
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Облыстық фестиваль Бұқар жырау жерінде

2021 жылдың қазан айының 7 жұлдызында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ халқының өзіндік шығармашылығын, қолөнерін сақтау, насихаттау және одан әрі дамыту, сахналық костюмдерін жаңарту мақсатын көздеген «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» облыстық фестивалі қасиетті Бұқар жырау ауданында өтті.
Бұқар жырау аудандық мәдениет үйі алаңында келген қонақтарға «Сүйінші сұрау» көрінісі көрсетіліп, ақсарбас аталып, оған арнайы бата берілді. Қазақи салтпен келген меймандарға дәм тартылды. Көпшіліктің назарын аударып, ерекше әсер сыйлаған150-ге жуық ауылдық Мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар қызметкерлері мен өнерпаздары қатысқан Жыланды тауының бөктері арқылы осы алаңға бет алған «Ұлы Жібек жолы» керуені болды.
Театрландырылған көріністе байырғы заманда жердің түпкір-түпкірінде тұратын адамдар бір-бірімен сауда байланысын жүргізген, көптеген елдер мен қалаларды байланыстырған орталықтар – базар, жәрмеңке, сауда жолдары Шығыс пен Батысқа, Оңтүстік пен Солтүстікке қарай жалғасқан керуенде асыл тастар, алтын, күміс, тұз, шипалы өсімдіктер мен хош иіс сулары, мал, қымбат бағалы аң терілері, қола мен темірден жасалған заттар, мата, азық-түлік және басқа да тауар алмасымы, яғни сауда-саттық бұйымдары өте әсерлі көрсетілді.
Мәдениет үйінің ішінде аудандық музейдің көне жәдігерлер көрмесі, Ботақара кентінің көп балалы анасы Жайқалған Күләй апаның ұлттық қолөнер көрмесі, Сарытөбе ауылының қолөнершісі Мәлік Жомарттың қолдан жасалған ұлттық бұйымдарының көрмесі, Керней ауылының зергері Қиқымов Байкен Жұмакенұлының зергерлік бұйымдары, осы ауылдың тумасы Кикимова Гүлденнің қолөнер көрмесі келген меймандардың назарларына ұсынылды. Қазақ күресінен, қазақтың ұлттық ойындары асық ату, тоғызқұмалақтан шеберлік сағаты көрсетілді.
Көрермен залында ҮІ-ІХ ғасырдағы «Түркі қағанаты» көрсетілімі арқылы түркі жұртының бірлігі мен татулығын паш етті. Ал, сахнаның төменгі жағында 8 ауыл құрылып, әр ауылда қазақ халқының ұлттық құндылықтары дәріптелді. Бірінші ауылда «Бес тас», «Хан талапай», «Асық ату» болса, екінші ауылда атадан балаға мирас болатын ата немересіне қамшы өру қолөнері көрсетілсе, үшінші ауылда жүн түтіліп, сырмақ басылып, жіп иірілді. Төртінші ауылда құсбегі мен тазы ит жетектеген ауыл серілері, домбыра ұстаған өнерлі жігіттер ән шырқады. Бесінші ауылда ою ою, баланы бесікке салып бөлеу дәстүрі көрсетіліп, бесік жыры орындалды. Алтыншы ауылда ірімшік пен құрт жасалды. Жетінші ауылда қол диірменімен ұн тартылса, сегізінші ауылда келіншектер күбі пісті.
Мерекелік шара «Ел жайлауға қонғанда» - атты театрландырылған қойылыммен жалғасты. Қыстан көтерем шыққан мал жайлауға іліккеннен тойынып, семіре бастайды. Мал ғана емес адамдар да сергіп, жиын-той өткізіп, аунап-қунайды. Жаздың осы қақ ортасын «Кеңжайлау» деп атаған.Үлкендер атпен шауып, әртүрлі ат ойындарын ұйымдастырған. Балалар әсем гүлдер теріп, көбелек қуып, суға шомылған. Ауыл жастары алтыбақан құрып, ән салып, көңіл көтерген. Сахналық қойылымда осы алтыбақан маңындағы жастардың әзіл-қалжыңдары, әннен жарысы көрсетілді.
Аудан сахнасында ән мен биден, жыр-термеден шашу шашылды. «Ботақара баурайында» халықтық фольклорлық ансамблінің орындауында Тәттімбеттің «Сылқылдық» күйі тартылса, Б.Ермұхамбетов, Ж.Бимарденова, Д.Ғабдолла «Күй тартысқа» шықты. «Гүлдер» бишілер тобы «Аңыз» биін, «Эдельвейс» үлгілі хореографиялық ансамблі «Кербез гүлдер» халық биін биледі. Көпшіліктің ықыласына ие болған Мейрамов Арман мен Аленина Викторияның қыз бен жігіт айтысы болды. А.Бердімұрат қобызда «Аңшының зарын» орындады, З.Төлеубаева халық әні «Ақ торғын», А.Амантайұлы және Ж.Кабыкенов «Гүлдер- ай» халық әнін әуелетті. Әлібек Бимендин «Бұқар жыраудың толғауын» орындаса, Қайролла Маемеровтың орындауындағы Бұқар жыраудың «Он бір тілек» толғауы композициясы көрермен көзіне жас үйірілітті. Мерекелік шараның қорытындысы «Жалын» тобының «Жүрегім қазақ» әнімен түйінделді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» - атты облыстық фестивалінде қазақ халқының өзіндік шығармашылығын, қолөнерін, ұлттық өнерімізді паш еткен қасиетті Бұқар елінің мәртебесі әрқашан биік болсын!
Қ.Ахметова
Д.Торжановтың суреттерінде: фестивальдің өту сәттерінен; және құрметті қонақтар.