taza-kaz

Ұлттық руханияттағы шығыстық дәстүр


21.03.2020

Шығыс халықтарының, оның ішінде түркі дүниесінің тарихы мен мәдениеті, әдебиеті мен өнері қазақ елінің рухани әлемімен ежелден тығыз байланыста екендігі белгілі. 

Шығыс халықтарының, оның ішінде түркі дүниесінің тарихы мен мәдениеті, әдебиеті мен өнері қазақ елінің рухани әлемімен ежелден тығыз байланыста екендігі белгілі. Бізге жеткен рухани мұралар, әсіресе, қазақ халқының фольклоры мен ежелгі жазба әдебиетінде шығыстық көріністер мен түркілік сарындар көптеп кездеседі. Қазақ әдебиетінің қайнар бұлағы болып табылатын көне түркі әдеби жәдігерлерін зерттеуге арналған құнды еңбектер баршылық. Орхон мен Енисей өзендерінің бойында жатқан “Күлтегін”, “Тоныкөк” және “Білге Қаған” сынды тасқа жазылған батырлық дастандардың көшірмесі (тасқа қашалған) біздің елге жетуі әрі әдебиетіміз бен тарихымыздан мықтап орын алуы қуантарлық жайт.

Бұл рухани асыл қазыналарымыз жалпы түркі халықтарының ортақ мұрасы екендігі дәлелденген. Ең бастысы – қазақ әдебиетінің түркі тілдес халықтарымен ортақ болып келетін ежелгі дәуірі мен қазақтың өзіндік төл әдебиеті арасындағы көркемдік дәстүр жалғастығы бар.

Ежелгі Шығыс поэзиясы мен қазақ әдебиеті арасындағы байланыс сан ғасырлық тарихы бар, бір-біріне етене араласып жатқан рухани жәдігерлер болып табылады. Халық даналығы тудырған асыл қазынаны зерттеу – бүкіл қоғамдық ой-сананы қайта құрып жатқан тұста қазақ әдебиетін зерттеушілердің қосқан үлесінің зор екенін аңғартады.

Бүгінгі таңда көркем сөз өнерінің ғажайып үлгілері болып табылатын Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйы», Ахмет Иассауидің «Даналық кітабы» және Сүлеймен Бақырғанидің «Бақырғани кітабы» т.б. кітаптарды оқып, естіп қазақ ақын-жыраулары поэзиясындағы дидактикалық-шешендік толғаулары мен мақал-мәтелдердің қайнар бастаулары ежелгі түркі дәуірінің көркем сөз өнерінде жатқандығына көз жеткіземіз.

 Ақын-жыраулар түркі дәуірінің шайырларына қарағанда ел қамы қоғамдық-әлеуметтік өмір-тіршілігіне белсене қатысып отырды. Сонымен қатар жеке адам мен отбасы, отбасы мен қоғам, қарапайым халық пен ел билеген басшылар арасындағы қарым-қатынасты өздері өмір сүріп отырған дәуірдің адамгершілік қағидаларын “адам қандай болмақ  керек” деген міндетті ұстанған толғаулар болды. Сыпыра жырау, Асан Қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар, Шал, Дулат, Махамбет, Абай, Шәкәрім, Шәді т.б. сияқты дарынды ақын-жыраулар шешендік-дидактикалық  сарынға құрылған поэзия үлгілерін қазақы ұғымға сай наным-сенімге лайықты  пішінге енгізіп жетілдіре түсті.

ХV-ХІХ ғасырлардағы қазақ  ақын-жырауларының поэзиясы дидактикалық сарындағы түркі әдебиетінің жалғасы ғана емес, сонымен бірге, қазақтың өзіндік төл әдебиетінің бастауы болатын-ды. Бұл дәуір ақын-жыраулары өз толғауларында бүкіл қазақ қауымының атынан сөйлеп, елдің мүддесі, халық тағдырын жырлады. Өздерінің өсиет сөздерін қара мен ханға қатар айтып болашақ үшін күрес халықтың мүддесіне сай болу керектігін өз шығармаларында насихаттап отырды. Олар поэзияны бұқара халықтың игілігіне, дүниеге деген көзқарасын қалыптастыратын күшке айналдырып отырды.

Шығыс классикалық поэзиясындағы үлгілі болған тұстар қазақ ауыз әдебиетінде және жазба әдебиет өкілдері, жыраулар поэзиясының өкілдерімен қоса кейініректегі ақындар да болды. Бір сюжетті бірнеше ақын өзара жарысып, шеберлік сынасып, жырлай беретін дәстүр қалыптасты.

Қазақ арасына Шығыстан келген қисса-дастандарды тақырыптық, идеялық-көркемдік ерекшелігіне, мазмұнына қарай шығыстанушы ғалым Өтеген Күмісбаев төрт топқа бөліп қарайды: «Біріншіден: махаббатты, ізгілікті, достықты, жақсылықты жырлайтын дидактикалық  лирикалық қисса-дастандар.

Бұларға: “Ләйлі-Мәжнүн”, “Жүсіп-Зылиха”, “Мұңлық-3арлық”, “Таһир-Зуһра”, “Бозжігіт” т.б. енеді.

