
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
«Жыр жазамын жүрегімнен»

Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойына орай
Биылғы жыл бойына қазақ елінің сөз өнеріне өзінің елеулі үлесін қосқан Қасым Аманжоловтың 110 жылдығы республикамыз бойынша дүбірлете атап өтілді. Кентіміздің орталығында, ауылдарда, облыс орталығында өнер сайыстары көптеп өткізілді. Осы танымдық шаралардан өсіп келе жатқан жас ұрпақ ақын туралы көптеген мағлұмат алды, өздері де мәрелі шараларға белсене қатысты, түрлі марапаттарға қол жеткізді.
Өткен аптаның жұмасында кентіміздің мәдениет үйінің сахнасында да Қасым Аманжоловтың рухына, шығармашылығына бас ию үшін ұйымдастырылған «Жыр жазамын жүрегімнен» атты әдеби-сазды шара орын алды. Бұл кеш көрермен қауым үшін басқа да өтіп жатқан сан кештерден өзгерек болды деп айтсақ артық болмас.
Жүргізуші Інжу Ермағамбетова кешті мағыналы сөздерімен бастап берген соң сахнаға Амантайұлы Азамат шығып, ақынның «Өзім туралы» әнін тамылжыта орындады. Онан соң Ақмарал Есіргепова мен Сембір Бригад көтеріліп, екеуара диалог жасады. «Руханият» қосымша білім беру орталығының тәрбие ісінің меңгерушісі Ақмарал Әзімбайқызы ұлағатты ұстаз, балалардың тәжірибелі көшбасшысы, сахна төрінен Қасым Аманжоловтың «Дүниеге жар» атты өршіл өлеңін оқыды. «Күлемін де жылаймын» өлеңімен қауымды тамсандырды.
Күлемін де жылаймын,
Жылаймын да күлемін.
Неге ғана бұлаймын-
Өзім ғана білемін.
Өкінбеймін өмірге,
Босқа келгем екем деп,
Өкінемін бір күнде,
Түк бітірмей кетем деп...
Бірнеше жылдан бері облыстық Қасым байқауларына тұрақты түрде қатысып жүрген күміс көмей әншіміз, Мәдениет үйінің қызметкері Зәуре Төлеубаева «Жас дәурен» әнін тамылжытты.
Қасымның балалық шағынан сыр шертетін деректі фильмді де тамашалады жиналған қауым. Ақ жаулықты аналар, басқа да көрермендер жетім баланың тағдырын көріп отырып, көздеріне жас алды.
Қой соңында жүрген бала өсе келе туыстарының қолына барып, білім алады, өнердің соңына түседі. Қазақтың талай таланттарындай үйсіздікті, өнер адамын қолдамаушылықты көреді, сан мәрте сағы сынады. Алайда, қандай жағдайда болмасын, сыршыл қаламын қолынан тастамайды. Ақын бәрінен күдерін үзіп, қаламын тастаса, ол өмір сүре алмайды. Киелі өнер оған рух береді, өмір сыйлайды.
Осы күнгі шара шынымен де басқа шаралардан өзгеше құрылды. Бірінен соң бірі киелі сахнаға шығып, өнерпаздарымыз өнерлерін көрсете бастады.
Өнерпаздар – Тоғызқұдық ауылының ұстазы, ақын, публицист Сұлтан Дәулетханұлы ақынның рухына өлең арнаса, Қалиасқар Шыныбектегі ақынға арнап күй шығарған және ол кісінің әнін тауып, облыстық газет бетіне жариялаған. Осы күйі мен әнді сахна төрінен көрермен назарына ұсынды
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдар Оспанов сахнаға көтеріліп, осы мерейлі күнмен, тамаша шарамен құттықтады.
- Құрметті жиналған қауым, Қасымды тану – әдебиетті, мәдениетті тану, қазақтың өлеңін, өлеңдегі өр мінезін тану, қазақты тану, өзіңді тану, рухани жаңғыру. Ақсұңқардың Серігі дүниедегі жеті алыптың бірегейі - Қасым, оның ойы ешкімде жоқ, өрнегі қайталанбайды деген. Ақынын ұлықтаған, сөз зергерін қадірлеген тыңдарман, тойың құтты болсын. Қасымды шет елдердің ұлы тұлғалары мойындаған, Мұқағалидың өзі Қасымды менің маягым деп мойындаған екен, - деп толқыды.
