
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Жауынгерлер ұмытылмауы үшін Сүйеді елі қашанда ақ түлегін, Елім жайлы менің де ақ тілегім. Алу үшін тумайды, нағыз перзент Беру үшін туады деп білемін! Қадыр Мырзалиев

Ұлы Жеңіс! Бұл сөздердің астарында қаншама мұң, қайғы мен қасірет жатыр. Еліміздің бір де бір отбасында қанқұйлы соғыс жара салмаған отбасы жоқ. Күні бүгінге дейін ұрпақтары аталарының жерленген жерлерін іздеп тауып, бір уыс топырағын кіндік қаны тамған жеріне әкеліп жерлеп жатқанын білеміз. Етігімен қар мен су кешіп, жауды тықсырып, от жаудырып, келген жеріне қуған майдангерлердің алдында бүгінгі ұрпақ басын иеді, ерліктеріне тағзым етеді. Үштөбе орта мектебінің залында біршама қауым жиналыпты. Қонақтарды мектеп директоры Сәуле Артықбаева жылы амандығымен қарсы алып, мектеп мұражайына бастап апарып, ауылдың өткенімен, онда суреттері орын алған еңбек адамдары, ауыл басшылары, мектеп директорлары, біртуар азамат Бұланбай Қалиұлы Смағұловтың өміріне арналған стендтер, көне жәдігерлермен таныстырды. Ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Светлана Васильевна Браун, жергілікті қоғамдастық мүшесі Сахан Мәуиянқызы Байделдинова апай, мектеп әкімшілігі бірігіп осынау “Ұрпақтар кеші” атты тамаша шараны ұйымдастырды. Дүбірлі шараға ауылдық округ әкімі Саят Нұрғазыұлы Шаяхов та қатысты.
Осыдан 75 жыл бұрын Ұлы Отан соғысына Ақжар селолық округінен қан майданға 120 адам алыныпты. Оның 87-і кіндік кескен жеріне оралмапты. Осы күні “Естелік кітабы”, “Ардагерлер - ардағым” атты альбомдар жиналғандардың отыратын үстеліне қойылыпты.
Аудан орталығында тұратын Көшкімбаев Төлеген ағаның қызы, Құрмет аға Танашевтің жан жары Үміт апай осы шаңырақтың қадірлі қонағы болды. Парақтап қарадық, оқыдық, альбомдар үлкен ізденушілікпен жасалыпты. Әрбір беті - тұнған тарих.
Светлана Васильевна осы шараның ұйымдастырылуы туралы айтып берді. Ауданымыз үлкен, бірақ осынау үлкен ауданда бір-ақ соғыс ардагері жер басып жүр. Ол - Белоруссияда өмірге келген, бүгінде Новостройка ауылының тұрғыны Федор Максимович Капылович. Бүгінде 95 жастағы ардагердің 5 қызынан тараған 13 жиені мен 17 шөбересі бүгінде аталарының қолдарын жылы суға малып, мәпелеп, жақсы күтіп отыр, - дейді ол.
Қан майданның куәгерінің Отанымыздың жас жеткіншектері мен барша отандастарына айтары өте көп. Тек ол кісімен сұхбат құруға асығу керек. Уақыт жайбасарлықты көтермейді. Сондықтан мектеп ұжымы мектептің балаларын ол кісімен кездесуге апарып, жүздестіреді, әңгімелестіреді.
- Балалар, ешқашан да Ұлы Отан соғысын, ардагерлерді ұмытпаңдар, енді біраз уақыттан соң майдангерлер қалмайды, тек қана олар туралы жазылған әдебиеттер мен кинофильдер ғана қалады, - деп аяқтады сөзін Светлана Васильевна.
Ауылдық округ әкімі Саят Шаяхов шараның ардагерлер кеңесінің ұсынысымен ұйымдастырылғанын, күні кеше ғана округте соғыс ардагері екеу болғанын, бүгінде біреу-ақ қалғанын, ардагерлерді ұлықтау Жеңіс мерекесінде ғана емес, күнделікті өмірімізде орын алу керектігін, осы кезден бастап бойларына патриоттық сезімін ұялатып, жақсы азаматтар болып қалыптасу керектігін толқыныспен айтты. Оқушыларға:
- Мына қолдарыңыздағы ұялы телефондарыңызды, басқа да қызығушылықтарды уақыт алып кетіп, жоқ қылады, сіздер саналарыңызға ата-баба ерлігін, жанқиярлығын сіңіріп, орнықтырып өсулеріңіз керек, сонда ғана сіздерден жақсы азаматтар шығады, - деген болатын.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төкен Арбабаев толқыды, мектеп басшысы Сәуле Жақсылыққызына, ұжымға, ауылдық ардагерлер кеңесіне алғыс сезімін жеткізді.
Аудандық ардагерлер кеңесі аудан ардагерлерінің мұң-мұқтажын шешу жолында үлкен еңбек атқарып жатқаны баршаға белгілі. Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толуына орай әрбір ауылда, ауылдық округте, кенттерде мұражайлар ашылуын, ардагерлер жерлеген зираттардың маңайы тазартылып, күтілгенін өтініп, сұрап жүрген ағамыздың өтінішіне құлақ асып жатқандар бар екенін көзіміз көріп жүр. Осы уақытта алдыңғылардың бірі болып Шешенқара, Петровка, Ақбел ауылдарының мектептері мұражайлар ұйымдастырып, шаңырақтарына қонақтар шақырды.