Екінші діни бағыттағы дастандар: “Сал-сал”, “Сейт-Баттал”, “Жұмжұма”, “Зарқұм” т.б. енеді.

Үшінші топқа қиял-ғажайып, фантастикалық: “Шаһнама”, “Абулхарис”, “Абулшахма”, “Шәкір-Шәкірат”.

Төртінші батырлық, ерлікті жырлайтын романтикалық сарындағы “Рүстем Дастан”, “Ескендір “, “Қисса баһрам” т.б» [1, 11].

Негізінен, Шығыс сюжетіне құрылған, бірақ қазақ әдебиетіне әбден сіңісіп кеткен әрі қазақ фольклорымен ұштасып жататын қисса, дастандар көптеп кездеседі. Мысалы: “Ләйлі-Мәжнүн”, “Фархат-Шырын” дастандары мен қазақ лиро-эпосы қазыналарының бірі “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” арасында да заңды байланыс, әуендік сарын бар.

Махаббат тақырыбы қай кезде де жырланып келген. Бұл – мәңгілік тақырып. Осы арада академик жазушы Мұхтар Әуезов: «Қозы Көрпеш-Баянның» махаббаты іштен туа болған делік, мұнысы Шығыстың атақты махаббат жыры Ләйлі-Мәжнүннің сүйіспеншілігіне ұқсайды. Бұл дүниеде қоспаған соң екеуі де ол дүниеде қосылады» [2, 181], - дейді.

Демек, шынайы махаббатты көрсете білетін шығыстық танымы мол туындылар халықпен бірге жасап келеді. Сонымен қатар, ежелден келе жатқан батырлық  дастандар да ел қорғауға аттанған ел азаматтарының ерлігін жырлай білді.

Олардың көпшілігі Бұқара, Ташкент, Хиуа мектеп-медреселерінде оқып, мұсылмандық  білім алып, Шығыс әдебиетінің түпнұсқасымен танысуға мүмкіндік алады. Соның бірі – Шораяқтың Омары (1878-1924) он бестен астам дастан жазған ақын. Шығыс поэтикасының көркемдік құралдарын жақсы меңгеріп, соны өз шығармаларында пайдалана білген.

Абай Шығыс шайырларының жырларын жоғары бағалап, ұлы сөз зергерлерін өзіне ұстаз тұтты.

Физули, Шәмси, Сайқали,

Науаи, Сағди, Фердауси,

Қожа Хафуз-бу һаммаси

Мәдәт бер Шағири Фарияд.

Шығыс ақындары жаңа ғана өнер жолына түскен жас Абайға даналық пікірлерімен, терең ойларымен, нәзік сырларымен қатты әсер еткен еді. Шәкірт Абай кезінде Рудаки, Омар Хаям, Хафиз, Сағди ғазалдарын ынтыға оқыды. Бұлар бала Абайдың ойын оятып, оны адалдық пен парасаттылыққа, адамгершілік пен жақсылыққа, сұлулық пен нәзіктікке талпынуға баулыды [6, 71].

Шығыс жұлдыздарының шығармашылығымен таныс Абай жырларының өзекті тақырыбы – адамның қоғамдағы ролі еді. Абай өзінің ұлы ұстаздарының сол саладағы ой-толғамдарын зор шеберлікпен дамыта түседі. Қазақ ақыны да надандыққа іштей жаны күйіп, оқушысын ақыл-парасатқа шақырады. Бірі парсы мен түркі, бірі қазақ тілінде жазылған  ақындардың ой-пікірлері өзара ұштасып жатқандай көрінеді.

Шығыс әдебиетінің үлгілерін Абай ой елегінен өткізіп барып, оны шеберлікпен игерді. Абайдың махаббат лирикасындағы шығыстық  сарындарды сөз етсек, кезінде Абай оқыған мектеп-медреселерде суфизм сарынындағы Қ.А.Иасауи, Сүлеймен Бақырғани, Сопы Аллаяр сияқты ақындарды оқыту басымырақ болғандығы белгілі. Негізінде Абай суфизм бағытындағы ақындардан гөрі Низами, Науаи, Физули, Сағди, Хафиз секілді ұлы шайырлардың жырларына көбірек үңіліп, солардан үйреніп отырды. Және оны қазақтың ұғымына сай етіп жырлады.

Түйіндеп айтқанда, қазақтың табиғи болмысы, тарихы мен шежіресі, әдебиеті мен мәдениеті өзінің түп-тамырын, бастау-бұлағын сонау шырайлы Шығыстан алды десек,  ешкімнің дауы бола қоймас. Құпиялы Шығыс, айбынды Азия, көне Түркі әлемі бірігіп, өркениеттің алғашқы қазығын қағып, бүкіл жер жүзіне үлгі-өнеге етті.

Ендеше, қазақ руханияты да сол алыптардың бөлінбес бір бөлшегі екендігін әдебиетшілер әйгілеп, тарихшылар дәлелдеп жатқандығы да айдай анық.

А.Таймағанбетова

Андрейниковка

негізгі мектебінің

қазақ тілі пәнінің мұғалімі



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?