Онан соң Мұқағали Мақатаевтың Қасым Аманжоловқа арнаған «Қасым солай болмаса» өлеңін оқыды.
Дейсіңдер-ау, Қасымның несі басым?!
Қасым солай болмаса, несі Қасым,
«Ақынмын» деп қопаңдап жүргендердің,
Әммесінен Қасымның десі басым, - деген жолдарын төгілдірді.
Қасым поэзиясына, Қасым рухына арналған кеште жас өнерпаздар өздерінің керемет өнерлерін көрсетті. Бұл күнгі шырқалған әнде сан болмады. Қасым Аманжоловтың «Әнші қызға» атты әнін «Руханият» қосымша білім беру орталығының ұстазы Т.Сағындықова шарықтатты.
Аудан әкімі Сержан Жанабекұлы:
- Бүгін біз дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың мерейтойына арналған тамаша кеште отырмыз. Ақынның 110 жылдық мерейтойына арналған шарада аудан, облыс, республика аясында, әрбір ауыл, мектептер, кітапханалар мен клубтарда да осынау шығармашылық иесінің шаралары көптеп өткізілді. Біз әдемі режиссурамен ұйымдастырылған кеште бір жарым сағат уақыттың өтіп кеткенін де байқамай қалыппыз. Аталмыш шараны ақын мерейтойының қорытындысы деп қабылдаймыз. Ақын әндері мен өлеңдерін орындаған бауырларым мен қарындастарыма көрермендер, сіздердің аттарыңыздан алғыс айтамын, үлкен сахнада көрінуді, табыстан табысқа жете берулеріңізді тілеймін. Қарағандыда Қасымның үйі ашылғанын, Ұлытаудан бастап Қасымның туған ауылына дейін экспедиция барғанын біреу білсе, біреу білмес, - деді.
Қашанда өнер адамының шоқтығы биік, отырған орны, жүрген жері құрметті болған.
Осы өнер кешіне қатысып, көрермен қауымның жүрегіне Қасымның сөздеріне жазылған әндері мен өршіл өлеңдерін тебірене жеткізген өнерпаз қауымға көрермендер қол шапалақтарымен құрметтерін көрсетті.
Сонымен, әсерлі де мұңды кеште киелі сахнаға көтеріліп, ән мен жырдан шашу шашқан адамдар мыналар. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басашысы Айдар Оспанов, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы тірек мектебінің ұстазы, Журналистер Одағының мүшесі Қалиасқар Шыныбектегі, мәдениет үйінің әдістемелік бөлімінің жетекшісі Зәуре Төлеубаева, «Руханият» қосымша білім беру орталығы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақмарал Есіргепова, осы орталықтың вокал сыныбының ұстазы Тәттігүл Сағындықова, музыкалық сүйемелдеушісі Жасұлан Шынарұлы, Тоғызқұдық ауылының Жүсіпбек Аймауытов атындағы мектебі директорының орынбасары Сұлтан Дәулетханұлы, Шешенқара ауылдық мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі Сембір Бригад, Байқадам ауылдық клубының жетекшісі Нұркен Маратұлы мен музыкалық жетекшісі Аймағамбет Қайролла, Сартөбе ауылдық клубының музыкалық жетекшісі Жанасыл Жомартұлы, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Еркебұлан Қалиев, халық шығармашылығы әдіскері Азамат Амантайұлы мен шараның тартымды өтуіне үлкен еңбегін сіңірген бұрымды қызымыз Інжу Саматқызына көрермендер ду қол шапалақпен құрметін білдірді.
Қ.Ахметова
Д.Торжановтың суреттерінде: С.Аймақовтың шараны қорытындылау сәті; Е.Қалиев; С.Дәулетханұлы мен Қ.Шыныбектегі; З.Төлеубаева; көрермендер ризашылығы.