taza-kaz

Ұлттың ұлы ұстазы


08.04.2022

Адамзат мәдениеті тарихында алфавитпен жазудың маңызы ерекше. Жазу – адамдардың кеңістік пен уақытқа тәуелді болмай, әлеуметтік өмірдің барлық саласында кең түрде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін құрал. Әр халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс ретінде жазу - өткен мен бүгінгіні, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Еліміздің бүгінгі жеткен биігіне шығуы жолында жазу мәдениетіміздің де өз үлесін қосқанын жоққа шығармаймыз. Себебі жазу – мәдениеттің ажырамас бір бөлшегі болып табылады. Қазақ жазуы тарихында ерен еңбек сіңірген, қазақ тіл білімінің атасы, ұлт ұстазы, халқымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов екені белгілі.

Саналы ғұмырын сауат ашуға арнап, қарабайыр халықтың көзін ашуға ұмтылған жан, қазақтан шыққан тұңғыш ағартушы, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы. Өзінің өткір тілді өлеңдері, жыр-жинақтары арқылы халқының құлағына маса болып ызылдап, ұйықтап жатқан халықты оятуға талпынған, жанды жерінен шағып, болашаққа зер салуды насихаттаған. Қазақ қоғамында оқу саласына ерен еңбек сіңірген Ахмет Байтұрсынов араб жазуы негізінде жасалған тұңғыш әліпбидің дүниеге келуіне түрткі болды. Өзінің қолға алған жобасы негізінде топ алдына шығып, баяндама жасаған сәтте ағартушы ғалым: «Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады. Біздің жасынан не орысша, не ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды не жазса да қиындықпен жазады, себебі, жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық» деп айтқан болатын. Кіріктірілген сөздер мен әріптердің балалардың оқып, игеруіне қиындық тудыратындықтан, барынша жеңілдетілген, тілге оңай екендігін алға тартып, «Оқу құралы» қазақ әліпбиінің баспада жарияланып, қара домалақ балалардың қолына тиіп, көзін ашуға өз ықпалын тигізді.

Жалпы, өзі өмірбаянында былай деп жазады: «...Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім, одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім, төртіншіден, қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым» деген болатын. Талай жылдық зерттеу, тынымсыз еңбек, алға қойған мақсаттың арқасында ғалым өзінің тырнақалды туындысын көпшілікке ұсынып, жемісті нәтижесі көп уақыт өтпей-ақ байқала бастады.

«Тіл құрал» қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Ол жерде тек жазылу, оқылу емлесі ғана көрсетіліп қоймай, нақты дәлелдермен анықтамалар, грамматика, терминдер кеңінен қарастырылған. Мысалы, бүгінгі күнге дейін қолданыстан түспей келе жатқан зат есімі, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, шылау, сөз таптары, сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа, т.б. көптеген терминдерге түсінікті түрде анықтама беріп, сауат ашуға негіз болған. Әрине, бастапқыда балалар үшін бұл ұғымдар құлаққа түрпідей тигенімен, уақыт өте келе, сөйлемдердің құралу барысы, талдау жүйесіне бірізділік қалыптасып, әр бөлшекке мән беру нақты түрде жүзеге асырылды.

Талай жанның өміріне шуақ болып шашылып, талай жанның шамшырағын жағуға ықпал еткен азамат тек білім саласында орасан тер төгіп қана қоймай, баспа саласының дамуына да үлкен көмегін тигізді. Тұңғыш, жалпыұлттық «Қазақ» газетінің жарыққа шығуына түрткі болған дәл осы Ахмет Байтұрсынов болатын. Саясаттан хабар-ошар таратқан, халықпен тікелей байланыс орнатқан басылым адамдарды үнемі ілім-білімге де үгіттеп отырды.

Оған қоса, нар тұлға қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі ретінде тарихтан жақсы таныс. Тіпті, отаршылықтың отты лебі оның отбасына да өз кесірін тигізіп, қазақтың текті ұлына жала да жабылды. Ол туралы Ахмет Байтұрсынов былай деп жырлаған:

Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес - дарға асқаны, атқаны.

Маған ауыр осылардың бәрінен,

Өз ауылымның иттері үріп қапқаны, - деп күйіне айтқан.

Ахмет Байтұрсынов қашанда қазақ халқы үшін биік тұғалардың бірі, алғаш рет қазақ әліпбиін баспада жариялап, қазақ балаларының сауатын ашқан қазақтың тұңғыш ұстазы, ұлт жанашыры, елінің тілі үшін, жері үшін жаны пида болған қазақтың біртуар азаматтарының бірі екенін қанша ғасыр өтсе де дәріптеп өтеміз.

Тілі таза, намысты, өжет, текті тұлға қашанда ұрпақтардың ықыласына бөленіп жүре бермек.

 

А.Жұмагелдинова,

«Бұқар жырау ауданының мемлекеттік архивінің» КММ

архив қоймасының

меңгерушісі



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?