taza-kaz

Ұлы ақынның ұлық тұлғасын танытқан кеш


08.02.2020

Өткен жұманы «Руханият» қосымша білім беру орталығы ұжымының ұйымдастыруымен өткен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Сен де - бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» атты шығармашылық кешімен аяқтаған едік. Өрелі өнер ордасының бізге ұсынған тағы бір озық кешінен көрермен Абай мұрасы мен Абай тұлғасын толығымен көз алдынан өткізді десек артық етпейді.

Көз алдымызда шығармашылық шыңдарын бағындырып келе жатқан «Руханият» орталығының талапты да, талантты ұл-қыздары небір додаларда бақ сынап, байрақты бәсекелерде топ жарып келеді. Бүгінде ауданымыздың мақтанышына айналған өнер ордасының өрісі кеңейіп, әлем төрінде қазақ ұлтының өнерін асқақтатар ақмандай ерке қыздары мен жігіттің төрелері шығатын шәкірттерінің саны артуда.

Солақай саясаттың қыспағынан сахнада ғана емес, санамыздан ұмыт болуға шақ қалған ұлттық өнерімізді қайта жаңғыртқан, өзге ұлттың сары домалақ баласын қазақша сайратқан, қос ішекті домбырамен жыр шерткізген «Руханият» орталығының ауданымыз үшін мәртебесі зор. Ұлттық өнеріміздің үлкен шаңырағын көтеру, көркейтуде Қайрат Айкенов ағамыздың ізін басып, жалғап келе жатқан Бауыржан Ермухамбетовтың еңбегін айта кетпеске болмас. Бауыржан ағамыздың басшылығымен еңбек атқарып жатқан ұстаздар қауымының мақсаты мен бағыты бір. Ол талантты жастардың дарынын ұштап, өнерпаздардың томағасын сыпырып, күллі әлемді тәнті етер ұрпақ тәрбиелеу. Сол мақсат жолында төгілген тер, толағай еңбек бүгінгі күні ақталды.

Мәдениет үйінде өткен кеште аудан әкімнің орындасары Айдын Алимов, аудандық білім бөлімі басшысының  міндетін атқарушы Айдар Оспанов, Қарағанды облысы ЮНЕСКО Клубтарының жетекшілері, хатшылары, Қарағанды қаласының №2 музыка мектебінің ұстаздары, «Руханият» қосымша білім беру орталығы филиалдарынан келген ұстаздар төрден орын алды.

Келген қонақтарды мәдениет үйінің фойесінде «Руханият» қосымша білім беру орталығы қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан туындылары қарсы алып тұрды. Сонымен қатар тәжірибе алмасу мақсатында №1 «Білім Инновациясы» лицейінің оқушылары Марғұлан Талғат, Атшы Бүркітбай, Медет Советов интеллектуалдық, ой-сананы дамытатын ойын түрлерімен келген қонақтарды таныстырса, «Ақпараттық технологиялар» мамандандырылған мектеп лицейінің шәкірттері роботтар , компьютерлік жобаларымен қуантты.

Кеш қонақтары мәдениет үйінің кіші залында Абай мұрасы мен тұлғасын ұлықтауды мақсат еткен шағын көріністі тамашалды. Абайдың балалық шағынан қарттық шағына дейінгі өміріне қысқаша шолу жасаған көрініс көптің көңілінен шықты. Бала Абайды «Руханият» қосымша білім беру бөлімі домбыра сыныбының 2 сынып оқушысы Әділет Эргенбай сомдаса, қазақ әжелерінің үлгісіне айналған Зере бейнесін Айнагүл Бекбергенова үздік орындап шықты. Ал, Абайдың қарттық шағын сомдаған Сәкен Сейфуллин атындағы драма театрының актері, режиссер Сланбек Жұмағали ағамыздың өнерінің бағасы биікте деп айта аламыз. 

