Үш ауылдағы кездесу


26.05.2023

Бәрімізге белгілі, Елбасы Жарлығымен ауылдық елді мекендерге жылына төрт рет атқарушы билік өкілдері келіп, тұрғындармен кездесулер өткізеді. Мамыр айының 24-жұлдызында Тасшоқы ауылындағы мектеп ғимаратындағы кездесуге ауданымыздың жаңадан тағайындалған әкімі Абылай Сұлтанғали, ауданымыздың барлық саласында басшылық жасап жүрген адамдар, Тоғызқұдық ауылдық округінің әкімі Гүлнар Қадырова қатысты.

Ауылдың жағдайы көңілге қонымды, ауыл болғасын, сан түрлі ұлты, олардың тұрмыс-тіршілігі болған соң, шағындау мәселелері де орын алып тұрады. Абылай Қайратқалиұлы өзін таныстырып, осы ауылдың мұңы мен мұқтажын тыңдап, адамдарымен тікелей сұхбат құру үшін біршама сала басшыларымен бірге ауылға ат тірегенін, бірден іске көшіп қандай мәселелер орын алып жатқаны туралы тыңдайтындарын, нақты сұраққа нақты жауап беретіндерін айтты.

Осы ауылдың белсенді тұрғыны Б.Елебаев интернет желісінің дұрыс істемейтінін, Сургуул Алтай ауыз суға дезинфекция қалай жасалады, Мұрат Аввай жол бойына  белгілер қашан орнатады деген сұрақтарын қойды. Сонан соң жайылымдық жер мәселесі туралы әңгіме өрбіді. Ауылда су бар, жарық бар, 7 мың гектар жайылымдық жер бар екен. Ауыл тұрғыны Б.Елебаев бақташылар малды мотоциклмен емес, жаяу бақсын дейді. Ауыл бақташылары ауылға жақын жерлерде малды бағып, сондықтан сүт сауып алу сапасы төмендегенін айтады. Гүлнар Қадырқызы ауылдағы жазғы жайылымның ұйымдастырылғанын, қаншама мал алыстағы жайылымдарға айдалғанын, бақташының үйде отырып, терезеден малды қарап отырғысы келетінін ренішпен айтады.

Ауылды дамыту, деңгейін өсіру, өнеркәсіп көзін ашу үшін өкімет тарапынан көптеген несиелендіру беріліп жатқанын айтты Абылай Қайратқалиұлы. Ауылға жастар келіп, отбасын құрып, бала-шаға көбейіп, осы жерге мәдениет үйі, мектеп салыну туралы өтініш жасайтын уақыттар келсе деген тілегін білдірді. Ауыл тұрғындарына Бұқар жырау аудандық  ПБ басқармасының басшысы Ержан Алтыбайұлы телефон арқылы жасалатын алаяқтықтардан қорғану туралы ақпарат берді.

Келесі кездесу Қарақұдық ауылында жалғасты. Бұл ауылға кіре берісте жолдың оң жақ қапталында Қарақұдық ауылының аты жазылған әдемі белгісі қойылыпты. Бұл күні осы белгінің лентасы салтанатты түрде кесілді. Онан соң басшылардың барлығы күрделі жөндеу жасалып, тұрғындарға берілген клуб үйіне келді.

Ауыл әкімі Бауыржан Жұмағұлов, ауданымыздың әкімі Абылай Сұлтанғали халықтың алдына шығып, тұрғындармен жылы амандасып, осында келу мақсатын түсіндірді.  Таңның атысы мен кештің батысына дейін еңбектеніп жүрген ауыл тұрғындары ауылдың өмір сүруге жайлы болуына қатысты мәселелерін көтерді.

Ауылдың тұрғыны, зейнеткер Социал Жакенов ауылда спортқа жақын балалардың көп екенін, сондай балалардың спортпен айналысуына керекті спорт залы салынса деген тілегін, медициналық пункт туралы сұрағын қойды. Ауыл тыныш, ұрлық-қарлық жоқ екенін айтады.

Абылай Қайратқалиұлы спорт залының салынуына қаражат пен жер аумағы бөлінгенінен ақпарат берді. Медициналық пункттің мердігері анықталғанын, енді бір айдың көлемінде құрылыс жұмысы басталатынын аудандық орталық аурухананың басшысы Арман Ерлікұлы айтып берді.

Ауылдың байырғы тұрғыны Қисапова Қайша апай жаңадан сайланған әкім Абылай Қайратқалиұлының еңбегіне жеміс тілеп, ауылдың қазіргі таңдағы жағдайына қуанатынын, осы еңбектің бәрі ауыл әкімі Бауыржан Жұмағұловтың арқасында екенін, учаскелік полиция, ауыл медбикесі, кітапханашылардың аттарына аналық жүрегінен шыққан ақжарма тілектерін білдірді. Омаров Төлеген үш көшеге асфальт салынса дейді.

Абылай Қайратқалиұлы осы ауылдың жағдайының жақсы екеніне тоқталып, болашақта тұрғындардың көбейіп, ауылға мектеп салынсын, спорттық кешен қажет дейтін күндерге жетейік деген тілегін білдірді. Амангелді орта мектебінің директоры Жасұлан Дауітов те жылы лебіз білдірсе, осы ауылдың тумасы Айтбай Жұмағұлов бүгінгі кездесуге келген басшылардың еңбектеріне жетістік тіледі.

Трудовое ауылының тұрғындарымен кездесу далада өтті. Ауыл әкімі Ерболат Тоқмырза, А.Әли, басшылар көптің алдына шығып, көтерілген мәселелердің барлығына жауап берді. Бұл кездесуде ауыз су құбырларының жөнделуі, зираттың қоршалуы, балалар ойын алаңының жөнделуі туралы айтылды.

Жекелеген тұрғындар құзырлы мекеме басшыларымен кездесіп, мұқтаждықтарын айтты.

Қ.Ахметова

 

Д.Торжановтың суреттерінде:  Тасшоқы, Қарақұдық, Трудовое ауылдарындағы кездесулер; мекемелер мен бөлімдер  басшылары Трудовоедағы жылыжайда.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?