Таңдау жасалды!



26.11.2022

Бұқар жырау өңірінде де кезектен тыс президент сайлауы өтті. Сайлау учаскелері таңғы сағат 7-ден өз жұмыстарына кірісті. Дәстүр бойынша ашылу еліміздің әнұранын орындаумен басталды. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 8-де аяқталды. Округ аумағында 52 сайлау комиссиясы құрылды - оның 1 аумақтық және 51 учаскелік.

Ботақара кентінің сайлаушылары белсенді түрде дауыс берді. Ауданда екі сайлау округі  құрылды. Аудан орталығының тұрғындары өздерінің конституциялық құқығын аудандық Мәдениет үйінде пайдаланды. №487 сайлау учаскесі осында орналасқан. Бұл учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы болып Омаржанов Зүлкәфл Амантайұлы және сайлау комиссиясының хатшысы Нұрманова Гүлмира Шәкірбекқызы тағайындалды. Комиссия төрағасы Зүлкәфл Амантайұлы сайлаудың бастау алу мезетін былай деп тарқатты:

- Таңғы сағат 7-де барлық сайлау құрамында жұмыс істеуі тиіс болған тұлғалар жиналып, яғни төраға, хатшы және де бақылаушылар мемлекеттік әнұрымызды орындап, өзім ашылу салтанатында сөз сөйлеп, жұмысымызды бастап кеттік. Қазір міне сағат 9:30, осы уақытқа дейін 300 адам дауыс беріп үлгерді.

Осы мезетте аудан әкімі Кобжанов Нұркен Сайфиддинұлы келіп дауыс беріп, сайлау барысы туралы сұрастырып, жұмыс жасаушыларға қолдау білдірді.

Ғимарат алаңында президент сайлауына орай мерекелік бағдарлама және жәрмеңке ұйымдастырылды. Көкпекті ауылының тұрғыны, көп балалы ана Раисова Алма Қуандыққызы өз қолымен жасаған «Алма тәттілері» атты тәтті бәліштерін  жәрмеңкеге ұсынды. Алма ханым 1 млн 225 мың теңге мемлекеттік гранттың иегері. Осы бастаманы қолдаған «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығы.

Одан бөлек жәрмеңкеге жұмыртқа, сұйық май, шошқа еті өнімдері ұсынылды.

Екінші, яғни №488 сайлау учаскесінде ең алғаш дауыс берушілерге және алғаш рет дауыс беруші жастарға шаш түзеткіш, қармақ, стакан секілді заттар сыйға тартылды.

Бұл учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Оленич Татьяна Анатольевна болса, хатшы Конурова Айнаш Маратқызы етіп бекітілген.

Осы орайда алғаш рет дауыс беруші Төлегенов Әділхан Абайұлымен сұхбат құрып үлгердік.

- Менің жасым 18-де. Бүгін алғаш рет дауыс беруге келдім. Елімнің алдындағы үлкен міндетімді атқаруға келе жатырмын деген сезімде болдым. Болашақ жастардың қолында деп жиі айтылып жатады, сол жарқын болашағымыз үшін дауыс бердім және де жастарға бәрібір деген стереотиптерді бұзғым келеді. Мен де елімнің болашағы үшін алаңдаймын және барлық достарымды дауыс беруге шақырдым. Қазір олар да келіп қалу керек. Осында кездесеміз деп уәделескен едік. Ал сыйлық алғаным тосын жағдай болды. Қуанып қалдым, - дейді жас талапкер.

Сонымен, қазіргі таңда орталық сайлау комиссиясы 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауының алдын ала қорытындысы жарияланды. Сайлауға түскен 6 кандидаттың ішінен ең көп дауысты қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жинады.

Айта кетері, жаңа президент жеті жылға және тек бір  мерзімге сайланды. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

А.Ерубаева

 

Д.Торжановтың суреттерінде: сайлау күніндегі сәттерден көріністер.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?