taza-kaz

Бұқар жырау – дала демократиясының көрнекті өкілі


28.05.2022

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылдың наурыз айындағы Жолдауында халқымыздың көкейінде жүрген көп мәселенің шешу жолдары нақты көрсетілді. Жолдаудың негізгі өзегіне қарап, оның мақсаты – «заңға басымдық беретін», халқына құлақ асатын мемлекетшіл билігі бар, әділ сайлау өткізетін, жоғары жауапкершілікті Президенті бар, күшті Парламентті, Конституциясы тұғырлы, болашағы жарқын «Жаңа Қазақстан» құру екенін де бірден түсінеміз.

Осы орайда, бізді аса қызықтырғаны – Жолдау мәтінінде алғаш қолданылған «Дала демократиясы» сияқты біздің ұлттық санамыз бен танымымызға өте жақын ұғым болды.

Ел Президентінің мемлекетті басқарудың «суперпрезиденттік» үлгісінен бас тартып, халық ықыласына бөленетін түріне көшуді ұсынуы да осы ұғыммен тығыз ұштасып жатқандықтан, біз еліміздің шын мәнінде «демократиялық» бағыт бойынша даму жолына түскендігіне үлкен үмітпен және сындарлы сеніммен қарай бастадық.

Дала демократиясының тұғырлы негізгі – мемлекет басшысының немесе билеушісінің құрылтайда сайлануы оған бағынуы және жекелеген ақылшыларына құлақ асуы. Дала демократиясын Шыңғысхан кезінде ғана туды деу қателік болар еді. Оның түбірі тереңге кетеді. Мысалы, VII ғасырдың ұлы туындысы түркілік «Тоныкөк жырында: «Ақыл иесі, Сөз иесі Мен болдым...» - деген жолдар бар. Демек оны Қаған тыңдаған, бүкіл Түрік бұдыны (халқы) таңдаған ғой.

Бүкіл түркі – моңғол тайпаларын біріктірген Темучин де Шыңғысхан болып, демократиялық түрде Құрылтайда сайланған.

Кейініректе Мәуреннаһрдың тежеусіз әміршісіне айналған, «Соғыс тәңірі» атанған, өмірінде өзі жүргізген соғыстардың бірінде жеңіліп көрмеген, жиһангер Әмір Темірдің өзі де: «Мемлекет жұмысының оннан тоғызы кеңес – мәслихатпен, қалған біреуі ғана қылышпен жүзеге аспақ» - деген. Ақылшыларын тыңдаған.

Осы үрдіс дала халқында ешқашан тоқтаған емес. Классик жазушымыз Мұхтар Мағауиннің пайымдауынша, егер де «Көк Орданы – қазақ жұртының этникалық бірлігіне жол ашып, Қазақ хандығының мемлекеттік жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берген туған әкесі десек, ал Жошы ұлысы Алтын Орданы – ұлы бабаларымыз орнатқан даңқты Ата жұртымыз» ретінде тануға тиіспіз.

Сондықтан олардың тікелей мұрагері – ХV ғасырдың 1465 жылында құрылған Қазақ хандығы халқының – тілі, түрі, діні бір, салт-санасы да ортақ туысқан рулардың, жаңғырған орда құрамында қайта топтасып, «қазақ» деген атқа иеленуі де демократиялық бағытқа жасалған батыл қадам. «Қазақ» деген этнонимнің өзі де «еркін», «тәуелсіз» сияқты мағыналар беретін, күрделі, өрісі кең әрі менталды ұғым.

Осы мемлекеттік құрылымдардың бәрінде де дала демократиясы негізінде әр ханның өз ақылшысы немесе ақылшылары болған. Профессор Нүргелді Уәли: «Алтын Орда ханы Тоқтамыс Сыпыра жырауды өз жанында ұстаған. Бұл дәстүр Қазақ хандығында да жалғасқан. Әз Жәнібектің тұсында Асан қайғы, Жиренше шешен ханның ақылшысы, сәуегей сұрқылтайы болса, Абылай ханның ордасында Бұқарекең (Бұқар жырау, 1693-1787), Орынбай ақын, хан Кененің жанында Нысанбай жырау болған. ... Ханға ұнар-ұнамасына қарамай, ел мүддесі үшін әлеуметшіл сұрқылтай – жырау әділ сөйлеп, турасын айтқан» деп көрсетеді.

