taza-kaz

Мұрагерімен жалғасқан өнер


14.03.2020

«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп өмірден озған ұлт зиялысы Әлихан Бөкейхановтың туған күнінде Үштөбе орта мектебінен қос сынып есігін ашты. 

«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп өмірден озған ұлт зиялысы Әлихан Бөкейхановтың туған күнінде Үштөбе орта мектебінен қос сынып есігін ашты. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында ашылған ақын атындағы оқу орталығы, «Руханият» қосымша білім беру орталығының Үштөбе ауылындағы филиалы болып ашылған Бұқар жырау Қалқаманұлы атындағы жыршы-жырау сыныбының лентасы қиылды. Лента қию рәсімі қазақ халқының жыршылық, жыраулық дәстүрін жалғастырушы, жырау Алмаз Алматов пен ауыл азаматы Жақыпбек Шаяхметовке табысталды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған рухымызды асқақ етер жыраулар сыныбының өнерлі балғындарына аудан әкімі Шагурашид Мамалинов, мәслихат хатшысы Асхат Әли, аудан әкімінің орынбасары Айдын Алимов, Үштөбе ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Саят Шаяхов бастаған ел ағалары Алмаз Алматов, Елікбай Исаев, Қойлыбай Асанов, Айтбай Жұмағұлов, Жансая Жарылғапов, Мақсат Аханов, Дидар Қамиев, Сержан Мұсайынов, атақты модельер Венера Исина, ауданымыздың Құрметті азаматшасы Мүгүлсім Шибаевалар ақ батаcын берді.   

Үштөбе төрінен ашылған жыршы-жырау сыныбының ұстазы, республикалық, облыстық айтыстардың жүлдегері Тілеген Әділов өз сөзінде:

- Ұлы жыраулардың жырына жан кіргізем деп жүрген аудан әкімі Шагурашид Қалиұлының мұрындық болуымен ашылып отырған сынып бүкіл қазақтың рухын оятатын үлкен ордаға айналары сөзсіз. «Үшінші тілек тілеңіз, үшкілсіз көйлек кимеске» деп үш жүзге сөзін айтқан Бұқар бабаның жырын қайта тірілтіп жатқан ағамызға Үштөбе ауылы халқының емес, үш жүздің атынан рахмет айтсақ артық болмайды деп ойлаймын. Бүгінгі баба атындағы сыныпқа аяқ басып отырған оқушыларымның ақын, жырау болып кетуі міндетті емес шығар, бірақ азамат болып қалыптасуына, қабырғалы қазақ болып қалыптасуына бар еңбегімді сіңірсем,Алланың маған берген үлкен аманаты - өнерді артымыздан ерген жас өркенге үйретсем, әлі қанаттанбаған, ұяда жатқан сарыауыз балапандарыма ұлылардан қалған ұлы дүниелерді талшықтап ауыздарына әкеліп салсам деген мақсат жолына шықтым,- дейді.

Жастарды жырмен сусындатқан ұстаз сөзін жалғап шәкірттер ішінен еркше көзімізге түскен 8 жастағы Балауса Әлкенова есімді бүлдіршін. Бойы кішірек болса да ойы зор Балауса Абайдың «Масығұт» поэмасының жартысын жатқа білетін көрінеді. Бұған дейін Абай оқуларында жыр додасына түсіп үлгерген бүлдіршіннің болашағы зор. «Жыр жаттағанды ұнатамын» деген Балауса қызымыздың көзінен ұстазы байқаған жалынды аңғардық.

Бұл кеште жыл санап қатары толығып келе жатқан Бұқар жырау атындағы жыршы-жыраулар сыныбының ұстазы, ақтаңгер ақын Дидар Қамиев көмекейі бүлкілдеп «үшінші айда, сағат үште Үштөбеде үшінші сыныбымыз ашылды» деп жырдан шашу шашты. Ақынның отты сөздері аудан басшысының ақ тілегімен жалғасты.

- Бабалар сөзі – жастарға өсиет. Бүгін біз жай ғана сынып ашып қойып жатқан жоқпыз, ұлт болашағын, ұлт тарихын қалыптастыратын ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қосар мектепті құрып жатырмыз. Бұл сыныпты қосымша емес, негізгі білім беретін орда деп санауымыз қажет. Ұлттық маңызы бар бастамаға бас болып отырған Дидар Қамиев, Айтбай Жұмағұлов, Тілеген Әділовтерге ақ жол тілеймін. Бұндай сыныптар жоба ретінде ауданымыздың барлық мектептерінде ашылуы міндетті,- деді аудан басшысы Шагурашид Мамалинов.

