taza-kaz

Абайдың туған күнінде


13.08.2022

10-тамыз біз үшін өте қастерлі күн. Біз дегеніміз – Еркебұлан Уахитов пен Әсет Мұқажанов сынды дос-жар жандар үшін. Бұл күні Әсет достың туған күні. Әсеттің айтулы күнін сылтаулатып, Абай дана тереңіне үңілеміз. Ерекең сөйлеп отыр. Мен үлгергенше қағып, жазып отырмын.

- «Ісім өнсін десең, ретін тап» - дейді ғой хәкім. Оның үш шарты бар екенін ескертеді.  Бірінші – еңбекқорлық, түңілмей харекет ету, үшіншісі орнын тап та іс қыл. Осы харекет үстінде бойымызда у тұрады – дегенді қайда қоясыз?!

- Құдайға сыйын, қайраттан, сосын үздіксіз еңбек ет. Сонда ісің нәтижелі болады. Абай дана осыдан 100 жылдан аса уақыт бүгінгі өмірдің сұлбасын көкірегімізге хаттап кеткеніне бас шайқап, тізе бүгесіз-ау!

Ақыл білім мен ғылымнан өзге болатұғын нәрсе. Бүгінгі министрлер білімді емес деп айта аламыз ба?! Жоқ, бірақ неге бәрі керісінше. Ібіліс те білімді болған жоқ па?! Сол жақсы мен жаманды айыратын ақылды дана айтпақшы, кері нәрсеге жұмсаймыз. Өкінішті-ақ... Сол құдай берген ақылды жаманға жұмсап, сотталып жатқандар қаншама?!

Ал жақсылыққа пайдалансақ, шаш етектен пайдаға кенелесің, басқаға да пайдаң тиеді. Дүниеде ашылған қаншама ғажайып жаңалықтар бар. Оны ашқан не? Әлбетте –ғылым. Ақыл иелері құранды аш дейді. Сонда бүткіл ашық жол айқын көрініс тапқан.

Әсет:

- Құранда «Ақыл иелері – ойланбайсыздар ма?» деп бірнеше жерде айтады. Абай сондағы нені айту керек екенін айтады, тәпсірлейді. Құдайға сыйынып, еңбек ет, қара жер де жемісін береді. Еңбектің өзі бес уақыт намаз сынды ғибадаттың бір түрі. Адал еңбек, теріңді сат, сонда елден бөлек боласың - деп ғибраттайды. Адалдықтың, халал нәрсенің бойымызға жұғымды болары хақ. Жұғымды болған соң біздің ұрпақтарымыз да арамнан таза, іске алымды да шалымды болары сөзсіз. Өкінішке қарай, өзіміз соны ескермейміз. Ұлы ақын қара сөзінде де, өлеңінде де бізге дұрыс жолды, қалай өмір кешіп, ғұмыр сүруді айқындап кеткен...

Еркебұлан:

- Құран – Алладан келген нұр - деп нұсқайды хәкім. Ғылым бір бөлек, Алла бір бөлек емес. Ғылым – Алланың бір сипаты. Ғылымсыз оқыған ғибадат та қабыл емес. Жаратылыс – хақ. Хақ –құдай аты. Ғылым - құдірет сипаты, сөз - ғаріпсіз, дауыссыз бола ма?! Айтқандай ғып  түсіндіретін ғылым ол құдайдың сипаты. Адамзатқа  құдай жаратқан нәрсенің бәрі сөйлейді. Жаратылғандардың хикметтері өте көп. Оны ғылымнан шығара алмаймыз. Алланың 8 сипаты бар емес пе?! Ғылым, құдірет...Кәләм – сөйлеуші, ғылым құдіретімен оны сезіп, тексеріп бірнеше жаңалық ашылады.

Құдайдың сөзі дауыссыз десек те, сухуфи сипаты айтқандай ғып білдіретін ғылым тілі. Осының бәрін құран арқылы түсініп түйсіну- хәкімнің терең де бұлтартпас даналығы дер едім.

Әулие адамның ғажайыбын сезінген сайын өзіңнің әлсіз, можантопай екеніңді сезінесің. Дәл қазір Абай дана өмір сүріп, бізбен дәмдес болса, мәңгіріп кетерміз-ау!

Әсет:

- Ішпек, жемек тәннің ісі деген жоқ па дана. Көкірегі, көңілі сергек жан іске берік болады.  Ал өзің тірі, көкірегің өлі болса, сөз ұға алмайсың. Данышпанның осы ғибратын ұға алмағандар бүгінде көп адасуда. Бүкіл оқу орындарында, жоғары мінбеде жүргендерге хәкімнің ғибратын түсіндіріп, көкейіне қондыру бүгінгі күннің негізгі мәселесі, - дер едім.  

Еркебұлан:

- Дүниенің көрінген һәм көрінбеген  сырын түгендеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Жибили қасиет болады ғой, ішу, жеу, көру, білу – деген сияқты. Ақыл мен ғылым кәсіби қасиет. Осы екеуін ажыратып қолмен ұстатқандай ғып Абай бізге көрсетіп берді ғой. Туа біткен қасиетті  (жибили) кәсіби  қасиетке яғни жинақталған, еңбекпен табылған харекетке ауыстырсақ – толық адам сонда болмақ.

Алла бізді осы соңғылардың сұрпынан қылғай!

Біздің әңгімеміз осындай сипатта өрбіді. Ауыз тұшынар ғибратты әңгіменің сұлбасын ғана қағазға түсірдік.

«Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады» деген Абыз сөзі бізге де тән болды. Бетін қалқыдық демесек те, көкейге қонғанын көпшілікпен бөлісуге оңтайландық.

Дана ғибраты – әркімнің сара жолына айналса деген тілек. Дәмімізді ішіп, батамызды беріп, дұрыс жолмен, хакики сипатпен жүруге бел байладық. Жасай беріңіздер, қарапайым, ғұлама даналығын бойына жинаған саңлақтар!

Абай даналығы түпсіз де терең. Сіз де соған түсіңіз!

Қ.Шыныбектегі

Бұқартанушы

 

Суретте: Е.Уахитов; Ә.Мұқажанов.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?