taza-kaz

Атауын дұрыс атамасақ қасиетті қара жерден ұят болар


31.03.2022

Адамға, жылқыға, жер менен суға ат беруге келгенде біздің қазақ халқынан шебер ешкім жоқ шығар. Әсіресе жер атауларына қарап отырсаң, халқымның тарихы жазылып тұрғандай сезінесің. Небір батыр, болмаса басқадан ерекше туған, артында сөзі қалған даналар атымен, болмаса ру атауымен, тіпті болған оқиғаға байланысты атаулар бабалардың жазып қалдырған хаттарындай. Осы атауларға сараптама жасасам, менің ата-бабаларым неткен көреген, неткен сөз зергерлері болған. Табиғатпен үйлесе алған суретшілер танығыш, дөп басып айтқыш, сұлулыққа жаны құмар жандар болғанына көзің жетеді де кеудеңді мақтаныш кернейді.

Біздің ауданымызға барлық түркі әлеміне аты мәшһүр көмекей әулие Бұқар бабамыздың аты берілуі, осыған еңбек еткен адамдардың еңбегі қандай керемет десеңізші. Жыраудың атымен аталған аудан жер бетінде біреу-ақ. Сондықтан да біздің өзімізді өзіміз тану, рухымызды жаңартып, тірілтуге жанымызды салу баба аруағы алдындағы қасиетті борышымыз болуы керек. Айналамыздағы елді мекендердің де тарихи атаулары қайтарылып, атауы өзіне жарасып, мағынасын тауып, құлағыңа жағымды естілгені ғанибет. Мысалы Баймырза, Байқадам, Шешенқара, Белағаш болып үндесе береді. Қарағанды шахарынан шығып, аудан орталығы Ботақараға қарай беттегенде әуелі Көкпекті, одан Байқадам болып салтанаты жарасып-ақ келеді де, ерке Нұраның бойында, адамға да, малға да жайлы, өзі шұрайлы деп бабаларым мекен еткен тоғыз жолдың торабында Петровка тұрады.

Әттеген-ай, Тәуелсіздігімізге 30 жыл болғанда тарихтың өзгертілмес бетіндей болып идеология жағынан ескірген Петровканы көргенде көңілің су сепкендей басылады.

Ертеде Украина жерінен әкелінген бес отбасы сол жақта Петровка  ауылында тұрған екен де, осы жерді кіші Петровка деп атап кеткен екен. Әйтпесе нақты Петровка атауын бергені туралы бірде бір тарихи құжат жоқ. Кеңес заманында солақай саясаттың салқынымен осы атау жабысып,сіңісіп қалған екен.

Ауыл ақсақалдарымен сөйлесе келе, осы маңда шілденің шіліңгір ыстығында барып суын ішсең таңдайыңнан өтетін суы мөп-мөлдір, Мұзды бұлақ атанған бұлақ бар екен. Жер анадан мұздай болып яғни қасиетін жоғалтпай аспандағы күннің өзіне бағынбай жатқан бұл жарықтық үлкен қасиет, тіпті бабаларымның қайтпас мінезіндей, мөлдірлігі бабаларымның жанының тазалығындай көрінеді маған.

Су - тынбай ағып жатқан тіршіліктің көзі. Олай болса, осы шұрайлы мекенімізді неге Мұзды бұлақ ауылы деп атамасқа? Әрбір елді мекеннің атынан ұлттық болмыс пен ұлттық тарихтың иісі сезіліп тұратындай, ол атауды оқыған адамның бойын мақтаныш сезімі билейтіндей атына заты сай, мән-мағынасы қазақи атаулар болса қандай ғанибет!

 

А.Оспанов,

Бұқар жырау аудандық

 мәдениет

және тілдерді дамыту бөлімінің

басшысы 



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?