
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
«Ботақара – Арқаның кербез даласы»

Ботақараға – 120 жыл
Ботақара... Бұл атау мен үшін өте киелі. Себебін бұған дейін де тәптіштеген сыңайлымын. Дегенмен, тағы бір еске алып көрелік.
1987 жылы күзде ауылға қайтпақ боп Қарағандыдан билет алып тұрғанмын. Көзтаныс жаңаарқалық Саят деген жігіт: Қайда барасың? - деп сұрады. Мен: «Ульяновкаға» дедім. Ол: «ей, Ботақара» демейсің бе? Өзің өнерпазсың, соны қалай білмейсің, Иманжүсіп жырлаған жоқ па?
Мен жер боп қалдым. Содан жатпай-тұрмай Иманжүсіптің шығармашылығын іздедім.
«Бес ғасыр жырлайды» кітабында бар деп кеңес берген ақжарлық марқұм Қайрат деген жігіт.
Әйгілі Иманжүсіп әнінің екінші шумағы:
Ботақара жолымда қаласың ба,
Ереймен мен Баянның арасында, - деп келеді.
1990 жылдардың басында жаңа қызмет бастап, жан-жағыма үңіліп жүрдім. Кенттегі Мәулен ақсақалдан сұрағанда ол кісі бұл жердің тарихи атауы Ботақара екенін айтты.
Архивтен іздестірдік. Маған Бағзи апай Жекенова марқұм көмектесіп тауып берді.
1902-1905 жылға дейін Ботақара, одан Санниковское, одан Троцкий, одан Возрождение, одан – Колхозное, одан Ульянов, одан Ворошилов, одан кейін қайтадан Ульяновский болып өзгерген екен.
Бұл архив дерегі. 2001 жылдың Сарыарқа газетінің көктемгі санында «Сүйінші» айдарымен жарық көрді.
Қазақ мектебінің соңғы түлектері шамамен 1970 жылдарда аяқтаған. Одан кейін мүлдем жойылған. Мекенімізді қалай қазақыландырамыз деген тұлғалар болған шығар, алайда темір құрсаулы Кеңес үкіметі оған мұрсат бермеген-ау шамасы.
Ауданымызда сол кезде қазақтілді елді мекен саусақпен санарлық. Кеңшарлардың атауының бәрі орысша.
Енді Ботақараға келейік. 1992 жылы 29-ақпанда Шәмші қайтыс болды. Марқұм Мұқан Әйкенов ағамыз екеуіміз қапаланып отырып, сазгердің бүкіл өзіміз білетін әндерін айттық едәуір уақыт. Бұқар жырау көшесін бойлай бара жатырмын. Жаңағы вальс әндердің әсері болар, бір кезде есімді жисам, Балпаштың төбесінде «Ботақара - Арқаның кербез даласы» деп шырқап тұрмын. Екінші жолы лә-лә-ләмен жалғанды. Ішпей-жемей елту деген осы болар. Ертеңіне әнші досым Оралбекке бардым. Ол ерекше қуанып «Көзді тартар, құлпырып сай мен саласы» - деген сөздерді қосты. Сөйтіп, әннің қайырмасы дайын болды. Енді мәтін керек. Ән шығару, сөз жазу машығымызда жоқ. Әр ақынға бір барып, әйтеуір келесі жылы алғабастық Қарлығаш апай Жәркеева мәтінін жазып берді. Бұл ән Бұқар жыраудың 325 жылдығында орындалды Оралбек Жұмашұлының даусымен. Содан 2001 жылы Ботақараның 100 жылдығы тойланды. Марқұм ағамыз Тілеубек Зейнешев мені арнайы құттықтап, хормен орындалды. Әнге сыйақы бергізді.
Иманжүсіпті қайта-қайта айта беруіміз одан басқа ақындардың өлеңдерінде Ботақара атауынан басқа сөзді келтірмеуінде. Біздің тараптан ән қосқан «Ботақара» - елді мекенінің төл атауына ие болуына төтеден себеп болды. Оны қостаған Тілеубек Ережепұлы болатын. Өнерге деген құлшыныс артып, сол жылы «Шешен-Бота аңызым» деген екінші әнді дүниеге келтірдім. Ол ән де осы тойда шырқалды. Ботақара, Шешенқараға байланысты үш аңызды тауып, оны айналымға енгіздік. Көрініс жаздық.
Бәрі де жылы лебізбен орайласты. Биресми әнұран болған ән жиындарда орындалып жүрді. Алайда 2013 жылдардың соңында аудан әнұранына конкурс жарияланғанша. Хош...
Біз де қатыстық жаңа әнмен. Бұл әнім одан да өзгерек болды. Сәкен шәкіртім шырқап, елді тамсантты. Әнұран боп басқа ән бекіді. Сірә, сол кездегі әкімнің қолайына не әнім, не өзім жақпадым-ау деймін.
2018 жылы «Бұқар елі» деген жаңа әнім пайда болды көкейде. 350 жылдық баба тойында орындалды әнші Азаматтың көмейімен. Халық жылы қабылдаған сияқты.
Туған жерге бет алып шыққанымда,
Алдымен көрінуші-ең Ботақара, - деген Иманжүсіп өлеңі біздің тарапымыздан ойша жалғау тапты. Бұның бәрін неге айтып отырмыз. Кенттің қазақы атау алуына үлес қосқан әндерімізді санамалау себебіміз де сол.
Бұл әндердің, аңыздардың арқасында облыстың «Балауса» композиторлар, «Асыл мұра» өлкетанушылар ұйымына мүше болғанымды шүкір етемін.
Сазгер, шешен Бақытқали Мұсабеков марқұм «ұлттық рухқа толы екен әндерің» деген бағасы ең үлкен марапат мен үшін.
Ұлттар тарихында тілді, дінді жылдам, қысқа уақытта тұншықтыруға болады екен. Ал ән мен музыка ұлт жадында көпке дейін сақталады. Сіз Құрманғазының күйлерінен, Жаяу Мұса, Иманжүсіп, Мәдидің әндерінен рухани күш аларыңыз сөзсіз. Олардың рухы орыс патшасы қанша таптаса да қайта өрледі, кейінгіге шапақ шашты. Бізге де бір жұқанасы нәсіп болған болар.
Құдайға шүкір, қазақ байлығы баршаға жетеді. Оны сақтап қалу бүгінгінің, болашақтың зор міндеті.
Ақын да, ғалым да, шаруа ұстаған жандар аудан мен кенттің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Оларды еске алу, марапаттау да үлкен борыш.
Бұқар жырау, Доскей, Қабыл, Көшен, Ілияс т. б. өнер тарландары өсіп-жетілген өлкеден әлі талай дүлдүлдер шығар. Алайда:
Ботақара – Арқаның кербез даласы,
Көзді тартар құлпырып сай мен саласы, - деген жолдар сананы серпілтіп, ертеңге ұласарына сенемін.
Тойың құтты болсын, Ботақара!
Қ.Шыныбектегі,
Бұқартанушы, сазгер