taza-kaz

Абай - бізбен мәңгіге


29.02.2020

Ұлтымыздың бірегей жазушысы М.Әуезов «Абай үні, Абай тынысы, халық үні. Бүгін ол біздің де үнімізге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр»,- деп жазғандай, хәкім Абайдың жалынды жыры, жарқын бейнесі бізбен бірге мәңгі жасап келеді.

Ұлтымыздың бірегей жазушысы М.Әуезов «Абай үні, Абай тынысы, халық үні. Бүгін ол біздің де үнімізге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр»,- деп жазғандай, хәкім Абайдың жалынды жыры, жарқын бейнесі бізбен бірге мәңгі жасап келеді.

Ағымдағы жылы аталып өтілетін ақынның 175 жылдық мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде қолға алынып жатқаны баршаға белгілі. Осыған орай Үміткер орта мектебінде ақпанның 10-15 күндері аралығында тілдер апталығы өткізіліп, апталық аясында түрлі танымдық және шығармашылық бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылды.

Тілдер бірлестігі мүшелері ашық сабақтарында, сыныптан тыс сағаттарда негізгі тақырыпты Абай Құнанбайұлының азаматтық, ақындық тұлғасымен оңтайлы байланыстыра білді. Апталық барысында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Адия Абикенованың және мектеп тәлімгері С.Жараспаеваның ұйымдастыруымен 1-11-сынып оқушылары арасында ғұлама ақынға арнап үнқағаздар шығару мен қолөнер бұйымдарын жасау сайысы өткізілді. Аталған шарада оқушылардың шығармашылық жұмыстарының үш тілде жазылуына да үлкен мән берілді және оқушылар берілген тапсырмаға әр қырынан келіп, шығармашылықтары мен ізденімпаздықтарын байқатты.

Тілдер апталығының қорытындысы ретінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назым Жокижанова «Абай – дана, Абай – дара қазақта» тақырыбында әдеби-музыкалық кеш өткізді. Аталған шара барысында хәкімнің өмірі мен шығармашылығына жалпы шолу жасалды. Оқушылар Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін жатқа мәнерлеп оқып, әндерін шырқады, сазгердің «Торы жорға» күйіне би билеп, көрерменнің көңілін жадыратты.

Кеш өте мазмұнды әрі әсерлі өтті. Мәнерлеп оқуда 9-сынып оқушысы Мархабат Қабдылғаниев ерекше көзге түссе, қара сөздері бойынша 5-сынып оқушысы Зарина Оспанова көрермен ықыласына ие болды. Әндерін орындауда ағалы-қарындасты Әлішер және Назым Қабиденовтер жеке дауыста орындалған әнді скрипка аспабымен ұтымды үндестірсе, Кәусар Қабкен «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін шебер орындап шықты.

Кеш соңында бастауыш сынып мұғалімі Б. Қауызова Ұлы ақынның «Желсіз түнде жарық ай» әнін кешке келген қонақтармен қосыла шырқады. Оқушылардың ұлы тұлғаны ұлықтаудағы талпыныстарына қарап, Абайдай дара тұлғаның асыл мұрасының құндылығын ешқашан жоғалтпайтынына тағы да бір көз жеткіздік. 

 

А.Жолдыкенова,

Үміткер орта мектебінің тіл бірлестігінің жетекшісі



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?