
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Бұқар жырау мен Байық шешеннің айтысы

Марқұм ағамыз Қаби Құрманғалиұлы осы жазбаны осыдан жеті-сегіз жыл бұрын берген еді.
Бұл жазба басқа басылымдарға шықты-ау дейміз. Бұқар жырау туралы жиып-терген дүниені міндетті түрде жария ету өзі аттас газеттің тікелей мойнына алған міндеті деп санаймыз.
Аруақтардың рухы риза болсын, Бұқар елі бабасы туралы тың деректерге қаныға берсін деген тілекпен ұсындық, қадірлі оқырман!
Бұқар жырау мен Байық шешеннің айтысы
Белгілі жазушы, мұрағатшы, марқұм Амантай Сатаевтың жазуынша, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары башқұрт тарихшылары өздерінің қолжазба қорынан Қанжығалы Бөгенбайдың әкесі Ақша батыр мен башқұрттың Қараш атты ақынының айтысы табылғанын қазақ ғалымдарына хабарлаған екен. Бірақ, кезінде оны ешкім назарға ала қоймаса керек. Серік Жақсыбаевтың төмендегі дерегі Амантай Сатаевтың сол сөзін растай түсетін секілді. Егер байыптап ізденер адам болса, туыстар башқұрт елінің мұрағатынан халқымыздың өткені мен кеткеніне қатысты талай құнды дүниелер табылады деп ойладық.
Түркі халықтарының құрамына жататын қазақ пен башқұрт елдері ежелден іргелес орналасып, көшпелі өмір белесінде қарым-қатынаста болғаны белгілі. Тегі бір екі жұрттың етене байланысын Бұқар жырау Қалқаманұлы мен башқұрттың Байық шешен Байназарұлының арасындағы әзіл-оспақты қақтығысуы да аңғартады. Бұл қақтығысудың мәтіні Башқұрт республикасының мерзімді әдеби басылымы «Ақеділ» журналының 1970 жылғы 7-санында басылған. Бұл журнал менің қолыма өткен ғасырдың 70-жылдары іссапармен Башқұртстандағы Кемертау қаласында ашық әдіспен қоңыр көмір өндіретін кәсіпорынға барғанымда түскен еді.
Байық шешеннің кезінде «тархан» атағын алған әкесі Бұқар жыраудың әкесі Қалқаман секілді батыр болған. Байық шешен 1710 жылы Башқұртстанның қазіргі Үшалы ауданында дүниеге келген, яғни ол Бұқар жыраудан 25 жас кіші деген сөз. Байық табан астында өлең шығаруға шебер шешендік қабілетімен бірге асқан шебер күйші де болыпты. Байық шешен 1770 жылдардың басында Башқұрттың әйгілі батыры Салауат Жолайұлына (Юлаев) арнап өлең, 1812 жылы Напалеон Бонапартты жеңіп елге оралған орыс әскерлерін қарсы алып, «Байық» атты күй шығарған.
Байық шешеннің Бұқар жыраумен кездесу себебі былай болыпты. Байназар тарханның Байық, Танып, Тайып, Қайып, ТанҺық есімді бес ұлы болған. Байықтың інісі Тайып башқұттың Азыналы деген ауқатты адамның қызымен жасырын көңіл қосып, қазақ еліне қашады. Осы жағдайға байланысты Байық та қазақ даласынан кетуге мәжбүр болады. Сонда Бұқар жырау Байықпен кездесіп қалып. Оған мысқылды түрде жұмбақтап айтқаны:
Естек болдың, бар болдың,
Кең далада зар болдың.
Өзіңе жұмбақ айтайын,
Тапсам, ұлым етейін.
Таппасаң, құлым етейін,
Күндіз қойды күзетерсің.
Кешке жүнді түтерсің,
Ұйқым келді демессің.
Күндіз дамыл етерсің,
Кең далада қос ағаш.
Қос ағаштың қос басы,
Бір қазанға сыймастай.
Қос қошқардың қос басы,
Бар екен ел қасқасы.
Тұрған бейне тақырға,
Ала бөтен қақ емес.
Ай мен күндей екеуі,
Жалғыз-жалқы тақ емес.
Бұқар жыраудың бұл жұмбақ өлеңін Байық былай шешеді:
Кең далам деп айтқаның,
Елінен қашқан бұл естек.
Мақтасын деп күткенің,
Мен де көрген жер екен.
Сен де білген жер екен.
Ағатасы ту болып,
Жабу жапқан нар қылған.
Жатаған тау сазарып,
Ағаштары қуарып,
Төбе-төбе құм қылған.
Емшегінен сүт тамбас,
Шөлдеген жұтым су таппас.
Дал дегенің – сол екен.
Үрке қашып қасқырдан,
Өз ботасын қорғаған.
Аруана боздаған,
Өзге мұңы болмаған.
Мүлгіп жатқан шөл екен.
Жартастағы бүркітің,
Тұлпар мінген жігітін
Алмастырған бір бүтін.
Түйе үстінде жалбаңдап,
Құлақшыны салпаңдап,
Қазақ деген ер екен.
Қос ағашым дегенің –
Кең далада қос ылаш.
Қазағыңды кептірген,
Кең далада Қос Алаш-
Қос алаштың қос басы,
Тап алаштың қасқасы –
Бір қазанға қос антын,
Салып бірге қайнатқан
Тоқалдай күйеу сыйлатқан,
Абылай сұлтан хан екен.
Сонан соң қазақ билері қолға түсіру үшін Байықты іздете бастапты. « Елге айдар, жүрекке қанжар болғысы келеді екен», - деп, оның көзін құртуға ұйғарыпты, ал Байық болса қашып, Оралына қайтып кетіпті.
Бұқар жырау мен Байық шешеннің айтысын қазақ тіліне аударған жазушы Машқар Гумеров. Башқұртстанның тарих және әдебиет институтының фольклор секторының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Нұр Зайытовтың айтуынша, аталмыш айтыс 17 ғасырдың ортасында болған.
Өңдеген Қ.Ахметова