«Жастілек – алтын бесік, кие қонған»


09.07.2022

Жастілек – алтын бесік, кие қонған,

Құт-мекен ғалым, тілші, ақын шыққан.

90 жылдық мерейлі мерекеңмен

Құттықтайды ұл-қызың түлеп ұшқан.

Туған жердің тарихын зерттеу әрқашанда өзекті мәселе. Туған өлкеге сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден, атамекеніңді құрметтеуден басталады. Өткелсіз өзенінің алабында – «Жастілек» деген ауыл жатыр. Сол ауылдың тұрғындары осы ойдың қадірін жете түсінгендей. Олай дейтін себебіміз, алақандай ғана ауылдың тұрғындары жұдырықтай жұмылып, ауылдың 90-жылдығын дүбірлетіп тойлатты.

Мемлекет басшысы отансүйгіштік сезімнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын қадап айтты. Осы орайда, Жастілек ауылының тұрғындары өз ауылының адал ұл-қыздары екенін көрсетті.

Петровка ауылдық округі әкімі Елубаев Талғат Ахметұлы өз сөзінде: «Жастілек ауылының байырғы тұрғындары мен қазіргі тұрғындары өте ұйымшыл. Оған дәлел, былтырғы жылы өз қаражаттарына мал кіріп кететіндіктен, обал болар деген оймен  ауылымыздың бейітін қоршау жұмыстарын бастап, толығымен аяқтады. Биыл  енді ауылымыздың 90 жылдығы деп бас-аяғы бір айдың ішінде қызу дайындықпен, көріп отырғаныңыздай осы тойымызға дайындалды. Барлығы ауылдың байырғы және қазіргі тұрғындардың жинаған қаражатына жасалып жатыр»,- деді.

Өлкемізге белгілі журналист Аман Жанғожин ағамыздың ауылдың 90-жылдығына орай жарық көрген «Аулым жатыр Өткелсіз алабында» атты кітабында Жастілек ауылының құрылу тарихы туралы жазыпты. Онда: «Ауыл тура осы жылы құрылды деген нақты құжат табылмады. Бұл өзі халық басына ауыртпашылық түскен ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келіп отыр емес пе? Бірақ Қарағанды облысының мемлекеттік архиві шығарған «Справочник по истории колхозов, совхозов и других сельскохозяйственных предприятий» (2012 ж.) деген анықтамалық кітапта ауылдың пайда болуына негіз болған «Жастілек» колхозының құрылған уақыты 1932 жыл деп көрсетілген. Осы мәліметті біз негізге алдық» - деген екен. Бұл кісі өзі де осы ауылдың тумасы, жарық көрген кітабы зейінді азаматтың туған жерінің адал перзенті екенінің айғағы деп білемін.

Той десе, қу бас домалайтын халықпыз ғой. Түс әлетінде әріптесім екеуіміз той болатын ауылға қарай жол тарттық. Ауылға жақындап қалған сәтімізде көзімізге ауылдың оң және сол жақ қанатында тізіле тігілген киіз үйлері түсті. Ерекше көңіл-күйге бөлендім, ішімнен қасиетті Бұқар баба жерінде туған жеріне тағзым ете білетін халық шоғырланғанына қуандым. Бірден сол жақ қанаттағы киіз үйлерге бет бұрдық. Халық қарасы көп жиналған екен. Сөз басында айтып кеткенімдей, былтырғы жылы зиратты қоршау жұмыстары аяқталған соң, «Өлі разы болмай, тірі байымайды» ұғымына сенетін дана халық дүниеден өткен ауыл тұрғындарына арнап құран бағыштап, ас бермек ниетте болған екен. Оған ауылдың 90-жылдығы тұспа-тұс келіп, құран бағыштап, ас беруді осы күнге бекіткен. Асқа аудан әкімі Аймақов Сержан Жанабекұлы қатысып, жақсы шараға ізгі тілегін білдірді.

Астан шыққан қалың жұртшылықпен қоса біз де ауылдың оң жақ қанатына қарай ағылдық. Ол жақтағы жағдай қызу. Ортада «Жастілек - 90-жыл» тақырыбымен үлкен баннер мен мұндалап тұр. Осы  жерде тойдың ашылу салтанаты жарияланды.  Аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері бір жарым сағаттық «Аңсаған менің ауылым!» атты концерттік бағдарлама өткізді. Өнердегі ұстазым, өмірдегі ағам Шыныбектегі Қалиасқар ағамның дауысы шыққан жаққа қарай жүрдім. Сөйтсем «той боладыны» естіген көрші ауылдардан жиналған ер-азаматтар арасында қазақтың ұлттық ойындары  көкпар, арқан тартыс, бәйге ұйымдастырылып,  дүбірлі дода өтіп жатыр,  ұстазым жүргізуші болып бекітілген екен. Ағамның жарқын-жарқын дауысы елді елітіп әкетіп жатты.

Сол күнгі дүбірлі додада оза шапқандар тізімі белгілі болды: кұнан бәйге І-орын Сәбия Диә (аты «Ақжол», Белағаш ауылы);  ІІ-орын Ерсұлтан есімді жігіт (аты «Еркетай», Теміртау қаласы); ІІІ-орын Ильяс есімді жігіт (аты «Асаужүрек», Баянауыл, 40-жылдық).

Топ бәйгеден: І-орын Сатаев Дархан (аты «Дақторы», Жастілек) ; ІІ-орын Карманов Сұңғат (аты «Асылтас», Жастілек), ІІІ-орын Мұрат Ернияз (аты «Марсель», Өспен ауылы).

Көкпар нәтижесі: І-орын «Бәйтерек» командасы (Үштөбе), ІІ-орын «Жастілек» командасы (Жастілек ауылы), ІІІ-орын «Бабай»  командасы  (Үміткер ауылы).

Той арасында ауыл тұрғыны Көрпебаев Дулат есімді азаматтан сұхбат алып үлгердім.

- Осы ауылдың тумасымын. Бүгінгі той біз үшін ерекше. Ауыл болып, әулет болып ақша жинап, ауылымыздың 90-жылдығын тойлап жатырмыз. Біз үшін бұл мәртебе.  Ауылымыздың жастарына алғыс айтқым келеді, басы-қасында жүріп, жас болса да бас болып жүр. Қазір ауылда барлығы 28 үй бар. Бір отбасыдай татумыз. Оқылып жатқан құранымыз қабыл болып, тойымыз құтты болсын! - дейді.

Жастілек ауылын жоғарыда айтып өткен кітапта «Перспективасы жоқ ауыл» деп бағалаған екен кезінде. Бірақ алақандай ғана ауылдың санаулы ғана тұрғыны ата-бабаларының кіндік қаны тамып, өздерінің бақытты балалық шақтары өткен жерді ол сөзге қимайтын сияқты. Оған осы той дәлел.

Егерде әр адам өз өлкесінің тарихын біліп, қадіріне жетсе, онда ол елде жетелі ұрпақ өседі. Бүгінгі күн - ертеңгі тарих, ал өз елінің тарихын білу нағыз патриоттық. Патриот ұрпағы бар ел ешқашан өшпек емес.

А.Ерубаева

Торжановтың суреттерінде: дүбірлі мерекелік шараның айтулы сәттері; А.Әлидің құттықтауы; көрермендер; марапаттау; аудан өнерпаздары.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?