taza-kaz

Үш жүзге қадірі артқан Шорман еді


30.07.2022

Өткен аптада Арқа даласын дүбірлеткен орасан ас берілді. Атақты Шорман (Жұмабай) бидің құрметіне...

Біз Әсет доспен жұма күні жолға шықтық. Бұқар баба мешітіндегі жұма намазынан рухани күш алдық. Барар жер Ерейменнің саласы, атақты Шорман би мәңгілік қоныс тепкен жер. Жолшыбай Ақсуат ауылында Ерлан Алдоңғаров ініміздің үйіне түнеп, киелі жерге келесі күні дала жолын шаңдата жеттік.

Ерейменнің бұйратты төбелерінің бір саласында бұлағы мен өзені, көлі жайланған жерде Шорман биге көтерілген ескерткіш тас көз көрім жерден менмұндалайды. Айтпақшы, жолшыбай Олжабай батыр сөресіне де аялдадық.

Он шақты киіз үй мен жиылған қауым жақсылық жаршысы іспеттес. Сағат ондар шамасында ескерткіш тастың ашылу салтанаты өтті. Ақын Сайлау Байбосын көсіліп, осынау би жатқан жердің тарихына шолу жасады. Мырзағұл ұрпақтары  қорының басқарушысы Ыдырысов Сейсенбек ас барысының қандай жағдайда басталып, асығыстау жасалғандығын мәлім етті.

Ерейментау ауданының әкімі, Баянауыл әкімінің орынбасары сөйлеп, құттықтауларын айтты. Қарағанды Қаржастарының жетекшісі Шеризат Қазтаев бата-тілек айтты.

Ерейменнің имамы құран бағыштады. Өзіміздің тараптан құрылған киіз үйден дәм татып, айтыс аламанын тамашаладық.

Елдің түкпір-түкпірінен келген жампоздардың шабысы ерен болды. Шорман би жайлауын күндей күркіретті, найзағай ойнатты. Жаңбыр жаумаса да шөліркеген көңіл қалың Қаржастың өлең-өнер атты сөз сиқырының рахатына шомылдырды. Бабалар аруағы аунап жатты-ау, шамасы.

Бірінші, екінші орын деп бөлінбей-ақ, арнаулы сыйлықтар тағайындалды. Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда) Бұқар жырау атындағы, Рүстем Қайыртайұлы (Семей) Шорман би атындағы, Абзал Қабдыраш (Павлодар) Мырзағұл баба атындағы,  Аспанбек Шұғатаев (Баянауыл) Мұса мырза Шорманұлы атындағы, Рауан Қайдаров (Екібастұз) К.Ақышев атындағы, Мизан Жұмаділ (Алматы) Қ.Сәтбаев атындағы, Нұрсұлтан Рымбай (Қарағанды) Үкібай би атындағы сыйлықтарды иемденіп, ақшалай марапатталды.

Осы уақытта көкпар мен күрес жарысы өтіп жатты. Көкпардан Олжабай батыр ауылы 4-орын, Ерейментау «Ақниет» командасы 3-орын, Баянауыл ауданының құрамасы 2-орын, Темірбек ата командасы 1-орынға ие болды.

Күрес десе қазақтың делебесі қозары белгілі. Үш облыстан бөлек, құлақ естір жерден келген балуандар тартысып-ақ бақты.

Үшінші жүлде Ә.Бөкеновке (Баянауыл), екінші С.Сәлменовке (Павлодар), бірінші жүлде Е.Қажыбаевқа (Семей) табысталды. Барша жүлдегерлер осы қордың жинаған қаржылай сыйлығына ие болды. Ұйымдастырушы жерлесіміз Бекболат Әбдірайымов тебірене сөз сөйлеп, жеңімпаздарға марапат тапсырды.

Ақын Сейсенбекұлы Мұсабек бауырымның айтуы бойынша бұл бастаманы көтерген атпал азамат, Парламент депутаты, ғалым Алтынбек Нұқылы және жерлес ғалым Жамбыл Артықбаев екен. Зират құрылысын  жүргізген Бегім Әкімов, Қайыржан Қиясов та ерен үлесін қосты. Демеуші болған Сарбасов Ардақ, ақын Жанаргүл Қадырова топты құрып ұйымдастыру, жарнамалау жұмыстарына орасан үлес қосты.

