
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
«Ахмет – ұлт ұстазы»

Ахмет Байтұрсынұлына – 150 жыл
Жуырда, Тәуелсіздік мерекесі күндерінде «Абай» арнасынан тақырып аттас кинофильм көрсетілді. Басында «қалай болар екен?» -деген екіұдай пікірде отырған басымыз көңіл тоқтата келе фильмге кірігіп кеткенімізді де сезбеппіз.
Өкінішке орай бас жағын өткізіп алыппыз. Біз көрген тұста Мәскеуде Лениннің қабылдауында болып, онымен ұлт жөнінде пікір таластырғанына куә болдық. Жаны да, тәні де қазақ деп соққан жүректі сездік. Алаш империясы, Алашорда үкіметі тарапынан өзінің пікірін нақты деректермен дәйектеп, ұлттың рухани болмысын, территориялық тұтастығын, келешек жағдайын - бәрін тілге тиек етіп, өзінің білікті де білімді көсем екенін әрбір харекетінен көрсетіп отырды.
Біз бұл жерде ұлт ұстазының фильмге қатысты жағын қаузап, жалпы тірлігін қағыс қалдырамыз деп отырған жоқпыз. Оқыған, білген дұрыс, әрине. Алайда, фильмде көрсетеді, ұқтырады, сезінесің, сезімге бой алдырасың. Сондықтан, Ахмет ғұмырын фильм барысымен салғастыра отырып, түсіндіру, өзіміз бой ұсынған дүниеге оқырманды қанықтыру деп ұққайсыз.
Фильм барысында оның әрбір ісі мен қылығы ұлттың ұстазы екеніне көз жеткізе түседі. Кейінде Алашордалықтар «тақтан тайып» кеңес өкіметімен аралас-құралас еңбек еткенде де, бар айтар ұсыныс пікірі – ағартушылық, білім беру, оқулық шығару, мектеп ашу сынды жұмыстарға басымдық беруді көздейді. Және әр лұғатын сабырлы, салмақты қалпымен түсіндіре алады. Ал, бұған қарсы орыс тілді топтың, кеңес қолшоқпарларының уәжі ашықтан-ашық қорлау, кемсіту, өсектеу, көре алмау сынды ұятсыздықпен көрініс табады. Орыс шенеунігі Александр Лукашев Ә.Жанкелдиннің, оның қолшоқпарларының сыртынан ақпар жинау, ұлтшылсың деп күстәналау, пәле жабушылық, көпе-көрнеу көңілге кірбің, бой түршіктірер шайтани қылық екеніне налисың, жиіркенесің. Тіпті сәл сөзге келіспей қалып, оны атып жібереді. Жазықсыз ұлт ұстазының жапа шегуі – бәрі-бәрі қаз-қалпында.
Кейін, 30-шы жылдары тергеуші Саңғатовтың сөзден жаңылдырып, оны жапон шпионы, М.Шоқаймен, Ә.Каюмовпен сыбайлас болдың дегенде де, мүдірмей, сапай-саспай жауап беруі де фильмнің бір оңтайлы ашылған тұстары деп айтуға тұрарлық.
Тергеуші:
- Сіз сонша еңбек істеп, қанша ғылыми жетістікке жеттіңіз. Осының бәрі не үшін? Атыңызды шығару ма, әлде тарихта қалу ма, - деген сыңайдағы сауалына:
- Мен езілген, көп жапа шеккен ұлттың өкілімін. Сондықтан езуші ұлттан гөрі, езілген ұлтқа екі есе еңбек ету ләзім. Мен тарихта қалайын, ертең атымды айтып жүрсін деген ойдан мүлде адамын. Бұрынғы үзіліп қалған ұлт мүддесін, мақсат-мұратын болашаққа жалғау, соларға қадірлі-қасиетті дүниені шып-шырғасын шығармай ұсыну - деп жауап беруі көп жайтты аңғартады-ау.
Әлбетте, мен фильмнің бүкіл сөзін, диалогын жаттап айтып отырған жоқпын. Ол кісінің сөзі мұнан да мағыналы, көрікті. Біздікі бетін қалқу, оқырманым!
Орыс қызы Александра Сергеевнаны – Бадрисафа Сайфидинқызы деп өзгерттіріп, оны мұсылман етуі, жарының еріне деген махаббаты. Оны «Төрем» деп көкке көтеруі – өте сәтті шыққан. Әрине, өмірдегі шындық фильмде онан да түрлене түскен. Екеуінің інісінің балаларын бауырына басып, оларға деген қамқорлық ілтипаты да ұлт ұстазының бейнесін айшықтай түседі.
Тоқпанов деген екіжүзді олардың кесірінен істемеген ісін істеді деп жала жауып, соңында ату жазасына кесілуі көзіңе жас, көңіліңе мұң ұялатады.
«Білім академиясын» ашып, оған Алаш зиялыларын тартып, оларға түрлі оқулықтарды жазғызуы ерен еңбек көрінісі. Фильмде – Мағжан, Жүсіпбек, Елдос, Нәзипа, Міржақып, Сәкен т. б. бейнелері қылаң береді.
А.В.Затаевичке – 36 әнді орындап беруі және ол қазыналардың тарихын, дерегін айтып, тәптіштеу өте көрнекті жария болған.
Көркем дүниенің қорытынды кульминациясы – өте айшықты шыққан. Атылу жазасына кесілген Алаш көсемдері атқа қонып, халыққа, болашаққа өсиет айтады, тек егемен, тәуелсіз елдің бақытты, баянды боларын еске салады, қанатты сөзбен лұғат етеді. Етеді де, көкжиекке атқа қонған қалыппен бет түзейді.
Фильм – режиссері М.Есжан, сценарий авторы Ұ.Нұрғалымұлы екеуінің, барша актерлердің еңбегі нағыз ұлағатты шаруа. Бас рольдегі – майталман актер Б.Есенәлінің мықты шеберлігі Ахмет ұстазды шынайы бедерлеген.
«Әдебиет танытқыш», «Тіл құрал», «23 жоқтау», «40 мысал» т. б. ғылыми еңбек авторы, қазақ әліпбиінің атасы, ғалым, лингвист, тюрколог, ақын, публицист, қазақ баспасөз атасы Ахмет Байтұрсынұлы туралы ұлық істің бұл басы деп білейік. «Мәдениет тарихы» кітабы деген еңбегі жоғалып, оны табу, айналымға енгізу болашақ ісі. «Ахмет – ұлт ұстазы» екенін дәйектеген фильмнен алған кішкене әсер осы іспеттес.
Қ.Шыныбектегі