1418 күн мен түн фашист басқыншыларымен арпалысып, Ұлы Жеңісті жақындатқан ардагерлер бүгін жанымызда жоқ. Біз - олардың ұрпақтары, өзіміздің еңбегімізбен, біліміміз бен білігімізбен Отанымызды алға жылжытушылармыз, экономиканы дамытушылармыз. Осындай мақсатпен өмір сүріп отырған жас өркенге жан аямастан соғысқан, тылда жүріп майданға азық-түлік пен жылы киім-кешек жіберген тыл ардагерлері туралы айтып беру - ертеңгіге қалдыруға болмайтын жұмыс. Осы күні ауылдық округтен сұрапыл соғысқа аттанған Көшкімбаев Төлеген, Маненов Мәулет, Жетпісбаев Қасқатай, Хижняк Андрей, Данильченко Дмитрий, Хасенов Жәлел, Қасембаев Бейсен, тыл ардагерлері Аханов Қамаш, Алтайбекова Мария, Керимов Құндақбай - жалғастыратын болсақ бұл елді мекеннен көптеген майдангер мен еңбек адамдары шыққан. Бәрі де бір жұдырық болып жұмылып, бізге жеңісті алып берген. Осы ерліктері үшін олардың алдында басымызды иеміз.
Мектеп сабақтары арасындағы үзіліс күйлермен әрленеді екен. Құлаққа жағымды күй күмбірі кімді де болсын өмірге құлшындырады. Осындай мамыражай заманда, спорты да, музыкасы да, жалпы өнері дамыған жағдайда өмір сүрген жас ұрпақ бақытты деп айта аламыз. Ал бұл ұрпақтың аталары мен әжелері етігімен қар мен су кешті, қарша бораған оқтың астында жүріп, осы болашақ иелерінің ақ таңдарын бейбіт заманда атыруға бар күштерін жұмсады. Денсаулықтарынан айырылды, мүгедек болды, аман қалғандары туған ел экономикасын көтеруге жан аямай еңбек етті.
Бейбіт аспанымыздың астында ақ кептерлер қалықтағанына мамыр айының 9-да 75 жыл толады. Өмір өз ағынымен зырылдауда, оған тоқтау жоқ. Алайда ардагерлеріміз қартайып, бүгінде балалары мен немерелерінің көмектерін, аялы алақандарының жылуын қажет етеді. Аудан аумағында өмір сүрген барлық ардагерлерге балалары, немерелері, жалпы қоғамымыз қамқор болды. Осының бір дәлелі - Үштөбе орта мектебінің ұстаздар ұжымы мен мектеп оқушылары.
Новостройка ауылында тұратын ардагерімізге мектеп ұстаздары мен оқушылар барып, ол кісінің өмір жолы мен Отан үшін жанқияр ерлігі туралы әңгімелерін тыңдаған екен. Бұндай кездесулерден ақ қағаздай таза бала жүрегі толқиды, Отаны үшін білім алып, осы жолда еңбек етіп, алдымен - анасын, екінші - Отанын қорғауы керек екенін бар жан-тәнімен сезінеді.
Осы кездесуде Светлана Браун мен Сахан Байделдинова апайларымыз ардагерлер өмірінен сыр шертті, толқыды, отырғандардың көздеріне жас тамшыларын үйрілтті. Көп ізденіпті, барлық майдангерлердің отбасыларымен тығыз қарым-қатынас жасапты, сұхбат құрыпты. Алтын уақыттарын барлығымыз үшін керекті ақпараттар алуға жұмсапты. Осы ерен еңбектері үшін оларға мың алғыс!
Кездесуге шақырылған әрбір адам өзінің майдангер атасы, қайын атасы, әкесі туралы естеліктер айтты, осынау керемет те ұлағатты шараны ұйымдастырушыларға иіліп алғысын айтты. Ауылдың рухани өмірінің, бар қызықты тіршілігінің қазанын қайнатып жатқан - мектеп шаңырағының астында тату-тәтті ұжым бар екеніне, олардың әрқайсысы ата-баба рухын биікке асқақтатуға тырысып жатқанына көзіміз тағы бір жетті. Жас ұрпақтың майдангер аталары мен тыл ардагерлерін ардақтауы жолында үлкен ізденістер жасап, осы күнгі шараға қатысқан балалардың жүректеріне ізгілік дәнін септі. Осындай мағыналы шаруалар еліміздің жас өркенін ата-баба салған сара да дара жолмен жүруге, тәртіпті, ісінде тиянақты болуға, аманатқа қиянат жасамауға жетелейді.
Бұл шарада Ұлы Отан соғысының ардагері - “Мәуелі бәйтерек” кітабының кейіпкері Маненов Мәулет ағамыздан тараған ұрпақ - осы мектептің 4 “б” сынып оқушысы Маненов Ринат, Артур Малиний өз аталары жайлы құнды деректер берді, Артур өлең жолдарын тарту етті.
Кешке қатысушылар соғыс тақырыбындағы әндерді бірге шырқады. Мектеп оқушылары қорытынды сәтте осы шарадан алған әсерлерін айтты.
Қымбат Жақсыбекқызы, Мекентай Керимов, т. б. қонақтар осынау кешке қонақ болып шақырылғандары үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Барлығымыз бірге Ұлы Отан соғысының жауынгерлерін 1 минут үнсіздікпен еске алдық.
Шара осымен тоқтамайды, әлі де жалғасатын болады.
Қ.Ахметова
Д.Торжановтың суреттерінде: кеш қонақтары; оқушылар әсері; естелікке сурет.