
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Ұлтының ұлы ұстазы

Әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фараби бабамыз: «Ізгі және қажетті жұмыс істеген адам басқалардан жоғары тұруы керек» деген екен.
Шынында да, туған елі үшін көзсіз ерлікпен барабар қызмет етіп, дараланған алып тұлға-Ыбырай Алтинсариннің Ұлы дала елі тарихындағы шоқтығы тым биік екені шүбәсіз.
Қазақ көгіндегі жарық жұлдыздардың бірі саналатын тұлға есімі уақыт озған сайын даралана, айқындала түсіп, кім-кімге де ерекше жақын, ыстық естіледі. Әлеуметтік-саяси, мәдени тұрғыдан мешеу қалған қазақ даласына жаңа леп, тың серпін әкелген, сол жолда бар білімін, күш-жігерін сарқа жұмсаған ұлы ағартушының өмірі мен қызметі - кейінгі ұрпақтарға асыл мұра, өшпес өнеге.
Аяулы азамат, халқымыздың біртуар перзенті Ы.Алтынсариннің аузынан шыққан «Туған елге пайдалы іске қолдан келгенінше үлес қосу - әрқайсымыздың борышымыз» деген ұлағатты сөздері бүгінде әркім үшін де өмірлік қағидаға айналды. Педагог-жазушының ізденіске, күреске толы өмірінің баршамыз үшін, әсіресе өмір босағасынан енді аттаған жастар үшін ғұмырын халыққа арнаудың өшпес өнегесіндей танылуы, солай қабылданылуы заңды. Өйткені ол өзіне дейін толғағы әбден жеткен, бірақ шешімін таппаған бірсыпыра әлеуметтік мәселелерді бірінші болып қолға алып, алғаш іске асырды.
Қазақ даласында бірінші болып мектеп ашып, білім шырағын жағу, ана тілінде оқыту секілді халық өмірінде бұрын-соңды болмаған зор әлеуметтік мақсаттарды орындау Ыбырай Алтынсаринге әрине, ол кезде оңайға түскен жоқ. Оның алдында жалпы өнер-білімге, жаңалыққа, орысша оқуға барынша қарсы ғасырлар бойы қалыптасқан ескі салт-сана, надандық ұғым тұрды. Әйтсе де, халқын сүйген, оның жарқын болашағына шексіз сенген патриот, жігерлі Ыбырай Алтынсарин: «Ал енді құдай басыма не салса да мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан еш уақытта да қайтпаймын», - деп Н.И.Ильминскийге сеніммен жазғанындай, сан-сала қиындықтармен табанды күресе жүріп, әрі орыс достарының, әріптестерінің көмегін, ақыл-кеңесін де пайдалана отырып, алдына қойған негізгі мақсатын орындады.
Ыбырайдың осындай қажырлы еңбегі, күресі арқасында 1864 жылы қазақ сахарасының төрінде бұрын құлаққа шалынбаған жаңа әуен - балаларды білімге, өнерге шақырған қоңырау үні тұңғыш рет естілді. Бұл ұлы мақсатқа ғұмырын арнаған жас ағартушының осы жолдағы алғашқы жеңісі, ал қазақ халқының өміріндегі әлеуметтік маңызды тарихи оқиға болды.
Баршамызға бастауыш сыныптан етене таныс әрі ыстық «Кел, балалар оқылық!» - «Қазақ хрестоматиясының» беташар өлеңі. Жазылғанына бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, жас жеткіншектерді білімге, өнерге шақырған бұл өлеңнің маңызы бір кезде Ыбырай армандаған «өнер-білім бар жұртқа» - терезесі тең, шаңырағы биік, мәдениеті озық елге айналып отырған бүгінгі заманда да еш төмендемек емес.
Кел, балалар оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық! - деп өзінің тот баспас, мәңгі тозбас озық халықтық идеясымен бүлдіршіндерді білім бағына шақыра бермек.
Ұлжан Тлетай,
Ақтөбе орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі