taza-kaz

Мұрасы бізге аманат


20.08.2022

Қазақ өркениетінің ең қарқынды дамыған, гүлденген тұсы – өткен ғасырдың алғашқы қырық-отыз жылының үлесіне тиеді. Бұл кезең «Байтұрсынов дәуірі» делініп те жүр. Бұлай делінуінің басты себебі - Ахмет Байтұрсынұлының ұлт ғылымының көшбасшысы болуы. Академик З.Қабдолов: «Ахаң туралы М.Әуезовтен артық айту қиын. Ахмет Байтұрсынұлы – ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының көшбасшысы. Шоқан, Ыбырай, Абайдан кейін Ахметті қоямыз. Бұл - төрт бұрышымыздың түгелденгенінің белгісіндей»,- деген еді.

Биыл Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Ахметтің қадірі - қазақтың қадірі. Алаш деп соққан жүрегі, ұлтым деген тілегі, өнімді еңбек жолы қазақтың жоғын түгендеуге, қадірін арттыруға, мәртебесін биіктетуге, тілі мен ділін түзеуге бағытталды. Соңына қалдырған мол мұрасы осы күнге жетіп қана қоймай, бүгінгі қазақ ғылымы мен біліміне алтын іргетас болып отыр. Ахметтің мұраларын тану арқылы біз көп дүниенің парқына көз жеткізе аламыз.

Ахмет халықтың санасына бірден әсер етуді, ақыл-ойын өзгертуді, көзін ашуды сауаттандырудан бастамақшы болды. Ол қоғамдық қызметін ағартушылық жұмыспен қатар жүргізу қажеттілігін түсінді. Жұртшылықтың сана-сезімін ояту үшін, дұрыс бағыт алуы үшін жаппай сауаттандыру, оқыту керек екенін ұқты.

Ахмет 1905 жылы Қарқаралыда қызмет атқарып жүрген кезінде бір топ қазақ зиялылары бірлесіп, патша үкіметінің жоғары басқару орнына хат жолдаған болатын. Онда өзге мәселелермен бірге қазақ даласында оқу-ағарту ісін жолға қою керектігін нақты талап еткен. 1913-1918 жылдар аралығында 8000 дана таратылыммен жарық көрген «Қазақ» газетінің бас редакторы бола жүріп те Ахмет Байтұрсынұлы әліппе, оқулық шығару, сауат ашу, оқыту мәселелерін бір сәт естен шығармаған. 1913 жылы ақпанның 2-де шыққан газеттің тұңғыш нөмірінде-ақ «оқу, оқыту, мектеп, медресе, ғылым, өнер, тіл, әдебиет турасында жөн көрсету» негізгі көздейтін мақсаты мен ұстанатын бағыттарының бастауының бірі екендігін айтқан.

Ахмет Байтұрсынұлы білім көзінің алғашқы сатысы - бастауыш мектепке баса назар аударады. «Қазақ» газетінің бетінде «Бастауыш мектеп» атты көлемді мақаласында автор қазақтың бастауыш мектептері қандай болуы керектігін мәселе етіп қойып, сол тұстағы қазақ жеріндегі ауыл мектептерінің жағдайы қиын екендігін, оларда бағдарлама, оқу құралдары, тіпті оқу тәртібі жоқтығын, мұғалімдердің жетіспейтіндігін айтудан бастаған.

«Қазақта балаларды оқытатын жосықтар мен кітаптар жоқ» дей келіп, оларды жазу қажеттігін және арнаулы педагогтік білімі бар мамандар даярлау керектігін жазса, енді бірде «Білімнің бас құралы - кітап» деп, білім сайысын жариялау арқылы да оқу-ағарту ісіне атсалысуға болатындығын айтады. Газет беттерінде Ахметтің мына сөзін кездестіруге болады: «Бұл күнде қазақша оқуда кемшілік көп. Әуелі, оқу құралы - кітаптар жоқ. Ноғайша оқу құралдары қазаққа үйлеспейді. Екінші, қазақ мектебінде түзелген программа жоқ, онсыз оқу бір жөннен шықпайды. Үшіншіден, бала оқыту ғылымынан хабардар мұғалімдер аз», - деп түйеді.

