taza-kaz

Немат Келімбетов - 85 жаста!


16.07.2022

Бүгінде көрнекті түркітанушы ғалым, жазушы,  аудармашы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, профессор Немат Келімбетовтың есімі алыс-жақын шетелдерге кеңінен мәлім. Оның «Үміт үзгім келмейді», «Ұлыма хат», «Қариялар», «Күншілдік» сияқты повестер мен эсселер кітабы оқырмандарын өмірге құштарлық, адамгершілік, адамға деген сүйіспеншілік, құрмет сезімдеріне тәрбиелейтін терең ойлы, философиялық толғанысқа толы аса құнды дүниелер. «Үміт үзгім келмейді» кітабы қазақ әдебиетінің абыройын асырып, ЮНЕСКО аясындағы ең мерейлі марапаттардың бірі – Еуропаның Франц Кафка сыйлығына ие болды.

Немат Келімбетовтың қазақ әдебиетінің байырғы бастау-бұлақтарын зерттеудегі еңбегі де ерен. Оның «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» (1991 ж.), «Ежелгі дәуір әдебиеті» (1996 ж.), «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы» (1998 ж.), «Қазақ әдебиеті бастаулары» (1998 ж.), «Ежелгі әдеби жәдігерлер» (2005 ж.) сияқты зерттеу еңбектері ұлттық сөз өнерінің түп-тамыры тереңде жатқандығын даусыз дәлелдеп берген еңбектер. Ғалымның бұл саладағы ізденістері оны Күлтегін атындағы сыйлықтың лауреаты атандырды. Л.Грунцтың «Шіркін біздің Шушикент», В.Козаченканың «Найзағай», С.Ахмадтың «Көкжиек», П.Қадыровтың «Жұлдызды түндер» романдарын төгілдіре тәржімалаған Немат Келімбетовтың көркем аудармаға қосқан үлесі де қомақты.

Қаламгер-ғалымның кітаптары орыс, украин, түрік, араб, қытай, неміс тілдеріне аударылып, жүз мыңдаған таралыммен жарық көрді.

Жұлын-омыртқа ауруымен ауырып, жылдар бойы аяқ-қолы қозғалмай төсекке таңылып жатқан жазушы-ғалымның осыншама еңбектері мен ізденістері оның өмірге құштарлығы мен қайсарлығының жемісі. Өзінің қиын тағдырын жазушы Немат Келімбетов «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологында терең тебіреніспен жеткізеді. Бұл хикаяттың бас кейіпкері Ержан (Немат ағаның өзі) - жұлын-омыртқасына жасалған аса күрделі нейрохирургиялық операциядан кейін ақырет азабын шегіп, күні-түні өліммен арпалысып жатқан қайсар азамат ретінде бейнеленеді. Бұл туралы Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов былай деп жазады: «Ержанның жұлынына бірнеше жерден аралап кесіп, операция жасаған. Алайда Ержан – белдеспей жатып беріле салатын бозборық жан емес, ол басына түскен таудай тауқыметке де, алты батпан азапқа да, өзін минут сайын қыл мойынға тақап бара жатқан ажалға да дес бермей, қасқиып қарсы тұратын қайсар жан. Рас, төбесінен төніп келе жатқан ажал үрейі кейде оның да тұла бойын еріксіз билеп алады. Әйтсе де Ержан «өліп қалам деп емес, өзінің қоғам алдындағы , туған-туысқандары мен дос-жарандары алдындағы бүлдіршіндей екі баласы мен сүйікті жары Гауһардың алдындағы азаматтық, туыстық, достық, әкелік борышын өтей алмай қаламын ба деп қорқады». Күн санап өмір шамы өшіп бара жатқан Ержанды ажал аузынан сүйікті жары Гауһар алып қалғаны хикаят-монологта зор шеберлікпен баяндалады.

Әсіресе аяқ-қолы қимылдамай сал болып жатқан кейіпкердің кітап парақтарын тілімен аударуға дейін әрекет жасап, өмір үшін күрескені әрбір оқырманның жанын тебірентіп, көзіне жас үйіреді. «Үміт үзгім келмейді» хикаяты Н.Келімбетовтың өз өмірі, өзі мен зайыбы Қуаныш, балалары Мұхит пен Қайрат туралы жазылған деректі шығарма. Кітаптың эпилогында автордың өзі былай деп жазады: «Иә, Алла берген қос арғымаққа – екі аяғыма еркін мінбей, жер басып жүрмей, жалынды жастық шақтың той-думанға толы қызықты базарын күнде аралап көрмей, көктем келген сайын кең жазира далада жалаң аяқ жүгірмей, сәйгүлік атқа сәндене мінбей, бәсекелі бәйгеге түспей, егінжайда құлаштап кетпен шаппай, сәбилерімді мойныма отырғызып алып қала парктерін араламай, асқар таулар бөктерінен бәйшешек теріп, оны қыз-келіншектерге сыйламай, өмір мұхитында балықша жүзбей ғұмыр кешіп келе жатқанына биыл отыз бес жыл болыпты».

Жазушының бұл шығармасын оқыған әр адамның көзіне талайлы тағдырды басынан кешірген, екі көзі көрмей төсекте таңылып жатса да өмірден үмітін үзбей әйгілі «Құрыш қалай шынықты?» романын жазған Николай Островкий елестейтіні белгілі. Сондықтан болар, Немат Келімбетовты қазіргілер «Қазақтың Островскийі» атап кеткені бекер емес. Әрине, өмірде ұқсас тағдырлар болады. Бірақ Немат Островский емес, қазақтың Нематы, өлімді жеңе білген қазақтың қайсар перзенті, өз батыры.

Гүлжан Рахымқұлова,

Көкпекті ауылдық

модельді кітапханасының

аға кітапханашысы



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?