taza-kaz

Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар...


25.12.2021

Ыбырай Алтынсариннің туғанына - 180 жыл

Әр халықтың болашаққа бет алған тарихи даму жолында жарық жұлдыздай болып бағыт-бағдар сілтеген, сөйтіп сол ұлттың, халықтың тарихында есімдері ерекше алтын әріппен аталатын, тарихтың тереңіне кеткен зор тұлғалар болатыны айқын.

Бүгінгі таңда XIX ғасырдың шоқтығы биік тұлғалары - Шоқан, Абай, Ыбырайлар ең алғаш қазақ балаларына арналған орыс мектебінде оқып, терең білім алып, орыс халқының өнер-білімін меңгерді.

Абай, Шоқан сынды Ыбырайдың орыс достары көп болды. Солар арқылы орысша білімін жетілдірді. Өзі жазған оқулықтарды қазақ жастарының талап-тілектеріне қарай  бейімдеп құруға зер салды. Ұлы ағартушы сол арқылы мәдениеттен кенже қалған қазақ халқын өнерлі, білімді елдердің қатарына қосуға батыл қадам жасап, тыңнан жол салды.

Біз Ыбырай Алтынсаринді қазақ балаларына ең алғаш мектеп ашқан ұстаз, «Қазақ хрестоматиясы» оқулығының авторы ретінде білеміз. Алайда, осы ұстаздық, жазушылық жолында қандай қиындықтардан өткенін біле бермейміз. Сондағы Алтынсариннің мақсаты не?

1864 жылы ең алғаш Орынбор қаласында тұңғыш рет қазақ балаларына арнап мектеп ашты. Осы жайында ағартушы, ұстаз, өзінің қамқор, тілеулесі, досы Н.И.Ильминскийге  жазған хатында: «Көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды, оған 14 қазақ баласы кірді, бәрі де жақсы, есті балалар. Олар енді небәрі үш айдың ішінде оқи білетін және орысша, татарша жаза білетін болды. Кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан әсер етуге бар күшімді салып отырмын. Менің үнемі ұмтылған тілегім: қалай да пайдалы адам болып шығу еді. Қазір осыған қолым жетіп отыр», - деп жазды.

Өз туған халқын ерекше мейіріммен жақсы көрген, оның сол кездегі аянышты халіне күйініп, болашағына зор үмітпен қараған ұстаз артта қалған ел-жұртын қатарға қосудан басқа міндеті бар деп ойламаған. Ыбырай атамыз сол кезеңде қазақ балаларының парақор болып шықпауына ықпал жасап, көбінесе адамгершілік жағына да аса мән берген. Балаға білім беруде тәрбиенің де ұштасып жүретінін баса көрсеткен. Ұлы ойшыл Әбу-Насыр әл-Фараби жетілген тұлғаны тәрбиелеу үшін «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген басты қағиданы бекер айтпаған. Яғни, біз қазір ұрпаққа тәлім беруде Алтынсарин методикасына қайта оралғанымызды байқаймыз.

Сондай-ақ Алтынсарин мектептегі мұғалімнің рөліне үлкен мән берді, оның балаларға білім берудегі басты тұлға екенін дұрыс түсініп бағалады.

Ы.Алтынсариннің ұстаздық, тәрбиешілік қызметі жастарды өнер-білімге, техниканы игеруге шақыру, сол арқылы қазақ даласын жайлаған қараңғылық пен надандыққа қарсы батыл күрес ашуға бағытталды. «Кел, балалар, оқылық» өлеңінде ақын оқу-білімнің пайдасы мен қараңғылық - надандықтың зиянын салыстыра отырып сипаттайды.

Оқысаңыз, балалар,

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан,

Іздемей-ақ табылар, - деп ең алдымен оқудың адам өміріндегі орнының аса зор екенін баса көрсетеді.

Ақынның:

Өнер-білім бар жұрттар,

Тастан сарай салғызды.

Айшылық алыс жердерден,

Көзіңді ашып-жұмғанша

Жылдам хабар алғызды, -

деген өлең жолдарында қазақ қауымына озық мәдениетті елдерді үлгі етіп көрсетеді.

Бейнелеу өнерін ұтымды пайдаланған ақын жұрт ұғымында жоқ заттарды қарапайым тілмен ұғындыруға тырысты, яғни бұл деген - қазақ балаларының зерде-зейінін ұштап, ұшқыр қиялды етіп тәрбиелеуге тікелей қызмет еткендігі.

ХХІ ғасыр осы өлеңнің айқын дәлелі. Өнер-білімнің керек екенін, ақпараттық-техникалық құрылғының арқасында айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алып отырмыз, техниканың арқасында биік-биік сарайлар салып, ұшақтарға мініп, аспан көгінде жер-жерлерге саяхаттап жүрміз, көгілдір отынды қолданып ас әзірлеп,  үйімізді жылытып жүрміз.

ХІХ ғасырда өмір сүрсе де, ХХІ ғасырдың шындығын осы өлеңнің үш-ақ шумағымен суреттеп бергені тағы да Ыбырай атамыздың көреген көсем, данышпан екенін дәлелдеп тұрғандай. Мектеп қабырғасында оқыған «Қыпшақ Сейітқұл», «Киіз үй мен ағаш үй», «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімелерінен сол кездегі көшпелі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, бай баласы мен жарлы баласының өмірге деген көзқарасын, адам өміріндегі еңбек деген ұғымның мәнін Үсен бейнесі арқылы берсе, Асан бейнесі арқылы бай баласының еңбекке ебі жоқ, жатыпішер жалқау екендігін сипаттайды.

Тіл туралы айтқанда да біз ұлылардың бізге қалдырған мұралары, аманаты жайлы ойлануымыз керек. Өз сөзінде Ыбырай Алтынсарин атамыз: «Қазақтың тілі соншалықты  мол. Ләкин қазақтың тілімен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты  жатық әрі анық болар еді, егерде біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан  ілгері бастырып сөйлесе» - дейді. Осы сөзі қазақ халқын тіл тазалығын сақтауға, тілді қорламай ұрпақтан-ұрпаққа таза күйінде жеткізуге үндейді. Еліне қалтқысыз қызмет қылған Ыбырай Алтынсарин – қазақ халқы алдындағы, ұрпақ алдындағы борышын үлкен абыроймен  атқарды деп толық айтуға болады.

Менің ойымша, қоғам қайраткері, аудармашы, ұлтжанды ұстаз, «Әліппенің атасы» атанып кеткен Ы.Алтынсариннің 180 жылдығы  ЮНЕСКО көлемінде тойланып, мектеп бағдарламаларына ақынның дидактикалық сипаттағы шығармаларын  көптеп енгізу керек. Қазақ әдебиетінде Ыбырай, Абай, Шоқан есімдері шоқтығы биік болып, мен мұндалап тұрса деген ойдамын.

Сөзімнің  соңын А.Шаяхметовтың:

Алтынсарин – қазақтың жарық шамы,

Ойлағаны – аяулы халық қамы.

Жап-жасыл жайқалатын жапырағы,

Алтынсарин - елімнің алтын бағы, - деген өлең жолдарымен аяқтағым келіп отыр.

Бүгінде қазақ елінің тәуелсіз ел болғанын, халқының бірлікте өмір сүріп, жастарының еңбекқор, білімді болып өсіп келе жатқанын көрмесе де, біз Ыбырай ұстаздың арман-мақсатының орындалғаны деп білеміз.

 

Дариға Бұламбаева,

Нұра орта мектебінің

 мұғалімі



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?