Қарағанды, Ерейментау Қаржастары атынан футболка, бейсболка, тарелка жасалды. Олар таратылды. Сондай-ақ қасиетті жерді қоршаудың бастамасын көтерген Ыдырысов Сейсенбек еді. 

Мұсабек Сейсембекұлы ағасы Айбат екеуі де тудың бір шетін көтерісіп, ұйытқы болды. Қордың қоржынына бес миллиондай ақша түсіпті. Осы тойдың шығынын өтеуге зор септігін  тигізді...

Аллаға шүкір, бір кемшілігі – мына індет жайылып, сансырап қаламыз ғой деп 10-12 күн ішінде қолға алып, жұмыс жүргізілді, жаман болмаған сияқты.

Біздің тараптан құрылған киіз үйде небір саңлақтар отырып, дәм татты. Қарағандыдан келген Б.Тұрсынов, Ш.Қазтаев, А.Жүнісов, Б.Төрегелдин, А.Шохшин, Б.Әбдірайым т.б. азаматтар арқасында жиналған бір миллион қаржы да өз деңгейінде болды. Ақсуаттық Қаршыға, Самал, Ғалия қарындастарға, Ерлан інімізге мың алғыс.

Ағайыннан мал тәтті,

Алтынды үйден жар тәтті.

Асыл жардан жан тәтті,

Бұл тәттінің дәмінен,

Ақыл салған бәрінен,

Адамшылық ар тәтті.

Бұл Шорман би сөзі, ұлағаты. Он үш жасынан билік құрып, Батыс Сібір губернаторының жарлығымен Баянауыл дуанының құрылуына Шоң бимен бірге мұрындық болған. Әуелі Шоң бидің орынбасары, кейін басқарушысы болып қызмет еткен.

Шорманның өмірі қысқа болған. Мәшһүр Жүсіп: «Шорман бір сөзінде елуге жетпей  өлген кісінің не арманы бар» деп айтыпты.

Олар:

- Көп жасаған жаман болсын ба, ақсақалдар «ақ сақалды, сары тісті бол, алғаныңмен қоса ағар, қоса қартай» деп неге бата береді? - дейді. Сонда Шорман:

- Елуге жетпей қыршын жас өлгеннің қойнындағы қатыны күңіренеді, бүкіл халық күйінеді, қазақта «мешкей асқа тоймайды, жаман жасқа тоймайды, аса жақсының  өмірі қысқа болады» - деген мақал бар деп жауап береді.

Сөйткен Шорман би Күшікұлы 49 мүшел жасында бір қасақының көзбен атуы салдарынан көз жұмған. Өз тілегі келген сыңайлы.

Ұрпақтары тарихта белгілі тұлғалар. Ол жөнінде әңгіме бөлек. Мен өз тарапымнан бірер сөз қосқым келеді. Бидің Иса атты ұлының (Меккеде қажылықта өлген) Шахзындасы атам Сыпатаймен бастас-құлақтас болған. Ақылшы, кеңесшісі, әрі інілері әнші-ақын болған. Мырза деген інісі ерен әнші, композитор болған. Шахзынданың қоштасу әнін әкем айтып отырушы еді.

Жыланды-Керегетас-Ақкелін болысы болғаны мәлім. Қазіргі Мұса мырза ауылы. Таудың сыртында Шыныбек қорасы деген қонысты көріп қуанышқа бөлендім. Олай болса, Шорман баба мұраты, мирасы бәрімізге аманат. Сол аманаттың титімдейін орындаған болдық. Көпке жария болсын деген оймен жаздық. Тағы да Ереймен, Баянтаудың, Қарағанды, оның ішінде Бұқар жыраулық азаматтардың ауызбірлігі көрінді. Аруақ риза, Алла куә!

Қ.Шыныбектегі

Бұқартанушы

Суреттерде: ашылу салтанаты; айтыс шара сәттері.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?