Үштөбе орта мектебінің «Әуен» фольклорлық ансамблінің орындауындағы әуезді күйі, Ақерке Өсербаеваның орындауындағы «Әриайдай»халық әнін көрермен қиқу салып, қолдап отырды. Құлақтан кіріп, бойды алған әдемі әндермен әрленген кеш Қойлыбай Асанов, Елікбай Исаев, Айтбай Жұмағұловтардың ақ тілегімен жалғасты.

- Аудан әкімінің қосымша білім беру жүйесін жоба күйінде ұсынуы өте орынды деп білеміз. Шагурашид Қалиұлы ұсынып отырған жоба нағыз ұрпақ тәрбиесіне керекті бастама. Өнер мұрагерлік ұрпақтары арқылы ғана дәстүрлік сипатқа айналады. Мұрагері жоқ өнер өледі. Бұқар жырау мұрасы – ұлт мұрасы, әлемдік өркениетке тиесілі ұлт идеясы,- деді Алмаз Алматов.

Былтырғы жылы ашылса да бүгінде беделді белестерді бағындырып жүрген Керней төрінен ашылған жыршы-жыраулар сыныбының оқушылары, елімізге танымал ақын, жерлесіміз Айтбай Жұмағұлов ағамыздың шәкірттері жырдан алқа тағып, бір жылда үйренген, түйгендерін көрсетті.

Дидар Қамиевтің шәкірті, облыстық Бұқар жырау оқуында «Доскей ақын» атындағы сыйлықтың жеңімпазы атанған Виктория Аленина домбырамен «Алыстан қызыл көрінсе» жырын орындап, тамсандырса, Үштөбе орта мектебінің түлегі Аяла Мұқышеваның орындауындағы халық әні жан тебірентті. Талантты қыздарымыздың өнеріне, нәп-нәзік бойларына сыйған зор дауысты үндеріне көрермен тамсанып, сүйсінді. 

Әр сыныптың ашылу салтанатында асыға күтетін ақындар айтысы бұл жолды да жоғары дәрежеде өтті. Жыраулар сыныбының түлегі Нұрлыбек Төкенов пен бүгінде білімін шыңдап жүрген Әлихан Ерғалиев бауырымыздың тартысты айтысы көрермен көңілін көтеріп, жүрек тебірентті. Айтыс сүйер қауымның қоңыр қозысына айналған Нұрлыбек бауырымыз:

Короновирус деген бәле шығып,

Елдің бәрі жиынға жоламайды.

Ағалар игі іс жасау керек болса,

Короновирусқа да қарамайды,- деп жырласа, ұлт зиялысы Әлихан Бөкейхановтың аттасы:

Ауданымның әкімі Шагурашид,

Басқалар өзін ойлап, алуда джип.

Ал, біздің әкім ойлап руханиятты,

Ақын мен жыршыларға жасауда сый,

Шагурашид болмаған аудандарға,

Мына менің ағайын жаным ашиды, - деп өз ойын жеткізді. Қос ақынның айтысын тыңдап, рухани жаңғыруды сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүрген ел ағаларына алғыс білдірдік. Ауданымыздың тарихында тағы бір атаулы күн болып қалған бұл кешті Үштөбе орта мектебінің жас әншісі Жәнібек Сипатал «Мен қазақ» әнімен аяқтады.

Әр сөзі қазақтың бойтұмарына айналған ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арнап ашылған оқу орталығының жабықталу, безендірілу ерекшелігін айта кеткіміз келеді. Әр терезеге ілінген жалюзиді ұлы ақын өлеңдерімен әрлеп, оқушыға, келген көрерменге жайлы түстермен, әсем жиһаздарды қолданып жайлы атмосфера жасаған Үштөбе орта мектебі ұжымының дизайнерлік талғамдарына өте жақсы деген баға береміз. Оның ішінде тоқталып өтетін басты дүние - кюаркодпен жасалған кітап көрмесі болды. Ерекше талғаммен, жаңашыл бетбұрыста жасалған жұмыстарымыз көптің көңілінен шықты. 

Елін сүйетін, бабасын құрметтейтін, дәстүрін сыйлайтын, өнерді жалғайтын ұрпақ тәрбиелеп отырған, осы жолда аянбай тер төгіп  жүрген жандардың баршасына мың алғыс. Алдағы таңда бүгінгі күні өз жұмысын бастап кеткен Ғ.Мұстафин кентінен Жансая Жарылғапов ағамыздың жетекшілігімен ашылатын Бұқар бабамыз атындағы төртінші жыршы-жырау сыныбы салтанатты түрде ашылмақ. Бабалар жырын қайта тірілтер сыныптарымыздың қатары мұнымен тоқтап қалмай толығады, талантты шәкірттеріміздің саны артады. Бұл да бір үлкен қуаныш пен шаттыққа толы той емес пе?!

 

Б.Жакешова

Д.Торжановтың суреттері.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?