
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
"Ат айдаушы айда деймін"

Ауданымызда ат спорты өнері жанданып келе жатыр. Оған күнде көрмесек те көз куә, құлақ куә.
Мамырдың маужыраған күндерінде аудан атсейістері ат спортының жарысын өткізуге бел буыпты. Ерлан Сағитов деген ауданға белгілі спортшы. Өзінің ұлттық болмысы бөлек жігіт. Сөйтіп ұлттық спорт түрлерінің аудандық фестивалі деген үлкен билборд ілінген Қарқаралы тас жолы бойындағы үлкен алаңға жиналдық. Аудан әкімінің орынбасары Ә.Шәйкенова, спорт бөлімінің басшысы О.Цыганков, облыстық "Қайрат" ат спорты мектебінің қызметкері Т.Өмірбаевтар шабандоздарға ақ тілек айтып, ұлттық жарысты бастап кетті.
Алдыңғы кезек "Теңге алу" сайысынан басталды. Төрт-бес жігіт сайланып шығып, бар өнерін салды. Әр он метрге қойылған жеті теңге орамалды іліп алып, бір метр жоғары лақтыру көзделген бұл сайыста. Ұшқыр атпен 17 секундта іліп түсу қажет. Ат пен жігіт сыналатын ептілкті қажет ететін бұл сынақ та оңай болмады.
Дегенмен палуанға оң-солы бірдей деп бірінші орынды Төлеген Серғазиев, екінші жүлдені Айдархан Абдрахманов, үшінші межені Сұлтан Нұртас иеленді.
Кезек нағыз ер жігіттің сайысы "Көкпарға" келгенде жиналғандар ішін тартып отырды.
Төрт команда жасақталған екен. Олар "Жастілек" пен "Ботақара" және "Көкпекті", "Үміткер" командалары.
Бірінші сайыс алдыңғы екі команда арасында өтіп, "Жастілек" екі де бір есебімен келесі айналымға өтті. Келесіде "Үміткер" "Көкпектіні" жеңіп, ақтық сайыста "Үміткер" "Жастілекті" тізе бүктірді. Есеп үш те нөл. Жан алып, жан берісіп ат пен азамат қана шыдайтын бұл доданы жәй сөз ету әсте мүмкін деп айтсақ жаңсақ болар. Сыртынан көрермен, жанкүйер боп риза болып отырдық, қиналып отырдық. Көкпектілік бір шабандоз аяғынан жарақат алып, көңілді күпті етті.
Додаға облыстан келген Өмірбаев Талғат пен Шабденов Бағлан деген азаматтар төрелік етті. Дода аяқталған соң кезек аударыспаққа берілді. Мұнда 14-16 жастар арасындағы болашақ шабандоздар қатысты. Сөйтіп, 50 килі салмақ дәрежесіндегі белдесуде 3-орынды А.Бодаухан, екіншісі Б.Балташ, 1-жүлдені Ә.Ысқақов иеленсе, 60 килідегі салмақтың жеңімпаздары 3 - Ә.Жиренов, 2 - М.Ғалымтаев, 1- С.Смағұловтарға бұйырды.
Бәйге алаңы Ботақара стансасы тұсында кешқұрымға әзірленді. Күн шаңдатып, борандатып, "бүгінге манағы ойының жетеді" дегендей ерегісті. "Ұрыста - тұрыс жоқ" деген шабандоздар Тай жарысын бастап та кетті.
Небәрі төрт тай қосылған бәйге 3 шақырымға белгіленген. Бір айналым демде өте шықты. Бірінші орын ботақаралық Талғатқа, екінші орын Маратқа, үшінші Ержан деген азаматқа бұйырды. Мұнан соң кезек құнан жарысқа келді. Алты шақырымдық құнан бәйгесінде 1-ші мәре сызығын кескен Қуаттың құнаны, екінші Дастан мырзаның, үшінші Сағынтай атсейістің құнаны шаңдатты.
Кезек аламан бәйгеге келді. Әрине, бұл қазақ қауымы үшін ерекше бәйге. Қиқулап, қызыл кеңірдек боп, атойлап, құбылтатын аламанға әркімнің де бар таласы. Алты ат қосылған жарыс 12 шақырымға межеленген.
Төрт айналым бойы алға шығып, басқасына шаң қаптырған Мараттың Бозқасқасы мәрені бірінші болып қиды. Екінші боп Ержанның, үшінші боп Ерқанаттың бәйгекері кесті.
Жеңімпаздардың баршасы марапатпен, ақшалай, заттай сыйлықпен сияпатталды.
Осынау дүбірлі доданы ұйымдастырған спорт комитетінің жігіттеріне, Ерлан мырза Сағитов сынды ұлт байрақты азаматқа алар асу, шығар шыңдар биікте болсын деген тілек қостық.
Қ.Шыныбектегі
Д.Торжановтың суреттерінде: “Көкпар” және “Теңге алу”; марапаттар тапсыру сәттерінен.