«Бұлдыр-бұлдыр күн өткен бұрынғыдан кім өткен?» деп бала Абайға ұлағатты әңгімелер оқыған Зере мен жас ақын бейнесімен басталған көрініспен өткен шаққа саяхат жасап қайтқан соң концерттік бағдарламаны тамашалауға үлкен залға өттік.

Сөз өнерінің хас шебері, данышпан ақын Абай Құнанбайұлының мерейтойына арналған концерттік бағдарлама «Шұғыла» би тобының орындауындағы «Керім-ай» қазақ биімен ашылды.

Ауданымыз төрінде өтетін атаулы шараларда өз арнауымен той төрінен табылатын

«Руханият» қосымша білім беру орталығы жыршы-жыраулар сыныбының ұстазы, айтыстың ақтаңкері Дидар Қамиев ағамыз «Абайға арнауын» оқығанда залдағы көрермен жігерленіп, қошеметін аямады.

«Ой, арман – екі ішегің болсын сенің, берейін жүрегімді тиек қылып» деген жүргізушілеріміздің әдемі сөз өрнегімен ортаға шыққан «Ботақара баурайында» фольклорлық ансамблінің орындауындағы қазақ күйі «Наурыз», «Руханият» қосымша білім беру орталығы Қызылқайың филиалының қобыз сыныбының ұстазы Алтынгүл Бердімұраттың «Сәулем-ай» әні жанымызды жадыратып, ойымызды тәтті қиялдарға жетелегендей болды. 

Республикалық, облыстық, аудандық байқауларда топ жарып, өңіріміздің атын асқақтатып жүрген, жас болса да өзінен кейінгілерге үлгі болып жүрген, біздің көзімізде сахнаның баласына айналған театр сыныбының оқушысы Ағжан Шыныбек пен былтыр ғана ашылса да бірталай байқауларда өзгелерден оқ бойы озық өнер көрсетіп жүрген, ақын Айтбай Жұмағұлов жетекшілік ететін Керней филиалының жыршы-жыраулар сыныбының оқушысы Татьяна Черненконың мәнерлеп оқуы жүректен жүрекке жетті.

«Руханият» қосымша білім беру орталығы Сарытөбе филиалы ән-домбыра сыныбының ұстазы Мәди Ахметқожаның «Өзгеге көңілім тоярсың», республикалық Мәди Бәпиұлы атындағы конкурстың, Жүсіпбек Елебеков, Қасым Аманжолов атындағы конкурстардың лауреаты, «Руханият» қосымша білім беру орталығының ұстазы Саян Бөдесовтың «Көзімнің қарасы» әндері орындау ерекшелігімен құлақ құрышын қандырып, жан тебірентті.

Ән-домбыра сыныбының шәкірттері Нұрғиса Рахад, Ақтілек Серік, Дастан Хинаят, Ләйлә Хинаят, Әділхан Төлегеновтың ән шашуы, «Кербез» қобызшылар ансамблінің орындауында Абай әндерінен поппури, вокал сыныбы оқушыларының орындауындағы «Желсіз түнде жарық ай» әні ыстық қошемет астында қалса, «Шығыс», «Жайна» биімен ортаға шыққан «Шұғылалық» биші қыздар кеш ажарын аша түсті.

Әр кешінде айтыстың ақтаңкері Дидар Қамиев ағамыздан тәлім алып жүрген шәкірттерімізден достық, қыз-жігіт айтысын тамашалап үйренген көрермен осы жолы да сол әдеттен таймады. Ортаға шыққан қос ақынды ду қол шапалақпен қарсы алып, зейін қойып тыңдауға дайын көрерменді бұл жолғы жаңа таланттарымыз тамсандырды. Ұстазының ұлы жолын жалғап, сөз бастаған Арман Мейрамовқа көрермен ду ете қалса, ана жолын қуған сүйкімді ару, нәзік дауысты Асыл Нұртай жауап қатқанда бәріміз бір кісідей тамсандық. Қыз-жігіттің әдемі айтысы аяқталысымен, ыстық шапалақ пен зал арасынан қиқу салып айғайлаған дауыстар естіліп жатты.

