілін оқыту курстарына жергілікті бюджеттен қаржы бөлінуде. Бұдан басқа, «Бұқарекең жырлайды» аудандық оқулары, «Тіл жанашыры» байқауы дәстүрлі түрде өткізілуде. Сонымен қатар, Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай да ауданда түрлі іс-шаралар өткізілуде.
Өткен жылдан бастап шағын және орта бизнес (ШОБ) нысандарының қызметкерлері және этно-мәдени бірлестіктер өкілдері қысқа мерзімді қазақ тілін оқыту курстарына қамтылуда.
Ауданымызда идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды тарихи, дәстүрлі, ұлттық атауларға ауыстыру бойынша жұмыстар өз жалғасын табуда.
Сонымен қатар, ай сайын тұрақты түрде сыртқы жарнамалардың сауатты, қатесіз жазылуы бойынша рейд жұмыстары ұйымдастырылады. Айлық барысында шағын және орта бизнес өкілдеріне ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдары талаптарына сай жарнаманың рәсімделіп, орналасуы бойынша түсіндіру-насихат жұмыстары жүргізіледі, ұсыным хаттар таратылады.
Аудандық Мәдениет үйінің ішінде орналасқан коворкинг орталығында «Мәміле» клубы жұмыс жасайды. Клубтың мақсаты тіл үйренуші тұлғалармен еркін тақырыпта диалог алмасу, әңгімелер өткізу.
Қорыта келгенде, Қазақстанда қазақ тілінің мәртебесін, оның құзыретін іс жүзінде нығайту мәселесі әлі күнге өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл шындығында бәрімізге артылған жауапкершілік жүгі, барша қазақстандықтардың ортақ ісі. Отбасындағы тәрбиеден бастап, ел басындағы азаматтарға дейін өз ісінде осыны естен шығармауы тиіс.
Жоғарыда баяндалған бірқатар себепке байланысты мемлекеттік тілдің әлеуеті уақыт өткен сайын арта беретінін анық болжауға болады. Бірақ, бұл үрдісті жеделдетуге қолымызда бар ресурстарды, мүмкіндікті пайдалана отырып, баршамыз атсалысуымыз қажет.
А.Ерубаева
Ж.Макишевтың суреттерінде: президиумдігі жұмыс тобы; қатысушылар қызыға тыңдауда.