(Анар Фазылжан, «Мықты елдің белгісі – ұлттық бірегейлік / EGEMEN QAZAQSTAN, 5 сәуір, 2022 жыл)

Міне, осындай «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» сияқты ешқандай цензураны мойындамайтын, далалық демократия принципін тұрақты ұстанған ақылшылардың ішіндегі «көмекей әулие» - Бұқар бабамызды тереңірек қарастырып өтейік.

Абылай баһадүр хан, аса жігерлі әрі алған бетінен қайтпайтын өте тік адам болған. Мысалы, Жоңғар хандығы жеңіліп, Алтай, Тарбағатай өңірлері босап қалған кезде осы өңірлерге Қаракерей Қабанбай батыр бастаған наймандарды қоныстандырған. Орыс билігінің бұл жерлер Барабы татарларының жері, Урянхайлардың қонысы деп, шұғыл босатуын сұрағанда, Абылай: «Ешқандай Барабы татарларын естіген емеспін, білмеймін. Жер біздікі!», деп үзілді-кесілді жауап берген.

Міне осындай харизмасы аса жоғары жауынгер билеушіге ақылшы бола білген Бұқар бабамыз да осал болмаса керек?! Себебі оның өзі де көреген саясаткер, шебер дипломат.

Бұқар бабамыздың көптеген жырлары Абылай ханға арнау түрінде айтылады да маңызды саяси-әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Оның бір қыры: орыс отаршылдығына қарсы қажырлы күресі.

Сондықтан ол осы жолда, ең алдымен Абылайға «ойла!» дейді:

Шүршітпенен құлақтас,

Қырғызбенен жұбаптас,

Ортасында ұйлығып,

Кетпейін десе жері тар,

Кетейін десе алды-артын

Қоршап алған кәпір бар.

Ұйлыққан қойдай қамалып,

Бүйірінен шаншу қадалып,

Сорлы қазақ қалды, ойла!

Бұқар жырау асқан көрегендікпен Абылай ханды көрші елдермен дипломатиялық қатынастарға шақырады.

Екіншіден, Бұқар бабамыз Абылайға «соғыспа!» дейді.

Өкпеңменен қабынба,

Өтіңменен жарылма,

Орыспенен соғысып,

Басына мұнша көтерген

Жұртыңа жаулық сағынба!

Осы кезеңде миллионға жуық халқы бар Жоңғар (ойрат) хандығы тарих сахнасынан мүлде жоғалып кетсе де, екі жақтан қоршап тұрған Цин (Шүршіт) империясы мен күннен-күнге күшейіп келе жатқан Ресей империясы да желкеден төніп тұр еді. Екі алпауыт империяға қарсы күрескен осы кезеңде қазақтарда ешқандай ресурс жоқ еді.

Абылай хан Бұқар бабамызды тыңдады да дипломатиялық қатынастарды аса шебер әрі ұтымды түрде пайдалана білді.

Өкінішке орай, бүгінгі ХХІ-ғасырдың өзінде көптеген дамыған елдердің өзінде «шебер дипломатия» жоқ екенін көріп жүрміз. Дипломатия жұмыс істей алмаса, «зеңбіректер» жұмыс істей бастайды.

Европаның дәл ортасында қазір соғыс қимылдары жүріп жатыр.

Егер де Абылай хан оның ақыл-кеңесіне құлақ аспаса, Бұқар бабамыз демократиялық биліктің басқа бір тармағына «сотқа» да жүгінетінін айтады:

Ашуланба Абылай,

Ашулансаң Абылай,

Көтерермін, көнермін,

Көтеріп қазға салармын!

«Қаз» дегеніміз сол кездегі билер соты.

Бұқар бабамыздың ақыл-кеңестерінің тағы да бір бағыты «идеологиялық майдан». Идеологиясы жоқ елде ешқандай патриотизм болмайтыны белгілі. Бүгіндері де ашық соғыстың алдында «ақпараттық соғыс» жүргізілетінін уақыттың өзі көрсетіп отыр.