Ахмет Байтұрсынұлының қазақша әліппесі 40 беттік көлемде «Оқу құралы» деген атпен тұңғыш рет 1912 жылы Орынбор қаласында Ш.Кәрімов, Ш.Құсайыновтар баспасында жарық көрді. Тұңғыш оқулық қазақша әліппенің 1-кітабы болған. Оқу құралының бірінші бетінде алты тармақ өлең жолын келтірген:

Балалар!

Бұл - жол басы даналыққа.

Келіңдер, түсіп, байқап қаралық та!

Бұ жолмен бара жатқан өзіңдей көп.

Соларды көре тұра қалалық па?

Даналық - өшпес жарық, кетпес байлық.

Жүріңдер іздеп тауып алалық та!

Соңында «А.Б.» деп көрсеткен. Қарап отырсақ, бұл өлең жолдары атақты Ыбырайдың күллі алаш еліне белгілі «Кел, балалар, оқылық!» атты әйгілі шумағымен үндес.

Ахмет Байтұрсынұлы үнемі ізденістің нәтижесінде 1926 жылы «Әліппенің» жаңа түрін жазып ұсынады. Бұл жаңа құрал осы күнгідей түрлі суреттермен берілген оқулық еді. Кітап «Әліп-би» деген атпен 1926 жылы Қызылорда қаласынан 116 бет көлемде басылып шығады. Қазақ халқына бұл кітап «үлкен олжа» еді.

Ахметтің әліппе, оқулықтарының өзге түркі халықтарына, соның ішінде қырғыз еліне үлкен әсері болды. А.Байтұрсынұлы әліппелері - қырғыздардың алғаш сауат ашқан оқулығы.

Ғалымның 150 жылдық мерейтойы тұсында оны тіл маманы ретінде әр қырынан жан-жақты тани түсу де парыз болмақ. Ахметтің мұрасы зерделеуді қажет етеді. Бұл - Ахметтің тілді қарым-қатынас құралы ретінде орнына, тіл саясатына, тілдің әлеуметтік қызметіне, қазақ тілінің таза сақталуына, тілдердің байланысына, тіл болашағын болжауға қатысты ой-түйіндерінің астарына үңілу деген сөз.

Осы орайда, қазір көп талқыға түсіп жүрген өзекті мәселелердің бірі - латын графикасы. Бірнеше ғасыр бойы қазақ халқы араб графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланып келген-ді. 1929-40 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері қарай кирилл графикасы әліпбиін қолданып келеді. Осыған байланысты Баку қаласында өткен съезде Ахмет өзінің саясатының жоғарылығының, білімділігінің арқасында біздің кирилл графикасына көшетінімізді білген. Араб графикасының 14 тиімді жолын айтып өткен Ахмет ауыспауды қолдаған, алайда латын графикасына көшудің арғы жағы орыс халқының кирилл графикасы болғанын сол кездегі қолдаған адамдардың білмегенінің кесірі еді.

Алайда, бұл қателікті жөндеудің реті келген сияқты. Келер ұрпақ, біздің болашағымыз латын гарфикасымен жазып, оқыса нұр үстіне нұр болар еді.

Қорыта айтсақ, Ахмет Байтұрсынұлы – халқымыздың дарабоз, бірегей тұлғасы. Демек, тұлғаны терең тануымыз керек. Ал, тану дегеніміз - алдымен оның туған халқын, өмір сүрген дәуірін, еңбек еткен ортасын, айналасын тану, буын-буын келер ұрпақ тәрбиесі үшін өнегелі мәні, маңызы зор, халқына тұлға, тұтқа ретінде атқарған ұлы тарихи миссиясын көрсету. Десек те, Ахметтің сом тұлғасы, атқарған қыруар ісі, халқына сіңірген еңбегі дәл осындай кең көлемді мақалада, белгілі бір жүйеде әлі жете танылмай келеді.

Өскелең ұрпаққа артынан өшпестей мұра қалдырған, қазақтың қараңғы түнін жарық қылған ұлы тұлғамызға мәңгілік қарыздармыз. Ахметтің қилы заманда жазып қалдырған еңбектері, кітаптары, асыл сөздері әр қазақтың жүрегіне жол тауып, білім нәрімен сусындатып тұратыны сөзсіз.

Іңкәр Қанатқызы

Ботақара кенті



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?