Қазақтың бас ақыны –Абай жайлы айтылған қанша әдемі сөз бар, бірақ Абай жайлы Мұхтар Әуезов атамыздан асып айтар жан жоқ. Сондай бір әсерлі Мұхтар монологы Абай әлеміне терең бойлауымызға ықпал жасады.

Ән-домбыра сыныбы ұстаздарының Абай әндері, «Руханият» қосымша білім беру орталығының ұстазы Диас Ғабдұлланың орындауындағы Құрманғазының күйі «Төремұрат» қиялымызды ән-күймен бірге қалықтатты.

Абай лебін, Абай үнін, Абай тынысын жеткізе білген «Руханият» орталығының рухани жаңғыртқан кеші «Айттым сәлем, Қаламқас» хорымен аяқталды. Ұлы ақынның ұлық тұлғасын ашқан кеш тілексіз қалай қалсын?! Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрсахан Бейсенбекова апамыз ізгі тілегін арнаған бейнежазбасын жолдаса, кеш әсерімен бөліскен Айдар Оспановтың сөзіне барша көрермен бірауыздан қосылып жатты.

- «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бүгін тамаша кеш болды. Залда отырып өзімді-өзім қазақ сезіндім. Абайды тану керек, Абай арқылы қазақты таныту керек, қазақты тану арқылы өзіңді тану керек. Әрбір қазақ Абайды оқысын. Мына бүгінгі көрініс, іс-шара «Абай жолын» оқымаған адамға жартылай «Абай жолын» оқытты деп ойлаймын,- деді Айдар Оспанов.

Қазақтың ұлттық өнерін дамытуға қарқынды қызмет атқарып отырған «Руханият» қосымша білім беру орталығының 6 жыл бұрын аудан басынан Дидар Қамиевтің, былтырғы жылы Керней филиалынан Айтбай Жұмағұловтың жетекшілігімен ашылып отырған жыршы-жыраулар сыныбы, биылғы жылы Үштөбе филиалынан Тілеген Әділов жетекшілік көрсетер сыныппен өрісін кеңейтіп жатыр. Аллаға шүкір дейміз, бүгінгі күні Ботақара кентінің өзінде ғана «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейтін жастарымыз көбейді. Бұл Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, домбыраның қазақтың бренді мен төлқұжатына айналғанының белгісі. Жалынды жастарымыздың мән-мағынасы жоқ әндерге емес, қазақы нақыштағы әуезді үнге баулып жүрген «Руханият» қосымша білім беру орталығының әрбір шығармашылық кешін қалт жібермейтін 81 жастағы Майдаш Балтина апамыз жан тыныштығын сыйлаған ерекше кеш үшін барша ұстаздар, оқушылар қауымына алғысын білдірді. Ал, ұлттық өнерді ұлықтаушы, Доскей ауылдық музыка мектебі директорының орынбасары В.Құлкенбаева бүгінгі кешке өзіміздің оқушыларымызды алып келе алмағынымыз өкінішті болды дейді.

- Балалардың сахнаны сезініп, өздерін еркін ұстауы, дайындықтары - бәрі-бәрі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ерекше әсер алдық,- дейді.

Абай үніне, Абай тынысына қосылып рухани жаңғыртқан, жаңа өріс салған кештің басы қасында жүрген «Руханият» қосымша білім беру орталығының директоры Бауыржан Ермухамбетов, көрініс пен концерттік бағдарлама идеясының авторы, өнер ордасы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақмарал Есіргепова, бір жұдырық болып бірлесіп үлкен еңбек еткен ұжымға, оқушыларға көрермен атынан айтылар алғыс көп.

Б.Жакешова

Д.Торжановтың, Ж.Макышев суреттерінде: қөлөнер шеберлері көріністен үзінді; залдан көрініс; ұстаздар ұжымы.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?