Қазақ даласына оңтүстік өңірден келіп, ислам дінін белсенді түрде таратып жатқан қожалардан сескенген орыс билігі, өздерінің қол астындағы «отаршыл билікті дұрыс уағыздай білуші» татар молдаларын көптеп жібере бастады.

Бұқар бабамыз осындай зымияндықты асқан көрегендікпен жұрттан бұрын сезіп, содан сақтануға шақырды:

Айтып айтпай немене,

Заманамыз аз келер.

Сол заманың келгенде,

Ата-бабаң қол берген,

Қожаларын қас көрер.

Ноғайларды ғалым деп,

Әулиедей көрерсің.

Ноғайлардың байлары болар сазандай,

Сәлдесі болар қазандай.

Ақыретке барғанда,

Ақ сүйекті қор тұтқан,

Қараны одан зор тұтқан,

Ноғайларды пір тұтқан,

Татарсың сонда жазаңды-ай!

Төрт ұлыс Ойрат пен Еділдегі торғауыт ұлысының ұлттық діні буддизм болатын, сондықтан сыртқы жаумен күрес кезінде исламдық идеология және оны белсенді таратушылар қожалар ХVII-XVIII ғасырларда халқымыз үшін біріктіруші факторлардың бірі болды.

Бұқар бабамыз да осы туралы:

Қалданменен ұрысып,

Жетіп күндей сүрісіп,

Сондағы жолдас адамдар:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбей,

Шақшақұлы Жәнібек,

Сіргелі қара Тілеуке

Қарақалпақ Қылышбек,

Текеден шыққан Сатай бөлек,

Шапырашты Наурызбай,

Қаумен, Дәлет, Жепек батыр қасында,

Бақ дәулеті басында

Сеңкібай мен Шойбек бар,

Таңсық Қожа, Мәмбет бар.

Бұл Таңсық Қожа дін басылығымен қатар батырлығымен де аты шыққан, Бұқар бабамызға да аса сыйлы адам болған. Кейін Абылай ханның өзі де баласы Қасым сұлтан (соңғы ханымыз Кенесарының әкесі) туғанда, азан шақырып атын қоюды Таңсық қожадан сұраған.

Бұқар бабамыздың халқымызды бірлікке, тектілікке, адамгершілікке шақырған үгіт-насихаттық жырлары да бірталай және терең зерттеулерді қажет етеді.

Біз бұл мақаламызда оның дала демократиясындағы өзіндік орны мен қырларына ғана тоқталуды жөн көрдік.

Бабамыздың жырларынан шығаратын қорытындымыз демократияның далалық үлгісі – Орталық Азия халықтарының ішінде «жеті атаға дейін қыз алысып-беріспеу» арқылы тектілігін сақтап қалған және бостандық сүйгіш Ұлы Дала оғландарына ғана тән ерекше құбылыс екені.

Осы орайда Бұқар бабамыздың қасиетті есімін иеленген ауданымыздың жұртшылығына жаңа демократияшыл Қазақстанды құру жолында жаңа табыстар мен жасампаздықтың сара жолын тілегіміз келеді.

«Тектілік гены 17-ұрпаққа дейін жақсы жұмыс істейді» - деген де ұғым бар. Бұқар бабамыздың қасиетті дүрбесі тұрған Далба тауларының Сарытау сілемдері тұсындағы Ақжар ауылының әкімі, бабамыздың тікелей ұрпақтарының бірі Ерхан Болатұлы Есентаевқа да тілегіміз осы!

Арстан ҒАЗАЛИЕВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

Қазақстан Республикасының Ұлттық

ғылым академиясының академигі,

Бұқар жырау ауданының

 құрметті азаматы

 

Бораш ТӨЛЕУОВ,

Қ.И.Сәтбаев атындағы

сыйлықтың лауреаты,

Қазақстан Республикасының Ұлттық

ғылым академиясының академигі,

Бұқар жырау ауданының

 құрметті азаматы

 



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?